- Advertisement -

Сайлауалды бағдарламалар сөз жүзінде қалмауы тиіс

19

- Advertisement -

«Amanat» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтіп, тиісті басқарма басшылары мен фракция мүшелері қатысқан жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров өңірде сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысын баяндады.

Айта кетейік, облыста Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қарашадағы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы аясында «Әділетті мемлекет», «Әділетті экономика», «Әділетті қоғам» атты 3 бағыты белгіленсе, «Amanat» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салалары қамтылып, 5 басым бағыт айқындалған. Аталған бағыттар бойынша өңірде ілкімді істер мен нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Әрине, бағдарламалардағы басымдықтар белгілі мерзімді қамтитындықтан, алда атқарылатын жұмыстардың ауқымы да кең. Сондықтан, басқосуда Нұржан Сәбитұлы келер жылы жүзеге асатын жұмыс жоспарларымен де бөлісті.

– Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының «Саяси жаңғыру» міндетін іске асыру аясында, партиялық тізімдер мен бір мандатты округтер бойынша қалыптастырылуын қамтамасыз ете отырып, Парламент пен мәслихаттардың жаңа сайлау жүйесінің негізінде сайлау өткізілді. Қала және аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге қатысты тапсырмасына сәйкес, пилоттық режимде Жуалы және Т.Рысқұлов аудандары әкімдердің сайлауы өтетіні айқындалып, ол 5 қарашаға белгіленді. Бүгінге 15 кандидат құжат тапсырып, 7-і тіркелді. Кандидаттар 10 қазаннан бастап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Мемлекеттің әділетті және айқын экономикалық саясатына келсек, өңірге 314,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 2 пайызды құрады. Жалпы, биыл өңірге 572,2 миллиард теңге инвестиция тарту көзделуде. Жыл басынан 39,2 миллиард теңгенің 7 жобасы іске асырылып, 210 жұмыс орны құрылса, 2026 жылға дейін 1,4 триллион теңгеге 4,1 мың жұмыс орнын құра отырып, ірі 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 2026 жылға дейін кемінде 98 миллион АҚШ долларын құрайтын тікелей шетелдік инвестиция тарту белгіленген. Шағын және орта кәсіпкерлердің саны 1,3 есеге артып, 157,1 мың адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығы саласында 4,2 миллиард теңгеге 3 жоба іске асырылып, 92 жұмыс орны құрылды. 2025 жылға дейін 13 су қоймасының құрылысы жүргізілмек. Одан бөлек, қолданыстағы 4 су қоймасын, 238 су нысанын қайта жаңғырту, 54,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, 543 ұңғыма қазу жоспарлануда.

2019 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Жобаның 5 бағытын қаржыландыруға республикалық бюджеттен бөлінген жалпы қаражаттың 32 пайызы Жамбыл облысына тиесілі. Атап айтқанда, 2019-2023 жылдары 42,3 миллиард теңге бөлініп, 50 ауылдық округте 11 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастады. Баламалы электр қуатын өндіретін 21 жоба жұмыс істеуде. Жыл басынан бері 501,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жыл соңына 2364 пәтерлі 42 үйде қоныс тойы тойланбақ. 297 ауыл ауыз сумен қамтылса, табиғи газға 371 елді мекеннің 274-і қосылған. Биыл тағы 11-і табиғи газбен қамтылады, – деді баяндамашы.

Нұржан Сәбитұлы облыста жаңа цифрлық мүмкіндіктер, қолжетімді және сапалы білім, заманауи медицина, әлеуметтік қорғау, ортақ құндылықтар мен мәдениет бағыттары бойынша атқарылып жатқан және алда жүзеге асырылатын жұмыстарға да тоқталды. Мәселен, өңірдегі елді мекендердің 147-сі төмен жылдамдықты, 220-сы жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен, ал 191-і талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Білім саласына 314,7 миллиард теңге қаражат бөлінді. Жыл басынан 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 17 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде жоспардағы 9 мектептің 2-і пайдалануға беріліп, 8 білім нысаны күрделі жөндеуден өтті. 70,6 мың бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Денсаулық сақтау саласында 21 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында. 11 нысан күрделі жөндеуден өтуде.

Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 56,6 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 25,8 мыңы жастар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 15 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Тұрғындардың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес бастамаларды іске асыруға 724,2 миллион теңгеге 525 азаматқа гранттар берілді. Бүгінде әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары 134 нысанда толығымен аяқталды. 6 қазанда Тараз қаласында 150 орындық жаңа заманауи оңалту орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл мәдениет саласына 13,3 миллиард теңге бөлініп, 14 нысанның құрылысы және 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір облыста 23 спорт нысанының құрылысы жүріп, бүгінде 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 24 заманауи спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 12 спорт нысанын және 14 ауылда заманауи спорт алаңшасын қолданысқа беру жоспарлануда.

Жиында фракция мүшелері Ерұлан Мағзымбеков, Керімқұл Бегалиев, Дамир Ташқараев, Гулам Омаров, Айтбала Жолмаханова және тағы басқалар түйінін тарқатуды қажет ететін бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, Жуалы ауданының Қайрат ауылындағы құрылысына 222 миллион теңге қарастырылған клубтың бүгінде тек 70 пайызы аяқталған. Мердігер жұмысына жүрдім-бардым қарағандықтан, бірқатар олқылықтарға жол берілген. Облыстық әкімдік тарапынан жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде мердігер өз лицензиясынан айырылған. Дегенмен, бастаған жұмысты соңына дейін жеткізуі міндеттелген. Сол секілді Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылына ауыз су жүргізу жұмыстарында да мәселе бар. Мердігер екі жыл бұрын су құбырларын жүргізгенімен, онда тіршілік нәрі әлі күнге жоқ. Бұл мәселе алдағы уақытта облыс деңгейінде қаралатын болады. Бұдан өзге, аймақта нәтижелі жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының мал бордақылау бағыты, аудандардағы полиция пункттерін материалдық-техникалық жағынан оңтайлы қамтамасыз ету, нысан құрылыстарын тиімді жобалау бойынша ұсыныстар берілді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support