13 мыңнан астам ерікті волонтерлікпен айналысады

13 мыңнан астам ерікті волонтерлікпен айналысады
ашық дереккөз
13 мыңнан астам ерікті волонтерлікпен айналысады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Теміржан Ізтілеуов пен «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің аймақтармен байланыс бойынша жетекшісі Ақерке Құсанованың қатысуымен брифинг өтті. – Облыста волонтерлік қызметті дамыту мақсатында бірнеше ауқымды жоба іске асырылуда. Волонтерлік дегеніміз – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету деп түсінемін. Біздің жастар өте белсенді. Өңірде осы жылдың өзінде 13 мыңнан аса ерікті волонтерлікпен айналысады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық ресурстық орталықтардың жанынан 11 волонтерлік топ құрылған, – деді Теміржан Серікұлы. Биыл волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында облыс бойынша 12 бағытты қамтыған 1126 іс-шара өткізіліп, оған 16 мыңнан аса жас қатысқан. Былтыр жас буынның әлеуметтік жобаларын, жаңа бастамаларын қолдау және дамыту мақсатында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» бөлімі ашылған болатын. Бөлімнің қолдауымен 50-ге жуық жас түрлі бағытта жоба жазуға оқытылып, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» 300 және 500 мың теңгелік республикалық шағын гранттарына қатысқан. Оның 28-і жас грант иегері атанған. Осы жылы «Шағын гранттарға қатысу, жобалар жазу» және өңірдегі волонтерлікті дамыту бойынша 6 білім ордасында бастамашыл топ өкілдеріне 20 оқыту іс-шаралары өткен. Шағын гранттар жобасын іске асыру арқылы жастардың жан-жақты дамуы және жаһандық азаматтықты жандандыру мақсатында ұйымдастырылған оқытуға облыс волонтерлері, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің, Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының студенттері мен түрлі ұйымдардың белсенділері қатысқан. Оқытуларға барлығы 350-ден аса жас қатысып, түрлі бағыттар аясында облыста барлығы 15 шағын грант жеңіп алған екен. Бағдарламаның өңір жастары үшін маңыздылығын ескере отырып, келесі жылы бұл жоспарды ұлғайту көзделуде. «Жастар ресурстық орталығы» жақында «Қоғам сақшысы» атты іс-шара өткізген болатын. Жоба аясында волонтерлер құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге ойын- сауық орындарында, кафе-барларда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында арнайы топ құрамында бір түнгі рейд өткізді. Нәтижесінде осы жылы облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасы қызметкерлерінің және 100- ге жуық жас волонтердің қатысуымен өңірдегі үйлер мен ғимараттардың қабырғаларынан есірткі заттарын жарнамалайтын кодтық сөздер мен байланыс нөмірлері бар граффити жазуларды жою бойынша 20 іс-шара өткізіліп, қала бойынша 700-ден астам жазба жойылған. Сондай-ақ, NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жұмыспен немесе оқумен қамтылмаған 35 жасқа дейінгі жастарға қолайлы жағдай жасау үшін «Zhas project» жобасы іске қосылды. Биыл бұл жоба арқылы еліміздің 20 өңірінде 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грантты ұсына отырып, гранттық қаржыландыру тетігі арқылы іске асырылады деп жоспарланған. Ал, біздің облысымызға 8 грант бөлінген. Шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа құжаттарды қабылдау 22 қазанға дейін жалғасады. Волонтерлік ұйымдар өздері бірлесе отыра түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Одан бөлек, ірі кәсіпкерлермен бірігіп тұрақты түрде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік және қажетті заттармен көмек көрсетуде. Түркия елінде болған үлкен зілзаладан зардап шеккен жандарға осы жылы 10-11 ақпанда облыстық жастар ресурстық орталығы тарапынан құрылған «Aulieata jastary» штабына қала тұрғындары мен волонтерлер жылы киімдер, азық-түліктер мен гигиеналық заттар жеткізіп, ерікті жастармен бірлесе Түркия еліне көмек ретінде жолданды.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар