- Advertisement -

Төтенше жағдайға қаншалықты дайынбыз?

28

- Advertisement -

Қыстың ызғары қайтып, тоң жіби бастады. Алда жаңбырлы маусым – көктем келмек. Қар еріп, жылғалардан су аға бастағанда өзен жағасына жақын орналасқан халықтан маза кете бастайды. Арнасынан асқан қызыл су аясын ба? Кей жағдайда табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұру мүмкін болмай қалады. Алайда, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Ондай салғырттықтың соңы неге әкеліп соғатынын бұған дейін орын алған апаттарға қарап-ақ болжауға болады. Осыған байланысты, Amanat партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, көктемгі су тасқындарының алдын алу және болдырмау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы қаралды.

Жиында кеңес төрағасы Гулам Умаров Amanat партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшелерінен құрылған жұмысшы топ өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу, оны болдырмау мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысына зерделеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Нәтижесінде, облыс әкімдігі тарапынан тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, жедел штаб құрылғаны, сонымен қатар, түрлі табиғи апаттарға байланысты дауылдық ескерту бойынша Тараз қаласы мен аудандарда кезекшілік кестелері әзірленіп, күнделікті облыстағы ахуал бақылауға алынғаны анықталған. Әрине, бұл табиғаттың тосын мінезіне толықтай дайынбыз дегенді білдірмейді. Сондықтан, кеңес отырысында оған тікелей жауапты мамандардың баяндамалары тыңдалды.

Шарада алғаш болып сөз тізгіндеген облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нағима Темірбекова өңірдегі су қоймаларының сыйымдылығы 136,6 миллион текше метрді құрайтынын тілге тиек етіп, бүгінгі күнге су қоймаларында нақты 48,3 миллион текше метр су жинақталғанын айтты. Яғни, 35 пайыз су жинақталып үлгерген. Жалпы, аймақтағы 113 су қойманың 60-ы каналдар арқылы, қалған 53-і еріген қар, жерасты сулары және өзендермен толтырылатын көрінеді.

– Мерзімдік су деңгейінің көтерілуіне орай, қазіргі уақытта су қоймаларының техникалық жағдайы мен келіп-кетіп жатқан судың мөлшері мекеме қызметкерлерімен қатаң түрде қадағаланып отыр. Сондай-ақ, су қоймаларын қалыпты жағдайда ұстау мақсатында жыл сайын су қоймалары мен бөгеттерде ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

Атап айтқанда, былтыр мекеменің теңгеріміндегі су қоймаларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 74,6 миллион теңге бөлініп, 13 су қоймасы жөнделді. Ал, биыл тағы 9 су қойманы ағымдағы жөндеуге 39,7 миллион теңге қарастырылып отыр, – деді Нағима Тұрғынбекқызы.

Өз кезегінде кеңес мүшелері басқарма өкіліне жалпы сыйымдылығы 148 миллион текше метрді құрайтын «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы жөндеуді қажет ететінін жеткізіп, тиісті жұмыстар жүргізу туралы ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, олар каналдарды ретке келтіру бойынша да орамды ойлары мен ұтымды пікірлерін білдірді. Бұдан өзге, Талас және Сарысу аудандарындағы су қоймаларына жөндеу жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе екендігі де баса айтылды.

Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Талғат Ибраевтың айтуынша, өңірде вегетациялық кезеңге дейін тиісті су мөлшерін жинап алуға мүмкіндік бар. Яғни, 472 миллион текше метр су қоры жиналса, Шу мен Мойынқұм аудандарындағы шаруалар үшін ешқандай қиындық туындамайды. Алдын ала болжам бойынша аталған ауданға 300 миллион текше метр ғана су қажет көрінеді.

– «Киров» су қоймасында бүгінгі күні 55 пайыз су жиналды. Қоймаға әлі де су толтырылуда. Суару маусымына дейін 100 пайыз су жинауды жоспарлап отырмыз. Ашығын айтсақ, жылдан жылға су тапшылығы айқын сезіліп келеді. Сондықтан шаруа қожалықтарына суды аз қажет ететін дақылдарды егуге кеңес беремін, – дейді Талғат Қоспанұлы.

Келесі кезекте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков баяндама жасап, өңірдегі елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуінен, тау бөктеріндегі еріген және жаңбыр суларынан орын алуы ықтимал екенін жеткізді.

Нақтырақ айтқанда, Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу аулынан бастап Өрнек ауылына дейін облыстық мәні бар жолда 12 көпірдің және каналдардың су өткізу сыйымдылығы төмен болғандықтан, тұрғын үйлерді су басу қауіпі бар екен. Осы көпірлер мен каналдар жөндеу жұмыстарын талап етуде. Сонымен қатар, Құмарық ауылдық округіндегі Шалсу мен орталық каналдары көпірлерінің су сыйымдылығы төмен болғанына байланысты тұрғын үйлерді су басу қаупі бар.

Ал, Жуалы ауданындағы облыстық мәні бар автожолының Қоңыртөбе ауылынан Көлтоғанға шығатын тұсында М.Құттыбаев көшесіндегі тұрғын үйлерді су басу қаупі бар. Мәселені шешу үшін автожолға су өткелін салу қажет екен.

– Талас өзенінің Тараз қаласы мен және Байзақ ауданындағы Қызыл жұлдыз ауылы тұсындағы автожол көпірінің оң және орта жағы бетон мен тас қалдықтарымен бітелген, өзен суы көпірдің тек шеткі жолағымен ағуда. Осының нәтижесінде Талас өзенінің Қызыл жұлдыз ауылы тұсындағы жағалауы мен автожол көпірінің сол жағындағы топырағы жылдан жылға шайылуда, су ағысын баяулатқыш бетон тосқауылы зардап шеккен, кей жері бұзылып, топырағы опырылған.

Алдағы уақытта Чоң-қақпа (Киров) су қоймасынан тасталған су мөлшері көбейген жағдайда, Талас өзеніндегі Тараз қаласының балансындағы автожол көпірі мен Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылы тұсындағы жағалау және су ағысын баяулатқыш тосқауылының шайылып кету қауіпі бар, – дейді Ералы Нұрғалиұлы.

Өз кезегінде Талас өзенінің Қызыл жұлдыз ауылы тұсындағы автожол көпірінің жағдайы туралы Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил көпірдің жобалық сметалық құжаттары дайындалғанын мәлім етті. Ол бойынша көпірді қайта жөндеуге 2 миллиард теңге қажет көрінеді. Бұл қаражатқа көпір жөнделіп қана қоймай, Талас өзенінің жағалауы абаттандырылмақ. Бұл жұмыстар 2025 жылға жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн.

 

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support