- Advertisement -

Ауыл тұрғындарын оқыту басталды

32

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында ел азаматтарының қаржылық сауатын арттырудың маңыздылығын айта келіп, былтырдан бері жүзеге асырылып жатқан Amanat партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өткен болатын. Өткен жылы осы бастама арқылы 11 мыңнан астам азамат қаражатын тиімді басқаруды және шығындарды оңтайландыруды үйренді.

Биыл да бұл жоба өңірде жалғасын тауып, күні кеше аудандарда оқыту курстары басталды. Мәселен, Байзақ ауданы, Мәдімар ауылында аталған бастама қолға алынып, тұрғындар қаржылық сауаттылықтарын арттыруда. Ол курсқа Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов арнайы қатысып, қатысушыларға жобаның мақсат-міндеттерін түсіндірді.

– Сананы тұрмыс билеген бүгінгідей қоғамда азаматтардың қаржылық жағынан сауатты болғандары абзал. Сондықтан өткен жылы Amanat партиясы мен «Қазақстан Халық банкі» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, өңір тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасы басталған еді. Ол бастамамыз өз нәтижесін де берді. Айта кетерлігі, өткен жылы біз «Қазақстан Халық банкімен» ғана бірлесіп жұмыс істедік, биыл тағы екінші деңгейлі 11 банкпен жұмыс атқаратын боламыз, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Айта кетейік, Amanat партиясының облыстық филиалы жоба басталған тұста аймақтың он мың тұрғынын оқыту межесін қойған болатын. Дегенмен, бастаманың тиімділігін түсінген тұрғындар өздері ұсыныс тастаған соң қосымша ауылдық округтерде 5 күндік семинарлар өткізілді. Нәтижесінде жоспар 11 пайызға артық орындалып, 11 215 тұрғын оқытылды.

Осы орайда, білгенімен бөліскен «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының аймақтағы білікті бизнес-тренерлері мен «Қазақстан Халық банкі» қызметкерлерінің табанды еңбегі мен қажырлы жұмысын айта кеткен жөн.

Жалпы, жобаның халыққа берер пайдасы мол болды. Тіпті, бұл жоба жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ерекше тоқталып, Үкіметке аталмыш жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Осы орайда, облыстық қаржы басқармасымен бірлесіп жобалық кеңсе құрылып, жұмысын бастап кетті.

Биыл еліміз бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 150 мыңға жуық адамды қаржылық сауатты арттыру курсынан өткізу жоспарланған. Мұның ішінде, облыста 8 500 тұрғынды оқыту көзделген.

– Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда қолымызда бар қаржыны дұрыс жарата алмаймыз. Оның үстіне, несиені де қай банктен қандай үстемемен алуды да ажырата білмейміз. Сондықтан қаржылық сауаттылық бүгінгі қоғамда үлкен маңызға ие. Бұл бағытта Amanat партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының біз секілді ауыл тұрғындары үшін берері көп деп ойлаймын. Жоба өткен жылы да ауылымызда ұйымдастырылған болатын. Ол кезде уақыттың тапшылығына байланысты курстан өте алмаған едім. Міне, биыл тағы ұйымдастырылып, курстан қаржылық сауаттылығымды арттыруға бел буып отырмын, – дейді Мәдімар ауылының тұрғыны Мейрамгүл Бижанова.

Жобаға биыл бірқатар ерекшеліктер енгізіліп отыр. Атап айтсақ, қаржылық сауаттылық негізін мектеп қабырғасынан бастап оқыту жоспарда. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралдары әзірленді.

Айта кетейік, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ, заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

 

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support