- Advertisement -

Ұлттық дәстүрді ұлықтаған ауыл

27

- Advertisement -

Ынтымағы жарасқан Көкдөнен ауылы Т.Рысқұлов ауданының орталығынан 12 километр қашықтықта орналасқан. Ауылдық округке Көкдөнен, Жақсылық, Құмарық бекеті аталатын үш елді мекен кіреді. Округтің 3773 тұрғыны бар. Мұндағы негізгі кәсіп ауыл шаруашылығы болғанымен, үлкен жолдың бойынан орын тепкенінің пайдасы кәсіпкерлікпен шұғылдануға да ықпал етіп тұр. Мүмкін сондықтан да болар, өткен жылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің барлық бағыттары бойынша оң динамика қалыптасқан.

Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 57498,031 гектар болса, оның 37879 гектары жайылым, 14210,39 гектары егістік, 368 гектары шабындық. Бұл округте 79 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген, алайда 44-і тұрақты жұмыс істейтін ұжымдар.

– Ауылдық округ бойынша 2023 жылдың өніміне 4276 гектар күздік бидай орылып, орташа өнім 10 центнерден, жалпы 42760 тонна өнім алынды. 3394 гектар жаздық арпа орылып, орташа өнім 10 центнер, жалпы өнім 33940 тонна алынды. 2023 жылға 830 гектар егілген мақсары дақылы орылып, түсім 5 центнерден айналды. Ауылдағы 6 ірі шаруа қожалықтар өздерінің пай үлескерлеріне 750 тонна астық өнімін таратып берді. Ауылдық округте барлығы 182 тонна жоңышқа, 65800 тонна сабан, 533 тонна жем қысқы мал азығы дайындалды. Ауылдық округ бойынша 3259 мүйізді ірі қара, 41647 ұсақ мал, 2515 жылқы, 6413 үй құстары бар. Тиісті ветеринариялық емдеу шаралары уақтылы жүргізіліп тұрады.

Ал кәсіпкерлікке келсек, қазіргі күні Көкдөнен ауылдық округінде 15 халыққа қызмет көрсететін шағын орта бизнес нысандары жұмыс істеп тұр. Оның ішінде үшеуі кірпіш зауыты, біреуі көлік бояу орталығы және бір ағаш цехы, 10 азық-түлік дүкені бар. Дүкендердегі негізгі азық-түлік бағаларына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Жеке кәсіпкер Көкдөнен ауылының тұрғыны Қажымұрат Жаттоев дүкен және дәріхана қызметін ашуды жоспарлап, өз қаражатынан 50 миллион теңгеге 2 қабатты ғимарат салып, бүгінде дүкен өз жұмысын бастады, – деген ауыл әкімі Төлеген Атабаев ауыл тұрғындары бірлесіп те біраз істі тындырып жатқандарын айтты.

Көкдөнендіктер асарлатып 300 орындық асхана тұрғызып, ол биыл ашылыпты. Онда негізінен ас тарату, ауызашар беру, ауылдастардың дастарқан басында бас қосуы секілді жиындар өткізіледі екен. Ондағы аспазшылар – мешіт қызметкерлері. Адам басына 200 теңгеден деп бекітілген ас мәзірі де белгіленген. Мәзірге ысырапшылдыққа жол берілмейтін ең керекті және көп шығындандырмайтын қарапайым тағамдар енгізілген.

– Естеріңізде болса, Асқар Мырзахметов облыс әкімі болған кезде «Елдік елге байланысты» атты үндеуінде қаралы жиында да дастарқан тойдағыдай ас та төк болып жайылатыны, ас тарату да бәсеке болып бара жатқаны айтылған еді. Бұл пікір халық арасынан шыққаны және оған тоқтам жасау үшін ортақ мәзір бекітілу керегі көтерілген. Біздің ауыл тұрғындары ондай болса өзіміз асхана салып, ондағы берілетін асты да өзіміз қадағалайық деп осы іс жүзеге асқан болатын. Әрі баратындар үшін де алыс болмасын деп, ауылдың орталығындағы мешіттің қасынан тұрғызылды. Тура осындай асхана округіміздегі Жақсылық ауылында да бой көтерді. Ондағы баға адам басына 250 теңгеден, бұл да халықтың өз шешімі.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары жыл сайын Наурыз мерекесін де ұйымшылдықпен атқарады. Мәселен, Көкдөнен ауылында 7 көше болса, әрқайсысы бір-бір ұлттық салтты көрсетіп, кейінгі кездері көп қолданылмайтын, көнерген дәстүрлер әдемі көрініс табады. Оған жұмсалатын қаржыны да ауылдастар өздері жинайды. Мемлекеттің ақшасынан бөлінбейді. Ал, Көкдөненнің тұрғыны Айтқұловтар әулеті Көкдөненнің орталық саябағына 24 миллион теңге берді. Сол қаржыға саябақтың сырты қоршалып, ішіне алтыбақан, орындықтар қойылды. Жасанды жасыл төсеніш, яғни газон төселіп, гүлзар, тал-дарақ отырғызылды. Street Workout, балаларға арналған ойын алаңы орнатылды. Түгелдей жарықтандырылды, – дейді Төлеген Алпамысұлы.

Айта кетейік, бұл ауылда 437 зейнеткер, 28 «Алтын алқа», 52 «Күміс алқа» иегерлері және 76 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Табысы кедейшілік шегіне жетпейтін 26 отбасының 163 адамына 12,9 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленіп отыр. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет 1 балаға 5538 теңге ақшалай әлеуметтік көмек беріледі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support