Ерікті болу - ерлік

Ерікті болу - ерлік
ашық дереккөз
Ерікті болу - ерлік
Волонтер болу патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын үлгісі. Бұл адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлесін қосып келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: – Қазақстанда еріктілер қызметі жан-жақты дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатыр. Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Олардың табанды жұмыстарын жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын. Еріктілердің рөлі айрықша. Бүгінде олар қоғамның түрлі саласында белсенді жұмыс істеп жүр. Қазақстанда 2020 жыл – Еріктілер жылы болды. Біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны үш есеге өсті. Яғни, 680 ұйым бар. Еріктілер саны 200 мыңға жетті, – деп отаншылдықтың жарқын көрінісін көрсетіп жүрген еріктілерді үнемі қолдайтынын айтқан болатын. Осыған орай, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Ерікті болу – ерлік» тақырыбында дөңгелек үстел форматында жастармен кездесу өтті. Волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау стандартын енгізу мақсатында өткен жиынға «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің аймақтармен байланыс бойынша жетекшісі Ақерке Құсанова, бірлестік сарапшысы, волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау стандартының әзірлеушісі Елена Амрееваның жетекшілігімен облыстағы волонтерлік ұйымдардың координаторлары және белсенді жастар қатысты. Жалпы, өңірде осы жылдың өзінде 13 мыңнан астам ерікті волонтерлікпен айналысады. Сонымен қатар, бүгінде облыс аумағында 13 «Жастар ресурстық орталықтары», нақтысын айтқанда, 1 облыстық, 2 қалалық және 10 аудандық орталық волонтерлік қызмет көрсетеді. Волонтерлік ұйымдарға жәрдемдесу, олардың қызмет етуіне көмек және қолдау көрсету мақсатында өткен кездесуде аймақтағы волонтерлік ұйым өкілдері атқарып жатқан жұмыстарымен, ерікті жастардың басты мәселелерімен, атап айтқанда, оларды жұмыспен қамту, қаржылық жағдайын жақсарту, мотивация беру, ерікті студенттердің волонтерлік жұмыс пен оқуды қатар алып жүруі сынды мәселелер айтылды. Жиыннан кейін мамандар мен жастар облыстық волонтер фронт-офисінің салтанатты ашылуына қатысты. Одан кейін волонтерлік ұйымдармен тығыз жұмыс жасайтын мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен жастардың қатысуымен оқыту семинары өтті.  

Назерке СӘНДІБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар