- Advertisement -

Ербол Қарашөкеев: Басты талап – халықтың әл-ауқатын жақсарту және өзекті мәселелерді шешу

30

- Advertisement -

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде өңірдің  әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және бюджеттің атқарылуы туралы мәселелер қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында жалпы өңірлік өнім 1 290,7 млрд.теңгені құрап, 6,1 пайызға артқан. Экономикалық өсім – 1,3 пайыз.

Ал, тоғыз айда өнеркәсіп өнімінің өндірісі 3,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6 пайызға, тұрғын үй — 0,2, сауда – 2,5, байланыс – 8 пайызға артып, ауыл шаруашылығы – 7 пайызға төмендеген. Көлік қызметі өткен жылғы тиісті кезеңдегі деңгейде қалыптасты.  Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өсім 2 пайызға өсіп, 314,2 млрд. теңгеге жетті. Өнеркәсіп саласында 634,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, оң динамика жалғасуда.

Сондай-ақ, басқарма басшысы республикалық деңгейден төмен қалыптасқан көрсеткіштерді, кемшіліктерге жол беріп, тиісті нәтижеге қол жеткізе алмаған басқармалар мен аудандарды да ашып айтты.

Облыс әкімі жұмысы сылбыр басшылардан жауаптар алып, жыл қорытындысымен кемшіліктерді реттеуді тапсырды. Аймақ басшысы моноқалалар бойынша әзірленген арнайы кешенді жоспардың орындалуы барысына арнайы талдау қажеттігін баса айтты.

Басқосу барысында қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек осы жылдың бірінші қазанына сәйкес облыс бюджетінің кірістері 427,4 млрд. теңгеге немесе 103,9 пайызға орындалғанын жеткізді.

Меншікті кірістер жоспары 117,8 пайызға орындалса, жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 433,3 млрд. теңгеге немесе 99,9 пайызға игерілген. Бұл – республика бойынша 3-көрсеткіш болып табылады.

Жиында Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековтің, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің де есебі тыңдалды.

Ербол Қарашөкеев экономиканың негізгі салалары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестицияға айрықша назар аударып, нақты инвестиция тарту бойынша жұмыстарды күшейту керектігін атап өтті. Ірі инвестициялық жобалардың жанынан жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, шағын және орта жобаларды жүзеге асыруды ұйымдастыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту шараларының маңыздылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, аудандарда арнайы экономикалық аймақтар құру, бюджет шығындарын тиімді игеру, өңірлердің әлеуетін ұтымды пайдалану керектігіне де айрықша көңіл бөлді.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы суармалы алқаптарды кеңейтуде облыстың жер асты су қорын игере отырып, ұңғымалар қазу, су үнемдеу технологияларын көптеп енгізуге басымдық берді.

Кеңейтілген мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша орындаушылық тәртіп барысы қаралды.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Рүстем Қасымов жыл басынан бері берілген тапсырмалардың орындалуы, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы секілді бірқатар көрсеткіштерді баяндады.

Облыс әкімі барлық бағыттағы жұмыстардың көрсеткіші бойынша жыл қорытындысымен тиісті шешімдер қабылданатынын ескертті.

— Қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, облыс экономикасына әсерін тигізетін негізгі салалардың жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуіміз қажет.

Халықтың табысын арттыруға, жұмыссыздыққа жол бермеу бағытында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын тиімді пайдалана отырып, облыс экономикасын одан әрі дамыту жолында қаралған міндеттерді  жүзеге асыруымыз керек.

Инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаржылардан жергілікті кәсіпкерлер шет қалмауы тиіс. Ол үшін жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын арттыру маңызды. Орындаушылық тәртіп мәселесіне аса көңіл бөліңіздер. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрғындарды толғандыратын және облыстың өзекті мәселелерін шешуге, өңіріміздің дамуына бағытталған жұмыстарды белсенді атқаруымыз қажет, — деп түйіндеген Ербол Қарашөкеев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына халықпен нәтижелі әрі сапалы кері байланысты нығайта түсуді тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аудартып, бір көзден сатып алуларды тоқтату қажеттігін баса айтты.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support