- Advertisement -

Мерейі үстем Мейіркүл

30

- Advertisement -

Қай кезеңде де өзгелерге қашанда үлгі бола білген еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмайтыны ақиқат. Себебі, әр үздік нәтиже мен күрмеуі қиын жұмыстың астарында сол бір жанның табан ақы, маңдай тері жатыр. Өкінішке қарай, біз тек кез келген істің нәтижесін көруге ғана шебер боп алғанбыз. Шын мәнінде, оның сыртында мамандыққа жан-тәнімен берілу, жұмыстың қиындығына төтеп беріп, қызмет ету сынды көзге көрінбес қаншама еңбек жатыр.

Кейіпкеріміз Мейіркүл Дүйсембайқызының еңбексүйгіштігі өскелең ұрпаққа қашанда үлгі. Ғибратты ғұмыр иесі жастайынан- ақ есеп-қисапты жетік меңгеріп, өз мамандығына адал қызмет ете білді. 1953 жылы 28 маусымда табиғаты тіл байлайтын Жуалы жерінде дүниеге келген ол 7 жасында алғашқы ғарышкер Юрий Гагарин атындағы мектептің табалдырығын аттайды. Ес білгелі ширақ өскен Мейіркүл асқар тау әкесі Дүйсембай мен аяулы анасы Мәндіқыздың үмітін ақтау үшін бар зейінін оқу-білімге арнайды. Жалпы, шын ниетпен кіріскен қай жұмыстың да нәтижелі болатыны бесенеден белгілі ғой. Осылайша, бойжеткен қыз 1969 жылы аядай ауылдағы білім ұясынан қанат қағып, сол кездегі Луговой ауданындағы кәсіптік техникалық колледжге «Бухгалтер» мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Мейіркүл мұнда да өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып, өзге қатарластарынан оқ бойы озық шығады.

Тірлігі тиянақты, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленген аруға көз салғандар аз болмады сол кезде. Әрине, өмір сынында шарболаттай қайралып өскен бойжеткенді жар етуге қай ержігіт асықпасын. Бұл ретте Елеместей ердің айы оңынан туып, ол 18 жастағы Мейіркүлмен шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда екеуінен тараған 4 ұл, 2 қыз өрісті өркенін жайып отыр. Бүгінде бүтіндей бір әулеттің қазынасына айналған олардың немере- шөберелері де жетерлік.

Атақ-мансап үшін емес, барған жерінің гүлденуі үшін қызмет еткен Мейіркүл еңбек жолын 1974 жылы өзі білім нәрімен сусындаған кәсіптік техникалық колледжде бастайды. Бұл білім ошағында табаны күректей 15 жыл жұмыс істеген ол тоқырау жылдары да қол қусырып отырған жоқ. Ол тұста мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтарға бірнеше ай бойы жалақы берілмегені анық. Осынау уақытша қиындықты кейіпкеріміз де басынан өткерді. Алайда, қайсар қыз сынақтан сүрінбеуге күш салып, кездескен қиындықты еңсеруге тырысты. Мейіркүл бір жағы отағасы Елемеске қолқанат болу үшін, бір жағы тұрмысы түзелуі үшін түрлі жұмыстарды атқарды. Тіпті, сатушы да болды. Кейіннен «Нұржан» шаруа қожалығының түтіні түзу шығуына бір кісідей атсалысты.

Бала күнінен-ақ таңның атысы, күннің батысы бел жазбай еңбек етуге, табыс табуға құштар болған Мейіркүлдің бұл әдеті өзге бауырларына да жол ашқандай. Немере інісі Сәбит Нүрпейісовтің айтуынша, оның бүгінгі жетістігі әуелі Алла, одан кейін осыбір жанашыр әпкесінің арқасында ғана мүмкін болған. Сәбит ағамыз өз сөзінде Мейіркүл әпкесінің жөн сілтеуімен кәсіптік техникалық колледжге оқуға түскенін, дәл қазір мамандығы бойынша жұмыс істеп отырғанын жеткізді.

– Батыр Баукең айтқандай, нағыз батыр – қыз баласы. Бойжеткен шағында келін боп түскен қыз барған жерін бақытты қылу үшін аянбай тер төгері анық. Біздің Мейіркүл әпкеміз де тағдыры жүктеген осынау ұлы істі мінсіз атқара білді. Жездеміз Елеместің бабын тауып, бала-шағасын ешкімнен кем қылмай өсірді. Ал, оның сыртында біз секілді бауырларына да көп қарайласты. Жалғыз мен ғана емес, туыстарымыздың бірнеше балалары сол әпке-жездеміздің үйінде жатып оқыдық. Міне, осы тұста жанашыр бауырымыздың көп жақсылығын көрдік. Оны қалай ұмытайық. Оқуға келген бізді анамыздай әлпештеп, асты-үстімізге түсті. Бірнеше ай бұрын ғана жетпіс жасқа толған әпкеміздің тойына бардық. Абыройлы адамның қуанышы берекеге толы болары анық қой. Сәтін салып, мерейлі той жоғары деңгейде өтті. Ол кісінің шапағатын көрген бауырлары алғысымызды жаудырдық сонда. Алайда, әпкемізге деген шынайы ризашылығымыз жүрек-күнделігінде жазылуда. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Сәбит Сағындықұлы.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support