- Advertisement -

Жүзеге асқан жобалар жетерлік

47

- Advertisement -

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар өндіріс ошақтарымен қатар кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты. Әуелі аймақ басшысы аудандағы «QAZAQSODA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған зауыт жылына 400 мың тонна кальцийлендірілген сода өндіре алады. Серіктестік басшысы Рамазан Ибраимовтың айтуынша, жобаның құны 325 миллион АҚШ долларын, теңгемен 123,5 миллиард теңгені құрайды екен.

Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Жобаны ұсынушы – «Yildirim Holding Kazakhstan» компаниясы. Жобаның екінші кезеңінде қуаттылықты 1 миллион тоннаға дейін арттыру көзделуде.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Ақкөл көлінен бастап аталған зауыт шекарасына дейін су таратқыш жобасының құрылысын көрді. Мердігер «FORTIS» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан су таратқыштың өткізу қабілеті сағатына 1000 текше метрді құрайды. Ұзындығы – 43 километр. Бүгінге дейін ор қазылып, су алуға арналған құбыр жеткізіліп, 36,2 километр монтаждау жұмыстары атқарылған.

Облыс әкімі инвесторларға жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беру керектігін атап өтіп, мемлекет, жергілікті билік тарапынан қажетті қолдаулар жалғасатынын жеткізді.

Ербол Қарашөкеев ірі жобаның аумағынан шикізатты пайдалана отырып, жергілікті кәсіпкерлердің дайын өнім шығаруға бағытталған орта және шағын жобаларды жүзеге асыру маңыздылығын баса айтып, бұл тұрғыдағы мүмкіндіктер мен жоспарлы шараларға қанықты. Зауыт маңынан құрылатын арнайы аймақта 10 шақты шағын жобаны жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін алға тартқан аймақ басшысы бұл жұмыстарды үйлестіруді аудан басшылығына нықтап тапсырды. Сонымен қатар, жауаптыларға су таратқыштың құрылысын сапалы әрі уақтылы жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Бұдан соң облыс әкімі Жаңаталап ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.

Аймақ басшысы әуелі облыста атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

– Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен экономикалық өсім 101,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнім көлемі 3,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 3,2 пайызға, негізгі капиталға салынған өнімнің көлемі 2 пайызға артып, 50,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сарысу ауданында да бірқатар жобалар іске асырылып, ел игілігіне жұмсалуда. Атап айтқанда, 2022 жылы 6,7 миллиард теңгеге 26 жоба іске қосылса, биыл 13,7 миллиард теңгеге 38 жоба жүзеге асуда. Ал, Жаңаталап ауылдық округінде 2 жылда 297 миллион теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылды, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан соң ауылдық округ әкімі Темірлан Абдраев атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, ауылдық округте 92 шаруа қожалығы тіркелген, оның 12-сі мал шаруашылығымен айналысады, қалған 80-і егін шаруашылығы мақсатында тіркелген. Ауылдық округте 138 жеке кәсіпкер бар десек, оның 100-і «Ауыл аманаты» жобасы аясында беріліп жатқан 2,5 пайыз несиеге өтінім берген. Өз кезегінде тұрғындар да көкейдегі өзекті сауалдарын жолдап, жауаптар алды.

Келесі кезекте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жаңатас қаласының орталық қазандығының жұмысын көріп, ағымдағы жылыту маусымының өту барысын тексерді. Қазандыққа мазут зауыттан теміржол арқылы жеткізіледі. 8 теміржол цистернасын қабылдайтын мазут қабылдап құю эстакадасы жұмыс істеуде. Қазандықты газға ауыстыру бойынша осы жылға 620,4 миллион теңге (жалпы жоба құны 4,2 миллиард теңге) қаралған. Ол бойынша мемлекеттік сатып алу ашық конкурсын өткізу бойынша тиісті басқармаға өтінім беріліп, қазіргі уақытта тиісті мердігер анықталған. Келісімшарт жасалып, тіркелген.

Облыс әкімі тиісті отынның жеткізілу барысын сұрап, жылыту маусымы еш кедергісіз өту керектігін, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қажетті жылумен үздіксіз қамтылуын баса назарда ұстауды тапсырды.

Бұдан кейін Ербол Қарашөкеев аудандық орталық аурухананың жұмысын көріп, жаңа ғимараттың құрылыс жобасымен танысты. Дәрігерлермен, емделушілермен сөйлескен аймақ басшысы мекеме басшылығы мен қызметкерлеріне келушілерге сапалы қызмет көрсету керектігін баса айтты. Бас дәрігер Айнұр Каликова нысан ескіргеніне назар аудартты. 500 келушіге арналған аурухананың жаңа ғимаратын салу үшін Жаңатас қаласы, Әулие ата көшесінің бойынан талапқа сай жаңа ғимарат соғуға 5 гектар жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығы беріліп, акт толығымен алынған. Аудандық аурухана тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша облысқа бюджеттік өтінім берілген.

Облыс әкімі М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясына да барып, жұмысын тексерді. 1600-ден астам бала оқитын білім ошағы 1977 жылы іргесі қаланса, биыл күрделі жөндеуден өткен.

Аймақ басшысы оқу кабинеттерін аралап, оқушылармен әңгімелесіп, ыстық тамақтың сапасына айрықша көңіл бөлді. Жауаптыларға балаларға берілетін тағамның құнарлылығы мен сапасы, қауіпсіздігі тұрақты түрде жіті бақылауда болу керектігін қатаң ескертті.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданына жұмыс сапары барысында Жаңатас қаласындағы бірінші шағынаудандағы №60 үйдің кілтін тұрғындарға табыстау рәсіміне қатысты. Қайта жаңғыртудан өткен тұрғын үйде 2 бөлмелі 44 пәтер, 3 бөлмелі 8 пәтер, 4 бөлмелі 4 пәтер бар.

Облыс әкімі қоныстой иелерін қуанышымен құттықтап, облыс көлеміндегі баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарында. «Баспана – бақыт шамы» демекші, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға және халықтың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Біз пәтер кезегінде тұрған облыс тұрғындарының санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Мәселен, өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 693,5 мың шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты. Ал, биыл облыс бойынша 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй беруді көздеп отырмыз. 2022 жылы 28 тұрғын үй пайдалануға берілсе, осы жылы 41 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңгеге тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылар санатына 797 пәтер сатып алу жоспарлануда, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бүгінде аудан орталығындағы пәтер кезегінде 1638 адам тұрғанын атап өтіп, қала тұрғындарын баспанамен қамту бойынша аудан әкіміне нақты міндеттер жүктелгенін жеткізді. Жалпы, биылдың өзінде Жаңатас қаласында жаңғыртудан өткен 160 пәтерлі үш үй сатып алынып, пайдалануға берілмек. Бұдан соң пәтер кілттері табысталып, қонақтар үйлерді аралап көрді.

Келесі кезекте Ербол Қарашөкеев «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіп өнімдерін өндіру зауытының жұмысымен танысты. Аймақ басшысы Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және күрделі минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылыс-жобасын көрді. Жобаның жылдық қуаты 660 мың тонна фосфор кенін өңдеу. Жалпы зауыт 640 мың тонна фосфор ұны, 1 миллион тонна минералды тыңайтқыштарды өндіре алады.

«ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-де 253, «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-де 248 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда жобаның бірінші кезеңі аяқталып, фосфорит кенін өндіруге және алғашқы өңдеуге арналған жобалық қуаттылыққа қол жеткізілген. Ендігі кезекте екінші кезеңі бойынша жоспарлау, жобалау жұмыстары жүруде. Жер жұмыстарының нөлдік циклы басталған.

Бұдан соң облыс әкімі «Жаңатас жел электрстанциясы» ЖШС-нің қызметіне қанықты. Түркістан ауылдық округінде орналасқан кәсіпорын 2021 жылы іске қосылған. Орнатылған 40 жел трубинасының жалпы қуаттылығы 100 мегаватты құрайды. Толықтай автоматтандырылған кәсіпорында 30 адам жұмыспен қамтылған, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.

Бүгінгі таңда жобаның екінші кезеңі – «Шоқпар» жел электр стансасы бойынша 22 жел трубинасы орнатылып, іске қосу шаралары орындалуда. Нәтижесінде, жалпы қуаттылық 200 мегаватқа дейін артпақ.

Аймақ басшысы алдағы уақытта қуаттылықты арттыру бойынша тағы да жобаларды қолға алу маңыздылығын, ол бойынша жергілікті билік тиісті қолдауларды көрсетуге дайын екендігін атап өтті.

Келесі кезекте Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Ербол Қарашөкеев Жаңарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.

Ауылдық округтің әкімі Қуандық Алдарбегенов есеп беріп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Облыс әкімі жергілікті жерлерде шағын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту шараларын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Бұл әкімдердің жұмыс көрсеткішіне қойылатын негізгі талап болатынын баса айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылдықтардың түрлі сауалдарына облыстық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауап берді.

 

Нұрдәулет АСАН

Сарысу ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support