- Advertisement -

БІЗ ЖӘНЕ ҚҰМЫРСҚАЛАР БІРЛІГІ

118

- Advertisement -

Жан-жағымыздағы құж- құж қайнаған тынымсыз тіршілікке бір сәт зер салып қарасақ, қоршаған табиғаттың өзінен көп нәрсе бізге – адамдарға үйренуге болады екен. Халық арасында құмырсқалар жайында небір қызықты ертегілер, аңыз-әңгімелер, эсселер мен жыр-өлеңдер бар. Тіпті, құмырсқа қасиетті жәндік қатарына қосылып, Құранға да енгізілген.

…Кеңес заманында туристік сапармен бірнеше мемлекетте болдық. Бірде Клайпеда қаласының маңындағы Балтық теңізі жағасындағы «Алтын шағылдар» («Золотые дью-ны») демалыс үйінде демалғанымыз бар. Курш түбегінің бір жағалауы Балтық теңізі болса, екінші шығыс беті – көл. Түбектің ұзындығы 98 шақырым – Клайпедадан Калининградқа (бұрынғы Кенигсберг қаласы) дейін созылып жатыр. Ені бар болғаны – 1,5-2 шақырым. Түбектің табиғаты керемет: қалың орман, көз жауын алатын өсімдіктер өсіп, жабайы аңдар мен құстар еркін мекен етіп жатыр. Тіпті, олар адамдардан еш сескенбейді. Қалың ағаш арасындағы алаңқайларда арнайы тақтай- ағаштармен қоршалған көлемді үйінділер көзге шалынады. Кейін білдік, бұлар құмырсқалардың мыңжылдық илеуі екен. «Табиғатты аялауды, қорғауды осы елдің адамдарынан үйрену керек» деген ой тоқып, ризашылық сезімге бөлендік. Ойланыңызшы, тіршілік үшін қажетті әсем табиғатты бұзбай, оған еш зиян келтірмей, алақанымызға салып аялау барлығымызға артық іс болмас еді ғой… Әттең, әзірше бізде олай болмай отырғаны өкінішті.

Қытайда бұдан 5 мың жыл бұрын жазылған «Бың Цау Гаң Му» кітабында құмырсқаның қасиеті туралы қызықты дерек келтірілген. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, олардың қаншама ғасырдың ширегінде өзгермей келуі – физикалық және қоғамдық жанданудың әсерінен. Демек, құмырсқалар кез келген дүниені қорек көзіне айналдыру мен өндірісті жүргізіп кетудің жолдарын жетік меңгерген бірден-бір тіршілік иесі болып саналғаны. Олардың шындығында физикалық қуаты орасан болғаны соншалық, өздерінен 100 есе үлкен затты еш қиналмай тасымалдай береді.

Ғалымдар құмырсқалардың ұйымдасып жұмыс істеу құпиясын түсіне алмай келеді. Өте күрделі жұмыс атқаратын жәндіктер бойына туа біткен инстинкті реакциямен тіршілік кешеді дегенге бұл күні біз түгілі олардың өздері де сенгісі келмейді. Ғалымдар олардың жұмылып жұмыс істеу барысында аса қажетті ақпаратты қайдан алып, қалай оны бір-біріне тілсіз таратып отыратынын таба алмайды. Ашылмай тұрған ең үлкен құпия – ғылыммен жасалатын жұмыстарды іске асырғанда ақыл-ой, интеллектіні қайдан алады? Ақпарат қоймасы құмырсқаның қай жерінде сақталады? Cебебі, оның жүйке талшықтары тым жіңішке һәм өте нәзік.

Құмырсқалардың өмір сүру тәсілін «микроскоп» астына алып зерделейтін болсақ, адам мен олардың қоғамдық құрылысында таңғалдырарлық ұқсастық бар екенін байқауға болады.

Құмырсқалар қауымы жалпыға бірдей қатаң тәртіпке түгелдей бағынышты. Қауымдағы әрбір мүшенің өзіне тиесілі міндеті бар. Аса жауапты міндеттермен ұйымдасқан жәндіктер кез келген көңіл- күйді сезініп, жұмыс барысында аянбай еңбек етуден ешқашан қашпайды. Жай ғана жыбырлап жүріп, не болса соны кеміріп жеп, басы ауған жаққа қаңғып жүре беретін көп жәндіктің бірі болса құмырсқа тіршілігіне ешкім де қызықпас еді. Гәп сонда – бұл жәндік алдына мақсат қойып, жоспармен жұмыс істегенде алдына жан салмайды. Мысалы, құмырсқаның адам секілді қолға үйретілген «жуас үй жануарлары» болады. Оларды «құмырсқа сиыры» деп атайды. Орыстар оны «тлей» дейді. Асыранды «мини сиырлардың» денесінен тәп-тәтті шырын бөлінеді. Сол шырынды құмырсқалар негізгі ас-сусын ретінде ішіп, рақаттанып, мас болып жүреді. Сиырларды асырау үшін адам секілді олар да бақташы жасақтайды. Олар сиырды уақытымен тойдырып, сауып, бөпелерін тап-таза ас-ауқатпен асырайды. Сиырлардың емін-еркін жайылуына, өсіп-өнуіне кепілдік беретін құмырсқалар ішінен күзетшілер, қорғаушылар тобы іріктеледі. Жайылып жүрген тлейлерге тентек жәндік тиісетін болса, қарауыл құмырсқалар қырғын төбелесті бастап кеп жіберуге дайын. Бақташылар міндеті тлейлерге құнарлы «жайылым жер» тауып беріп, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонуын қамтамасыз етеді. Шаңқай түс болып, күн ысығанда оларға шөп-шаламнан қалқа құрастырып, көлеңке жасайды. Қар түсіп, күн суытса, ұрғашы сиырларды жып-жылы, құп-құрғақ мекенжайға жайғастырады. Құмырсқалардың дені сау болып, ұрпағы жақсы дамуы үшін сиырдың баппен күтілімі ауадай қажет. «Сиыры» семіз болса, құмырсқа да күйлі. Сондықтан, өз бетінше өсіп-өнетін «сиырға» қарағанда, құмырсқалардың қарауында өскен тлей өте тез, әрі аман-сау көбейеді. Сондықтан, тлей құмырсқадан қожайын тапса, бала-шағасына дейін шаттанып, қуанады. Құмырсқаның жүйке жүйесінің физикалық көлемі өте-мөте кішкентай. Ал, тіршілікте қолданып жүрген оқу, айла, өнер, білімі шамадан тыс көп… Ендеше осындай қиын әрі әркелкі өмір сүру салтын құмырсқаларда сана болмағанда, не анықтап, жүйелеп бере алады? Ғалымдар бұл қоғамдық жәндіктердегі жоғары сатыға дейін дамыған өте күрделі тума инстинкттер жүйесі деп болжайды.

Әлем әдебиетінде белгілі француз жазушысы Бернард Вербердің «Құмырсқалар», «Құмырсқа күні» және «Құмырсқалар революциясы» кітаптары әлем оқырмандарының үлкен қызығушылығын тудырғаны белгілі. Француз әдебиетінің кейбір сын-ескерт- пелеріне қарамастан, аталған үш кітап рекордтық көрсеткішпен 10 миллион таралыммен Еуропа және Солтүстік Америка елдеріне тарады. Құмырсқалар өркениетін баяндаған бұл шығарма әлем оқырмандарын тамсандырды. Олардың біразына тартымды мультфильмдер де түсірілген. Орыстың белгілі жазушысы И.Крыловтың да «Шегіртке мен құмырсқа» атты мысал-шығармасы бар. Енді қазақ әдебиетіне келер болсақ, Спандияр Көбеевтің «Құмырсқа мен көгершін» әңгімесі, Мұзафар Әлімбаевтың «Құмырсқалар» дейтін өлеңі мен Есенғали Раушановтың «Құмырсқамен дипломатия» өлеңі – қазақ әдебиетіне қосылған қомақты дүниелер. Мұхтар Мағауиннің «Құмырсқа- қырғын» әңгімесі дәл осы тақырыпқа арналған. Ондағы көркемдік сипаттама құмырсқалар өмірі жайлы тамаша жасалған әліппелердің бірі екенін айтады көпшілік. Байқап отырсыздар, құмырсқалар тақырыбы – әлемдегі ең қызықты тақырыптың бірі. Өйткені, құмырсқа өзінің еңбекқор-лығымен, қанағаттылығымен, ынтымақтылығымен кімді болмасын таңдандырады, сүйсіндіреді.

«Атлант мұхиты үстінде мың құмырсқа қалқып келеді. Жай келе жатқан жоқ: қыз-қыз қайнаған тіршілік, дән тасып, жапырақ арқалап, жұмысқа жегіліп, асау толқынға жанталаса қарсылық көрсетіп, не керек, өмір мен өлім арасында арпалысып жатыр…

Мың құмырсқа! Мұхит суына батпайды. Тіршілігі де тоқтамайды. Қашан жағалауға жеткенше, өмір үшін жанталасады. Жағаға жеткесін құмырсқа қыбыры да, жыбыры да тоқтамайды.

Жаңа жылдың жарқын күндері әлемдік телеарналардың біріне телміріп отырып осы көріністі көрдім. Көрдім де ойландым.

Мың құмырсқа мұхит суына неге батпайды? Неге тұншығып қалмайды? Неге ыдырап кетпейді?

Құдайдың құдіретін қараңыз: бір- бірімен тығыз байланысқан құмырсқалар толқын ұрғанда, алдыңғы екі аяғымен бірін-бірі қармап қалады екен, соның арқасында олар асау толқынға сал секілді қарсыласады, араларына су кірмейді, қалтқы тәрізді қалқи береді, сөйтіп жатып тіршілік жасауын тоқтатпайды. Мынау мың құмырсқа құрлыққа аман жеткесін, олардың арасында «Құмырсқалар Анасы» деген болады екен, сол байғұс сағатына 30 000 жұмыртқа тастайды екен, сол жұмыртқалардан қаптаған құмырсқа қайта өреді екен… Өмір мен Өлім арасы… Мың құмырсқаны қарашы.

Біздің қазақ үшін қазіргі Ұлттық идея – Аман қалу және Көбею болса керек.

Айдың-күннің аманында жол апатынан, әртүрлі қылмыстық әрекеттен, арақ деген пәлекеттен, аспаннан және жерден келген неше мың кесапаттан қынадай қырылып жатқан қалпымыз мынау… Аман қала аламыз ба?!

Біздің қазаққа осы мың құмырсқаның бірлігі бұйырмаған ба?!» – деп толғанады белгілі журналист, сенатор Нұртөре Жүсіп.

Бір сәт ақыл таразысына салып көріңізші. Бүгінгі қазақта неге ынтымақ, бірлік, бірін-бірі қолдау жетіспейді? Мына бейбітшілік заманда неге ырду-дырду болып, берекемізді қашырамыз? Қайда бармаңыз ру руға, ата атаға немесе топ, командаға бөлініп, болар істі кері тартып, біреудің аяғынан шалып, кеңірдегіміз жыртылғанша айтысып, арыздасып, жауласып жатамыз. Қаланы қойып ауылға барыңызшы, жеке топқа бөлініп алып, «анау әкімді құртайық, ол біздің атадан емес», «анау жаңа келген басшы басқа өңірдің азаматы екен, ол қалай?» деп ұйымдасып алып, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жоғары жаққа тынымсыз құлаш-құлаш арыз жазып, өсекті желдей естіріп, айтысып, тартысып, болмағанды болдырып, кертартпалыққа салынып, елді шулатып, көпшілік арасына жік салып, баймаламның нағыз шабуылшысы, жоғарыға ұйымдаса арыз жазғанда алдарына жан салмайтын, сыңаржақ сынның иін қандыратындар әр ауылда, ауданда барын естіп жүрміз. Базбірі, тіпті сол іске машық болып, басшыларына зіл тастап, өздерін демократияны қолдаушысы, әділдіктің майталманы етіп көрсетіп, «заман батыры» атанып жүргендері әр өңірде бар. Соның салдарынан сүттей ұйып отырған ортада береке кетіп, көпшілік арасында алакөздік туындайды, жұмыс-тірлік айрандай іріп, табандап, алға баспайды. Одан не, кім ұтады, кім ұтылады? Бұл – қазақтың қанына сіңген қазіргі ұлттық дәстүрге айналып кеткені ме? Қазаққа қазір не жетпейді? Бірлік, түсіністік, татулық, тыныштық, бір-бірімізді қолдау, сенімділік жетпейді! Егер сол жағымды адами қасиеттер болмаса біз қалай ел боламыз?! Қалай көсегеміз көгереді? Ұлт тағдыры ертең не болмақ? Ойланатын мәселе…

Шынында да, қанша жетілдік, дамыдық, санамыз өсті десек те, адамға табиғаттан (тіпті, жерде қыбырлап жүрген құмырсқалардың бірлігіне, жұмыла тындырып жүрген істеріне таңғаласың!) үйренер іс аз емес-ау, тәйірі! Тек соған бір сәт болса да зерделей қарап, жалықпай сараптап, көңілге тоқып, санамызға сіңіріп, оны ақылмен өмірімізге, игілігімізге пайдалана білген артық болмас, сірә. Ой, қайран қызылды, жасылды мың құбылған сайқымазақ дүние-ай!

Әлі де қоршаған табиғаттың бізге үйретер, адамзатқа берер тағылымы қаншама?!

Кім білсін…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support