Өрт қауіпсіздігін сақтау - өзекті мәселе

Өрт қауіпсіздігін сақтау - өзекті мәселе
ашық дереккөз
Өрт қауіпсіздігін сақтау - өзекті мәселе
Жылыту маусымы – бұл әдетте өрттің болу себептері көбейетін уақыт. Себебі, пештер немесе басқа да жылыту құралдарын пайдаланатын кезең. Жыл сайын жылыту маусымы басталғаннан бастап тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттердің саны артып келеді. Олардың себептері, көбінесе, жылыту жүйелері мен қондырғыларын пайдалану, пешпен жылыту, электр желісін шамадан тыс жүктеу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу, сондай-ақ қарапайым немқұрайлылық болып табылады. Сондықтан да жылыту маусымында өрттің алдын алу, жалпы қарапайым талаптарды орындау өте маңызды. Мәселен, пеш тек жылу беру көзі емес, сонымен қатар оны дұрыс пайдаланып, қауіпсіздік қағидаларын сақтамаған сәтте өрт туындау қаупі бар екенін ұмытпау керек. Әсіресе, улы газ қауіпті, өйткені оның түсі мен иісі жоқ.

ЖЕКЕ ҮЙЛЕРГЕ 19 МЫҢДАЙ ДАТЧИК ОРНАТЫЛДЫ

Биылғы 1 маусымнан бастап республика бойынша улы газбен уланудың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың және жанашыр кәсіпкерлердің қолдауымен халықтың әлеуметтік осал топтарының жеке тұрғын үйлеріне 18709 газ анықтау датчигі, соның ішінде 4494 табиғи газдың, 11599 улы газдың және 2616 түтін датчиктері орнатылған. Жалпы, ақаулы жылыту аспаптары мен газ жабдықтарын пайдалануға тыйым салынатынын ұмытпаған жөн. Мамандар өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстану өзіңізді және жақындарыңызды сақтаудың бірден- бір кепілі екендігін ескертеді. Сондықтан, пештерді жылыту кезеңіне дайындаудан және алдын алу жұмыстарын жүргізуден басқа, үйдегі қауіпсіздік үшін қауіпті газ концентрациясына жауап беретін және үй иелерін арнайы сигналмен уақтылы ескертуге мүмкіндік беретін түтін және көміртегі тотығы датчиктерін орнатқан жөн. Көміртегі тотығы датчиктері бүгінде жиі кездеседі. Пешпен жылытылатын үйлердің тұрғындары үшін сенсор қысқы маусымға дайындық кезінде ең маңызды нүкте бола алады. Өйткені, пеш – қауіптің жоғары көзі.

ТҰРҒЫН СЕКТОРДА 500-ДЕН АСА ӨРТ ТІРКЕЛДІ

Елімізде жылыту маусымы басталғаннан бері (5 қазаннан бастап) тұрғын секторларда 528 өрт оқиғасы тіркелген. Жылыту пештерінің және газ жүйелерін қолдану кезінде улы газбен улану оқиғалары да орын алды. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жылыту маусымы кезеңінде артатын қауіптерді жиі еске салып, еліміздің барлық тұрғындарын үйлерде келеңсіздіктерді болдырмауға көмектесетін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Халықтың өртке қарсы мәдениетін арттыру мақсатында тұрғын үй секторында жылыту маусымына дайындық кезеңінде 15 тамыздан 13 қазанға дейін тұрғындарға пештерді, электр жылыту аспаптарын орнату кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын және өрт туындаған кездегі іс-қимылдарды түсіндіру бойынша «Өрт қауіпсіздігі акциясы» өткізілді. Аталған қауіпсіздік акциясы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 130 мыңнан астам отбасы профилактикалық жұмыстармен қамтылып, оның барысында 340 мыңнан астам азаматқа тиісті нұсқау берілді. Сонымен қатар, профилактикалық жұмыстар өткен жылыту маусымдарының тәжірибесіне сүйене отырып, автономды жылыту жүйелерімен байланысты төтенше жағдайларға бейім тұрғын үйлерді қамтыды. 600 мыңнан астам үйдің ауласын аралаған төтенше жағдайлар қызметінің мамандары 1 миллионнан астам азаматқа нұсқау беріп, сақтық шараларын сақтау ережелерін түсіндірді. Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің гарнизондары жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметкерлерімен, еріктілермен және басқа да мүдделі органдармен бірлескен профилактикалық рейдтік іс-шараларды, тұрғын үй секторын аралау жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. Көбінесе азаматтар тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып, мұржаларды, түтін құбырларын күйеден тазартудың қарапайым ережелерін елемейтінін, су жылытудың кеңейту цистернасын оқшаулаудың сенімділігін қамтамасыз етпейтінін айта кеткен жөн. Жылыту аспаптары мен түтін мұржаларының беттері шаңнан және басқа да жанғыш қалдықтардан жүйелі түрде тазалануы тиіс. Мұржаны уақтылы тазаламау түсі де, иісі де жоқ көміртегі тотығымен улануға әкелуі мүмкін. Балаларға пештерді өздігінен жағуды тапсыруға болмайды және оларды қараусыз қа лдырмаған жөн. Өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстанғанда ғана сіз өзіңізді және жақындарыңызды қауіптен сақтай аласыз.

БАЛАЛАРДЫҢ ОТПЕН ОЙНАУЫ 209 ӨРТКЕ СЕБЕП БОЛДЫ

Биыл өткен он айда еліміз бойынша 9057 өрт тіркелді. Оның 209-ы балалардың отпен ойнауы себебінен орын алған, бұл жалпы өрттің 2,31 пайызын құрайды. Көбінесе, балалардың отпен араласуына байланысты жағдайлар оларды ересектер қараусыз қалдырған кездері пайда болады. Сондықтан, азаматтық қорғау саласының мамандары тұрғындарды тұрмыста бірқатар қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Мәселен, сіріңке мен тұтандырғышты балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз. Егер қажет болса, балалар оларды биіктеу жерден де алуы мүмкін. Сол үшін балаларға жалын деген ойыншық емес, ол тамақ пісіріп, жылу беретін құрал екенін, мұны тек үлкен адамдар ғана пайдаланатыны туралы үйретіңіз. Балаңыздан сіріңке мен тұтандырғышты әперіп жіберуін сұрамаңыз. Балалар үлкендерге қарап, олардың ісін қайталайтынын ұмытпаңыз. Кішкентай балаңызды олардың тауып алған сіріңкелері мен тұтандырғыштарын сіздерге қайтарып беруге үйретіңіз әрі мұндай жауаптылық көрсеткіші үшін оларды мақтап қою да артық болмайды. Отпен ойнау салдарынан болған оқиғаларды назардан тыс қалдырмаңыз. Атап айтқанда, күйген киім, қалталарында жүрген сіріңкелер мен тұтандырғыштар. Өрт хабарлағыштарын орнатып, оларды отбасы мүшелерімен бірге үнемі тексеріп тұрыңыз, қуат беретін батареясын ауыстырыңыз. Балаларды өрт шыққан кезде үйден қалай эвакуациялау жоспарын дайындауға тартып, олармен бірге осы жоспарға сәйкес іс-қимыл жасауға жаттығыңыз. Бір сөзбен айтқанда, балаларды үнемі қадағалап, оларды тіпті аз уақытқа да жалғыз қалдырмауға тырысқан жөн.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар