NEET санатындағы жастар кімдер?
«Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуы керек. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес, жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», – деді Президент.
Соңғы жылдарда NEET санатындағы жастар тобы деген ұғым пайда болды. Алайда, атауы мен анықтамасы кейін белгілі болғанымен, ондай жастар қоғамда бұрыннан бар. Сонымен NEET жастар деген кімдер? Бұл термин ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Training» сөздердің бас әріптерінен құралған. Қазақ тіліндегі аудармасы – не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам дегенді білдіреді. NEET жастар ұғымы – XX ғасырдың соңына қарай пайда болған. Бұл мәселені алғаш көтерген ел – Ұлыбритания. Жастардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған мемлекеттік сараптамамен айналысуды Бүкіләлемдік банк қолға алғалы бері мұның әлемдік деңгейдегі проблемаға айналғанын байқауға болады. Жалпы, жұмыс – бұл еңбек адамының капиталы екені түсінікті. Жақсы өмір сүру үшін тындырымды еңбек етіп, жұмыс істеу қажет. Десек те, өзің ойлаған, таңдаған мамандығың бойынша лайық жұмысты таба қою – жеңіл шаруа емес. Осы жылдың өзінде еліміздің жоғары оқу орындарын қаншама студент аяқтады. Алайда, барлығы дерлік дипломға сай жұмыс тауып орналаса алды ма, міне, мәселе осында. Негізі еңбек нарығына жарамды көп жастардың жұмыссыз қалуы – дипломға ғана келіп тірелмейтін мәселе. Себебі, жас толқынның бір тобы білім алуға да, игерген мамандығына сай еңбек етуге де ниеті жоқ. Бірден көп табыс тапқысы келеді, уақыт жоғалтпай, тез-ақ кәсіп меңгеремін деп ойлайды. Сөйтіп құр қиялға малданып жүріп, өздерінің әрекетсіздігінен екі қолды бос қойып, істің көзін таба алмайды. Жұрттың NEET жастар деп атап жүргені де – осылар. Олар еңбектен, білімнен, әлеуметтік белсенділіктен, өзін-өзі дамытудан ерікті түрде немесе түрлі себептермен бас тартады.
Жыл өткен сайын NEET жастар саны көбеймесе, азаяр емес. Себебі неде? Жастар құлықсыз ба, әлде мемлекеттік бағдарламалар қауқарсыз ба? Осы сұрақты жас маман Оразғали Маратұлына қойып көрдік.
– Қазір расында NEET санатындағы жастар көбеюде. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жұмыс орындары ашылып, жастарға түрлі мүмкіндік ұсынуда. Бірақ кей жастардың жұмыс істеуге ынтасы жоқ. Себебі, жастардың орташа айлық жалақыға көңілдері толмайды. Аз айлыққа жұмыс істегісі келмейді. Ал, қарап отырғанға аспандағы айды ешкім алып бермейді. Осы тұрғыда жастар дайын асқа тік қасық болуды қою керек деп ойлаймын. Мейлі жұмыс қиын, жалақысы аз болсын, десе де еңбектенуден қашпау қажет. Барынша еңбектенсең, соның нәтижесін болашақта екі есе көресің. Осыдан бірнеше жыл бұрын оқу бітіріп, бастапқыда мемлекеттік ауруханаларда кіші медицина қызметкері болып жұмыс істедім. Жалақым аз болды. Десек те, осы жолдан бастағанды дұрыс көрдім. Атқарған жұмысымды сол жалақыға лайық көрдім. Жаспын, тәжірибе аз, келген науқастар да маған сенімсіздікпен қарайтын еді. Уақыт өте келе бас дәрігерлерден тәжірибе алып, күрделі оталарға кіре бастадым. Осылайша дәрігердің көмекшісі болып тағайындалдым, оталарға жайлап араласа бастадым. Бір күні ауыр отаға кірдім. Науқасты аман алып қалдық. Операциядан шығып келе жатқанда туыстарын көріп дәрігер отаның сәтті аяқталғанын айтқанда бәрі алғысын жаудыра бастады. Ол сөзді маған айтпаса да өзімді іштей керемет сезіндім. Сонда бас дәрігер: «Рақметті маған емес, осы жас маманға айтыңыздар, еңбегі көп, бұл жігіт болмағанда...», – деп мені жігерлендіріп, туыстарының алдында мені мақтаған еді. Осы қарқынмен ары қарай өзімді дамытып, одан да күрделі оталарға кіре бастадым. Еңбегімнің арқасында келген науқастар да сеніммен қарай бастады. Маған да сенім білдіре алатын болды. Соған сай жалақым да жоғарылады. Тәжірибем артып, жекеменшік ауруханаға бас дәрігер болуға шақырту алдым. Осы жолға үлкен сеніммен қадам басып, жұмыс істегеніме қуанамын. Қазір, міне, нәтижесін көріп, жоғары жалақы алып, бас дәрігер болып көптеген науқастардың аяқтарына тік тұруларына септігімді тигізіп жатырмын, – деді Оразғали Маратұлы.
АҚШ-та да жұмыссыздық деген проблема бар
Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі әлемнің өзге елдерінде де бар. Бұл мәселе тек бізде ғана өзекті емес. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Коломбус штатындағы Огайо университетінде магистратурада оқып жатқан жамбылдық Жанна Нұрлыбекқызы осылай дейді.
– Бұл жақта да жұмыссыздық бар. Қазақстанда жүргенімде елдегі жұмыссыздықты көріп, соған жаным ауыратын еді. Себебі өзім де 4-курсты бітіріп, бірден жұмысқа орналаса алмадым. Бір жылдан астам уақыт жұмыссыз жүрдім. Көп мекемелерге құжат өткізіп, жауап күттім. Уақыт өте келе шетелдік компанияның филиалына аудармашы болуға ұсыныс түсті. Қуанышымда шек болмады, ертерек барып жұмысқа кірісуге асықтым. Алайда, қуанышым су сепкендей басылды. Айлық жалақым мардымсыз болды. Оған дейін аудармашының жалақысы көп болады дегенді еститінмін. Жасырып қайтейін, үлкен үмітпен барған едім. Сонымен барға қанағат қылып, жұмысқа кірістім. Тәжірибем аз болған соң, жұмыс бастапқыда өте ауыр болды. Шетелдік адамдармен жұмыс істеу қиындық туғызды. Алты ай аудармашы болдым. Тұрмысқа шығып, алты ай тағы жұмыссыз қалдым. Ашығын айтқанда, бір жарым жыл уақыт өткізіп алдым. Магистратураға тапсыру ойымда болды, бірақ Қазақстанда оқығым келмеді. Күйеуіммен ақылдаса келе «Болашақ» бағдарламасымен шетелге тапсыруды ұйғардым. Сәтін салып, жолым болып, АҚШ-қа оқуға түстім. Отбасыма толығымен виза ашылып, жолдасым екеуміз бірге шығуды жоспарлай бастадық. Күйеуім елдегі тұрақты жұмысынан өз еркімен шығып, менімен шетелге кетуге бел буды. Оқу оқып, стипендия алсам, ол жұмысқа орналасса, мен де қосымша жұмыс істесем, бәрі жақсы болады деп ойладық. Өкінішке қарай оқу орнына кеш келгендіктен, жатақханада орын болмады. Сол кезде біздің елімізде бар мәселелер мұнда да кездеседі екен деп ойладым. Үй жалдауға тура келді. Қызық енді басталды. Бір айлық төлемақы менің стипендияммен бірдей, өте қымбат. Күйеуім екеумізге бірден жұмыс қарастыру керек болды. Ол екі жұмысты қатар алып жүрмекші еді, бірақ бір жұмыстың өзін табу оңай болмады. Осы сәтте еліміздегі төмен жалақымен-ақ магистратура оқып, стипендия алып отыра беруім керек еді деп күрсініп, елімді сағынып кеттім. Мұнда ыңғайлы жұмыс тауып, ортаға үйреніп кету оңай емес екен. Біз жарты жыл бойы жұмысты қатар алып жүре алмадық. Онда өмір сүру тіптен қиын болып кетті. Екеуміз де қарапайым жұмыс істедік. Мен даяшы, ал ол болса үйге терезе орналастырушы болды. Қазақстандағы ортасы ыңғайлы, жалақысы да жақсы жұмысын мен үшін тастап келген күйеуімнің қарапайым жұмыс істеп жүргенін көргенде жұмыссыздық әлемдік проблема екенін түсіндім. Бірақ мұнда мемлекеттік жұмысқа қарағанда қарапайым жұмысқа ақы көп төленеді. Соның арқасында күнімізді көріп кеттік. Шетелде өмір сүріп, ақша тауып, оқыған жақсы, әрине. Алайда, ол жақта да өзіндік талаптар бар. АҚШ-та біздегідей жастарға арналған көптеген бағдарламалар болды. Бірақ оның шапағатын көру үшін сол елдің азаматы болуың керек. Бір ұтымды тұсы – шетелде жастар үшін тиімсіз бағдарламалар қарастырылмайды екен. Егер бағдарлама жастар үшін тиімсіз болып, мемлекетте жұмыссыз жастардың көрсеткіші азаймаса, ол өз жұмысын тоқтатады. Осы секілді елімізде жұмыссыз жастардың санын азайту үшін керек емес, тиімсіз бағдарламаларды алып тастаған жөн шығар. Ал, тиімдісін жақсылап насихаттап, қолға алған дұрыс, – дейді магистрант.
Инфантилизм синдромы
Жұмыссыздық туралы айтқанда алдымен жастардың неге құлықсыз екенін ескеру керек. Психолог мамандар бұл адамдағы күйзелістің әсерінен болады деп түсіндіреді.
– Себебі, күйзеліс кезінде адамға ештеңе қызық болмайды. Аса білімді жастың қолында Гарвард университетінің дипломы болса да, жұмысқа орналаспаса, онда ол армандары туралы қайтадан ойланғаны жөн. Ересек өмірде бала күнгі арманның орындалуы нағыз бақытқа кенелтеді. Бұл қуаныш жан рахатын сыйлайды. Сондай-ақ керісінше, мақсатқа жету жолында сәтсіздікке ұшыраса, салы суға кететіндер бар. Мұндай жағдайда жастар бір кезде өзіне кеңес берген жол бастаушыны кінәлай бастайды. Мұны психологияда «инфантилизм синдромы» дейді. Яғни, жауапкершіліктен қашатын, импульсивті әрекет ететін, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда басқаларды кінәлайтын адамдарға осы белгі тән. Бұл синдромға ұшыраған жанның психикасы мен мінез-құлқында балалық шаққа тән қасиеттер сақталады. Мұндай жетілмеген мінез-құлық көбіне адамның қарым-қатынас орнатуына, қоғамда қалыптасуына және мансап сатысымен жоғары көтерілуіне кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, қазіргі жаһандану заманында бұл синдром жастардың басым бөлігінде бар. Олар жұмыс істеуден, жауапкершілік арқалаудан қашады, – дейді психолог Жанар Әубешова.
«Ауыл маған мол мүмкіндік берді»
Жастардың оқу бітірген соң бірден қалада қалып, тез жетістікке жеткісі келетіні – заңдылық. Өйткені, олар төрт жыл бойы шаһардағы жайлы тіршілікке үйреніп қалады. Қайтадан ауылға барып, еңбек жолын елді мекеннен бастағысы келмейді. «Бірақ, дипломды қолға алып, қарапайым даяшы болып жүргеннен, алған білімді кәдеге жаратып, тәжірибе жинап, жақсы маман атанудың жолын іздеу керек», – дейді Гүлім Бауыржанқызы.
– Мен ағылшын тілінің мұғалімімін. Өзіміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқыдым. Оқуды бітірген соң магистратураға түсу ойымда болды. Балым жетпей, түсе алмадым. Сонымен, жұмыс іздеуге кірістім. Жұмыс табудың өзі үлкен мәселе болып жатқанда жалақысы жоғарысын табу одан да қиын екені түсінікті. Бір күні анам хабарласып, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өтініш беріп көруді ұсынды. Шынымды айтсам, бастапқыда бұл ұсыныс ұнамады. Себебі, жастар қалаға келіп, дамып өсіп жатқанда мен үшін қайтадан ауылға бару – ақылға қонымсыз еді. Мүлде барғым келмеді. Мен ғана емес, оқу бітірген барлық жастар да солай ойлайтын сияқты. Осылайша, ол бағдарлама бойынша өтініш тастамаймын дедім. Дені дұрыс жұмыс таппай, тапқан азын-аулақ қаржым ішіп-жеміме жетпей бара жатқан соң, амалсыздан анамның ұсынысымен келістім. Барлық керек құжаттарымды жинастырып, өтініш бердім. Нәтижесі 2-3 күн өткен соң шықты. Жамбыл ауданы, Аса ауылына ағылшын тілі мұғалімі қажет екен. Осылайша, мұғалім атандым. Ауыл маған үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Жас маман болған соң ауылдағы жұрт бізден керемет нәтиже күтеді. Балаларды пән олимпиадаларына дайындап, түрлі жарыстарға қатыстырып, үлкен табыстарға жетуіне өз септігімді тигізудемін. Ауданнан маған үй берілді. Қуанышымда шек болмады. Сол кезде неге бұл мүмкіндікті бірден пайдаланбағанмын деген де ой келді. Ата-анамды қуантып, жаңа үйге әкелдім. Сол жылдары мемлекет мұғалімдердің жалақысын да, беделін де көтерген еді. Қасымдағы әріптестерім де білікті мамандар, білмегенімді айтып, үйретіп жүрді. Керемет талантты, білімді оқушыларым бар. Менімен бірге оқу бітірген қатарластарым дәл мен секілді ауылға барғысы келмей жүрген. Жекеменшік мектептерде жұмыс істейді, жалақылары аз. Алайда, олар көрген қаладағы дүниені мен де көріп жүрмін. «Дипломмен ауылға» келдім деп ауылда қалып кеткенім жоқ, қалаға шығып өз қажетімді аламын, ата-анамды да қамтамасыз етемін. Бір жағынан ауылға келіп тәжірибе жинап, білікті мұғалім атанудамын. Сондықтан, жастарды «Дипломмен ауылға» шақырғым келеді. Мүмкіндіктер бұл жақта да бар, бір жағынан жұмыссыз жастардың саны азайып, ауылдың көркеюіне үлес қосамыз, – дейді Гүлім Бауыржанқызы.
«Жарты жыл жұмыссыз жүрдім»
Еліміздегі беделді оқу орнын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген жас маман жарты жыл бойы жұмыс таппай, қандай қиындықтарға тап болғанын әңгімелеп берді.
– Дипломды алғаннан кейін тәжірибем болмағандықтан, алты ай бойы жұмыссыз жүрдім. Жарты жылдан соң ғана бір ай тегін тәжірибеден өту арқылы өзім қалаған жұмысқа тұрдым. Қалалық жұмыспен қамту бөліміне барғаныммен, ұсынған жұмыстардың айлығы өте аз болды. Мен осы аралықта күйзеліске түсіп те үлгердім. Ақша табу үшін басқа жұмысқа орналастым. Төрт жыл бойы оқыған мамандығым бойынша жұмыс табылмағанына қатты күйзелдім. Менен мамандығым бойынша өткен тәжірибемді сұрайды. Дипломды енді алған менде қандай тәжірибе болсын?! Ал жұмыспен қамту бөлімі жіберген жұмыстарда жалақы төмен. Күнделікті шығын мен жалдамалы пәтерге жетер-жетпес болады. Менің басымдағы жағдай бірге бітірген біраз достарымның да басынан өтті. Олар қазір басқа салада жұмыс істеуге мәжбүр. Себебі, жалақысына лайықты жұмыс жоқ, – дейді Айым.
«Басқа кәсіпті үйренуге дайын бол!»
Ал, бизнес тренер Бибігүл Шайхиева мамандық бойынша жұмыс табылмаса, басқа кәсіп меңгеріп, қысқа мерзімдік курстарды оқып алуға кеңес берді.
– Ақпарат дамыған заманда жастарға мүмкіндік өте көп. Қазіргі таңда инфобизнес, мобилограф, IT маманы, фотографтарға сұраныс көп. Диплом бойынша деп тек бір мамандықпен шектеліп қалуға болмайды. Қосымша дағдыларды да көп меңгеру керек. Диплом алмай тұрып та, мамандығы бойынша тегін тәжірибелерден өткен дұрыс. Сол кезде өзіне де біраз жолдар ашылатыны анық. Тек университет берген білімге ғана уақыт бөлген дұрыс емес. Кез келген уақытта басқа кәсіпті үйренуге дайын болу қажет. «Сәби», «Асылтас», «Тәуелсіздік ұрпақтары» сияқты көптеген қорлар жастарға идеясы бойынша тегін гранттар беріп жүр. Өңірлерде соңғы 2-3 жылда «I-SEED» және «Zhasprojekt» жобасы жүзеге асырыла бастады. Осындай бағдарламаларды республика деңгейінде көбейту керек деп ойлаймын. Себебі, тренер ретіндегі тәжірибемде республикалық деңгейде жобасын жүзеге асырып жатқан жастарды көп кездестірдім. Тек кәсіпкерлік білімді дұрыс сіңіру керек, – дейді ол.
Аймақтағы ахуал
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылдың І тоқсанында 5,1 пайызды (12 923 жас) құраса, ІV тоқсан қорытындысымен 3,1 пайызды (7 804 жас) құрады. Яғни, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жастардың жұмыссыздық деңгейі 2,0 пайызға (5 119 жасқа) төмендеп отыр. Сондай-ақ, уақытша бос жүрген (NEET) жастардың үлесі 2023 жылдың І тоқсанында 8,6 пайызды (28 258 жас) құраса, ІV тоқсан қорытындысымен 6,0 пайызды (19 798 жас) құрады. Яғни, уақытша бос жүрген (NEET) жастардың үлесі де сәйкесінше 2,6 пайызға (8 460 жасқа) төмендеген.
2023 жылы облыс көлемінде «Жастар ресурстық орталықтары және мансап орталықтарымен 132 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Нәтижесінде 26 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, 546 жас жастар тәжірибесіне, 1 162 жас тұрақты жұмыс орындарына жолданып, 3 867 адам жұмыспен қамту шаралары бойынша консультация алды. Биыл жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту бойынша жүргізілген жұмыстарға келер болсақ, жыл басынан бері жастарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша бағыт-бағдар беру және жергілікті деңгейде әлеуметтік мәселелерін тыңдап, шешу мақсатында 37 қоғамдық тыңдау өткізілді. Облыс көлемінде «Жастар ресурстық орталықтары» және мансап орталықтарымен 24 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 431 жұмыс беруші мекеменің қатысуымен 1 356 бос жұмыс орындары ұсынылды. Жәрмеңкеге 1 178 жұмыссыз қатысса, оның 993-і жастар. Жәрмеңке қорытындысымен 5 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 51 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 49 жас тұрақты жұмыс орындарына жолданған және жалпы 636 адам консультациялық кеңес алса, оның 197-сі жастар. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында жұмыспен қамту мекемелерінің ықпалымен 35-жасқа дейінгі 4 359 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
ТҮЙІН: Иә, таяқтың екі ұшы бар демекші, жұмыссыз жастардың санының артуына тек бір тарап кінәлі емес. Сарапшылар «Біздің елде жұмыс істеуге құлықсыз жас аз емес, жұмыспен қамтуға қауқарсыз бағдарламалар да, өкінішке қарай, бар» дейді. Ендеше, мәселенің шешімін де осы екі себеппен күресуден бастаған абзал шығар. Ал, сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Назерке ШАЙЗАДАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Конвергентті журналистика ББ 3-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді