- Advertisement -

Антына адал Арнұр

60

- Advertisement -

Өткен жылдың 26 тамызында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыс арада бір жыл уақыт өтсе де ешкімнің есінен өше қойған жоқ. Арамыздан ажал алып, орны ойсырап қалған азаматтардың қайғысы да әлі өшпеді. Сол алапат өртте қаза тапқан батырлардың ішінде өкінішке қарай, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Тараз қаласының №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Арнұр Тимирболатов та бар еді. Ол 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарып келе жатқан.

Арнұр Серікұлы өз кәсібінің нағыз маманы болатын. Қызметте өткен барлық спорттық іс-шараларға әрдайым белсенді қатысып, әріптестері арасында өте сыйлы азамат болды. Ол өзінің елгезектігімен, кішіпейілділігімен ерекшеленетін. Қызмет атқарған жылдары Арнұр көптеген іс-шараларға қатысып, адам өмірі мен азаматтардың мүлкін дін аман сақтап қалуға үлкен үлес қоса білді. 2018 жылдың 1 мамырында сағат 09.12-де Жамбыл ауданы, Түркісіб ауылындағы К.Асабаев көшесіндегі тұрғын үйдің бірінде өрт орын алғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жөнелтіліп, оқиға орнына шұғыл жеткен от жауынгерлерімен шұғыл түрде барлау жұмыстары жүргізілген. Арнұр газ-түтіннен қорғау қызметі қызметкерлерінің қатарында болған. Жанып жатқан үйдің есігін бұзып кірген от жауынгерлері көзді ашытар қою түтін мен бет шарпитын қызыл жалынның арасынан кәмелет жасына толмаған 2 бала мен 1 әйел кісіні сыртқа алып шығып, алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсеткен. Осылайша небәрі 29 минутта өртті ауыздықтаған от жауынгерлері араға 4 минут салып өртті толығымен жояды. Осылайша өзінің кәсіби шеберлігі мен қызметтік міндетін жоғары деңгейде атқару барысында адам өмірі ажалдан арашаланып, ешбір жанның денсаулығына зақым келмей, тиісінше өрттің одан әрі жайылуына жол бермей, дер кезінде сөндірілді.

Осындай тағы бір оқиғаны еске түсірсек, ол 2020 жылдың 17 наурызында орын алған еді. Аталған күні 12 сағат 30 минутта шұғыл қызмет нөміріне шаруашылық нысандарының өртенгендігі жөнінде хабарлама келіп түскен. Диспетчер де өз кезегінде оқиға орнына тиісті күштер мен құралдарды шұғыл жөнелтеді. Өртке қарсы қызмет гарнизонының шығу кестесіне сәйкес 4 дана техника мен 23 адамнан тұратын жеке құрам жұмыс атқарған. Олардың арасында Арнұр батырымыз да болған. Кезекші қарауылдың кәсіби іс-қимылдарының арқасында өртті қысқа мерзімде жоюға және оның жақын маңдағы құрылыстарға таралуына жол бермеуге барын салған от жауынгерлері осылайша тағы бір өртті ауыздықтады.

Ал, қазір Арнұр ортамызда жоқ. Марқұм «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» дегеннің дәлелін келтіріп, антына адал от жауынгері ретінде арамыздан бақилыққа кете барды. Жай кеткен жоқ. Бірнеше елді мекенді, ондағы сан мыңдаған адамдардың өмірін сақтап қалу жолында тілсіз жаумен арпалыста өз өмірін құрбан етті. Арнұр секілді бейбіт күннің батырлары ел есінен кетпек емес.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support