- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

16

- Advertisement -

Газада қаза тапқандар саны 10 мыңға жуықтады

Газаның Денсаулық сақтау министрлігі соғыс кезінде қаза тапқандар туралы жаңа деректі жариялады. Израильдің Газа секторына жасаған шабуылынан 7 қазаннан бері 9488 адамның өмірі қиылған. Қаза тапқандар арасында кем дегенде 3900 бала бар.

Газа Денсаулық сақтау министрлігі – Палестина анклавында қаза болғандар мен жараланғандар саны жайлы дерек тарататын жалғыз ақпарат көзі. Өзге ұйымдардың бұл мәліметті тәуелсіз тексеруге мүмкіндігі жоқ.

Израиль мен Ливанның да арақатынасы ушығып кетті. Қос ел шекарасында оқ атылып, жарылыс болды. Мұнсыз да мәз емес Газа секторы үшін бұл ахуалды күрделендіре түсті. Мұнда жанармай жетіспеушілігінен су тапшылығы қатты сезіліп жатыр. 1,5 миллионға жуық тұрғын амалсыз қоныс аударуға мәжбүр. Бұл туралы БҰҰ хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, 700 мың халық ұйым қолға алған уақытша баспаналарды паналап жүр. Бірақ онда ине шаншыр жер жоқ, адамға лық толы. Мұнан бөлек, тұрғындарға азық-түлік, ауыз су және дәрі-дәрмек жетіспей жатыр.

Палестинаны қолдауға арналған митингтер өтуде

4 қарашада Ұлыбритания, Франция, АҚШ пен Германия және Түркия қалаларында мыңдаған адам Палестинаны қолдау мақсатында митингке шықты. Олар Газа секторына оқ атуды тоқтатуды талап етіп, Израиль армиясын сынға алды.

Осы күні Израиль тұрғындары да үкімет резиденциясының алдына жиналып, премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың отставкаға кетуін талап етті. Полицияның хабарлауынша, 11 адам қамауға алынды. Полицейлер Ұлыбританияның заңнамасына қайшы келетін, алауыздық тудыратын плакаттар анықтағанын айтты.

Вашингтонда тұрғындар Палестина туын көтеріп, көшелерімен жүріп өтті. Парижде Палестинаны қолдауға арналған рұқсат етілген алғашқы митинг өтті. Ыстамбұл мен Анкарада жүздеген наразылық білдіруші АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің келмеуін талап етті. Берлинде Палестина жалауларымен жүздеген адам жиналды, олар Газа секторына оқ жаудыруды тоқтатуды талап етті.

Заңсыз мигранттарға қатаң шара қолданыла бастады

Пәкістан полициясы құжатсыз жүрген мигранттарға қатаң шара қолдануға кірісті. Осы мақсатта арнайы операция жүріп жатыр.

Қолға түскен кірмелер уақытша тұрақтау лагерьлеріне жеткізілуде. Жан-жақтан тексерістен өткендері дереу еліне қайтарылмақ. Полиция осы сәтке дейін 900-ге жуық үйді тінтіп шыққан. Билік заңсыз мигранттардың жартысынан астамы ауған азаматтары дейді. Олардың басы 1970 жылдары келген көрінеді.

Санкцияны алып тастауға шақырды

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 31-ші рет АҚШ-ты Кубаға қарсы санкцияларды жоюға шақырды. Қарарды 187 мемлекет, оның ішінде Қазақстан да қолдады. АҚШ пен Израиль құжатқа қарсы дауыс берді, Украина қалыс қалды.

Бас ассамблея 31 жыл қатарынан АҚШ-тың Кубаға қарсы блокадасын жоюға шақыратын қарарлар қабылдаған. 1992 жылы оны 59 мемлекет, 2017 жылы 191 мемлекет, 2022 жылы 185 мемлекет қолдады. 2016 жылы ғана АҚШ қарсы шықпай, қалыс қалды.

Ассамблея сессиясында сөйлеген делегаттар Кубаға қарсы эмбаргоның заңсыз екенін айтып, бұл БҰҰ жарғысын бұзу деп мәлімдеді. Олар блокаданың Куба халқына орасан зор шығын әкелетінін атап өтті, соның кесірінен тұрғындар кірістер мен қажетті заттардан, соның ішінде дәрі-дәрмектерден айырылды. АҚШ Куба халқының алдында тұрған қиындықтарды мойындады. Сондықтан азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да гуманитарлық тауарлар санкция режимінен шығарылатын болды.

Еске салсақ, АҚШ-тың Кубаға қарсы экономикалық санкциялары 1960 жылдан бері жалғасып келеді. Ол Куба Америка азаматтары мен корпорацияларының мүлкін иеліктен шығарғаннан туындаған.

Жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артты

4 қараша, сенбіге қараған түні Непалда болған 6,4 балдық жер сілкінісінен опат болғандар саны 157-ге жетті. Тағы 187 тұрғын жараланған.

Табиғи апат аумағында іздеу-құтқару жұмысы әлі жүріп жатыр. Жергілікті билік жапа шеккендер саны артуы мүмкін екендігін айтуда. Зілзала ошағы осы елдің астанасы Катмандудан 500 километрдей жерде тіркелген. Жерасты дүмпулері Үндістан астанасы Нью-Делиде де сезілді.

Жалпы, Непал сейсмикалық белсенді аймақта орналасқандықтан, жиі жер сілкінеді. 2015 жылы екі жойқын зілзаладан 9 мың адам көз жұмған еді.

Делидегі ауаның ластығы шектеуден асып түсті

Үнді қаласындағы ауа сапасының индексі 500-ге жетті. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасынан 100 есе жоғары көрсеткіш.

Ауа сапасының қазіргі жағдайына байланысты Дели билігі мектептерді жабуға мәжбүр болды. Кейінгі аптада көршілес Харьяна және Пенджаб штаттарында егіс науқаны кезінде егістіктерін өртеп жіберген фермерлер санының артуына байланысты қаладағы ауа сапасы нашарлады. Кейінгі күндері Пенджабта фермадағы өрттер 740 пайызға өскен. Бір күнде мыңнан астам өрт тіркелген. Қаланың ластануының басқа себептеріне көліктердің шығарындысы, құрылыс және қалдықтарды өңдеу зауыттарындағы қалдықты өртеу жатады.

Шамамен 33 миллион адам тұратын Дели әлемдегі ең ластанған қала ретінде тұрақты айтылып келеді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support