- Advertisement -

Бейқамдық…

43

- Advertisement -

Қазір жаңа дәуірде саяси мәдениетті қалыптастыру мен қоғамдық ой-сананы жаңғырту мәселесі ерекше маңызды. Бұл ретте қоғамдық пікірге ие адамдардың келбеті мен кісілігі де бағалы және олардың атқаратын қызметі де елеулі. Алайда тап бүгіндері, әсіресе, интернет байланысы өмірімізге берік енгелі бері ақпараттық ағын және көзқарастар легі сапырылысып, толастайтын түрі жоқ. Бұл дегеніңіз талғам мен таңдаудың өзінен, ел елегінен өтуді сөзсіз талап етеді.

Бұл үрдіс жалғаса беретін болар. Қоғамның ішкі ахуалында «шетінен білгіштік» – бір-бірін жақтырмау, түкке алғысыз ету, бесіктен белі шықпай жатып үлкендерді «шал» деп езуін керіп отыратын кер заманда қарттың жасын сыйлап, қарапайым ақсақалды құрметтеп төрге шығарудың өзін түсіне алмай дал болса, жастардың арасындағы тәрбиесіздік пен ағат қылықтарға қарсы ар-ұят пен намыстан қамал тұрғыза алмай отыр.

Тобыр мәдениеті белең алды.

Қоғам ыңғайына қарай түрлі топтар пайда болды. Соның бірін айтайық. «Алыстан» ақыл айтушылар мен «жақыннан» ақылшы боламын деушілер қатары күрт көбейді, олардың қатары аз емес.

Ақыл айтушылардың бірде жоғары, бірде төмен, кейде төгілтіп айтар сөзін интернет, әлеуметтік желіден сәт сайын ерінбесеңіз оқи аласыз. Сөз қадіріне жеткен адамдар өзгенің ойын құп ала ма, жоқ па, өз есебіне қалдыра тұрайық та өз арманымызды айтайық.

Ең үлкен арман – еліміздің өркендеуі мен өскелең ұрпақтың жарқын келешегі дер едік. Сол үшін де дүниедегі жақсы өзгерістер таза, адал, бақуатты, терең білімді, ақылды және ұлтжанды ұрпақтар арқылы ел өміріне толығырақ енсе екен деген ерекше ақ тілекті арман бар.

Таяуда киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды Адал адамдар құрады» деді. Бұл ұлттық саясаттың жаңа бағытының арқауы мен негізгі тірегін көрсетеді. Адал адамдар жайында жіліктеп айтсақ та, осыған байланысты тұжырымды идеяға жүгінсек те ол – нағыз адамдардың елдік тірлігі мен ерлігіне тікелей тәуелді. Елім деп еміреніп, жұртым деп жұмылатын жақсылардың асыл қасиеттерін арқа тұту және оны шынайы бағалау. Барша отандастарымыздың рухы – алдағы жаңа дәуірде бірегей қазақ жұрты болуынан басталатынын ұқтыру деп ой түйеміз. Француз ойшылдарының «Менің Отаным бар, ол – француз тілі» деген ұлы сөзінің мағынасы қандай ғажап және ешнәрсе тең келмейтін қастерлі болса, біздің байтақ елде «Қазақ» деген сөз барша қазақстандықтарды барлық уақытта біріктіретін және мына байтақ дала – туған жердің тылсым сырын, қымбат құндылықтарын ұқтыратын ұранға айналады деп сенеміз. Солай болуына барлық фактор септесіп отыр және ол ашық қоғамда баянды өмір сүру қажеттілігі. Бұған біздің қоғамның саяси өресі мен ынтымақтастық тәжірибесі де, ақылды адамдарының рухы да толық жетеді деген сенім бар.

Бір жарым жылдан бері еліміздегі саяси өзгерістер мен қоғам ішіндегі серпілісті жаңалықтарды уақыт тезіне салып қарасаңыз, оның негізі кең ауқымды, әлемдік мән-мағынасы үлкен, өте ірі қадамдар мен жетістіктер саналатыны даусыз.

Тегінде, халықтың еркіндігінен артық ешнәрсе жоқ. Ал оның қадіріне жету – ортақ міндет және ортақ игілік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігін жүйелі жүзеге асыру барысындағы нақты істері мен саяси, экономикалық және рухани-мәдени бастамалары жұрт күткен бетбұрысты күшке ие болатыны шүбәсіз. Бұл ұстанымға деген зор үміт адалын айтсақ, бірте-бірте тиянақтала түсуде, сенім де артты. Бұл ыңғайда жұрт бір-бірін байытып, бір-біріне қолдау білдіріп отырғанын ашық айтуға тиіспіз. Сонымен бірге үй ішінде саясат соғып, төңірегіндегі өзгерістердің ақырын күтіп жүргендер де бар. Тұтынушылықтың және әрекетсіз жәрдемақыға жан бағудың жылдар бойғы салдары әлі де кете қойған жоқ. Мұндай жағдайлар мен көріністерден секем алудың қажеті де жоқ. Саясат сахнасына ендігі жерде сөзсіз мемлекет басқарушылардың жасампаз шоғыры келеді. Немесе толығып келе жатыр. Уақыт биігінен ұлтқа қызмет ететін саналы, ерік-жігері мықты жас ұрпақтың сапалы да тиімді жұмыстары қоғамда қарқын алған тұста сөз қуған, әрбір істің аңдысын аңдығандардың аясы тарылып, олар қуана-қуана даму көшіне бой түзейтін болады. Әлі-ақ осылай алға қарай жүреміз. Осы ретте әдеттегідей «көш жүре түзеледі» дегеннен гөрі «көш тура бағыттан таймай алға жүреді» деп батыл айтқанымыз абзал. Мұны ең алдымен, атқару органдары, Үкімет жиі айтуға тиіс. Сөз бен істе алшақтық болмауына тікелей жауапты министрлер мен әкімдер де ел алдына шығып, ескі жүйенің кемшіліктері мен қателіктерін қайталамас үшін адалдық пен кісілікті ұштастырып, биліктің ұлт мүддесі үшін «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» жанқиярлықпен жұмыс істеп жатқанын толық аңғартып отыруы өте қажетті талаптың бірі. Ашықтық пен жариялылықты естен шығармағаны абзал.

Егер Мемлекет басшысының қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформалардың мәні болмайтынын ескерткенін назарға алатын болсақ, біздің қоғамның дүниетанымында түбегейлі өзгерістер адамның мінез-құлқының да жаңаруын қажет етуі өте маңызды.

Бір кем дүние мен бір кең дүние арасында адамның парқын түсіну, жақсыны көре білу бар, көргеніңді ала білу бар, осыны ойлау жолы да адалдықты керек етеді. Жасыратын несі бар, аспанды бұлт торламай, күн қадірін білмейсің. Әр күн-арайлы таң, осы пиғыл-ниеттің пендешіліктен аса алмағаны ма, ақша, тек материалдық байлық алға шыққан заманда адамның не жасын, не қызметін сыйламау едәуір етек алғаны әуеліде ептеп ескерткеніміздей, адамгершілік ізгіліктер мен құндылықтарға ауыр тиіп отыр. Бұл қоғамды ойландырады және жастармен жанды байланысы қағаз жүзінде қалып, осыдан барып үлкендерді сыйлау, құрметтеу төмендеп кеткені ащы шындық.Бұл жақсы емес. Түзету керек.

Жаңа қоғам құрудың қадір-қасиетін әркімнің шынайы түсініп, қабылдауына қажетті уақыт та, ар-ұяты және абыройлы ету жағы да біздің еншімізде тұр. Мұны үлкендер де, жастар да мойындап, жауапкершіліктің қандай ауыр және келешек үшін қастерлі екенін жүрегімен сезінбей болмайды. Әйтпесе, арқа сүйейтін ересектеріміз көпшілік ортасында көш бастайтын емес, өкінішке қарай, жағымпаздық пен өтіріктің ұрығын себуші «ақылшы» адам ретінде қалып, прогресс емес, олардың бұрынғы «мінез-құлықты» сөздерін өз құлағымен естіп, абырой әпермейтін керағар, адал идеяға қайшы келетін қылықты өз көзімен көрген өрімдей жаңашыл жастар ренжімей тұра ма? Сосын өзін сыйлата алмаған үлкендерді сыйлау қайдан бола қойсын?! Орта буын толқындары да алаңдаулы. Кісімсіген кейіппен аяғын кері тартып тұрғандай, айналайындар-ау, ел-жұрт болып ықыласты бастамаларға ынтымақтастықпен үлес қосуды көрсетейік, деп ұран тастау емес, жалқаулық, еріншектік, немқұрайлық атаулы жат әдеттерден аулақ болып, жақсы қадамдарға жанашыр болайық деген ниетті ту етуге болады ғой. Жоқ, олай етуге құлқы да жоқ, «тек жергілікті әкімдерге ұнасам болды, жоғарыдағыларда не шаруам бар, майлы жілікті «мүжіп» төрде отырғанға не жетеді», дейтін пендешіліктен асып кете алмайды. Бізді тәрбие ісінде құртып отырған осы тақылеттес әдеттер. Көзге шыққан сүйел секілді. Әлі де осындай түсініктегі адамдар әлгіндей біртүрлі қызметтерінен әлі де кетәрі емес. Ал бұлар кейбір кездейсоқ мансапқа ие бола қалған әкім-қараларға «жағымды ақылшы ағалары» болуда. Өйткені, әлгі шенеуніктің өз ақылы көп тірлік шешіміне жетпейтін де шығар, ақыл-кеңес керек те болар, алайда басқа-басқа, бұрыннан түрлі қулық-сұмдықтарымен танымал, ел ішінде жөн-жосығы жақсы аталмайтындардың аты озып тұрғаны қалай? Ондай «төбе билер» санатында жүргендерді «данышпан», «ақылгөй» деп те кекесін, күмән, реніш тұрғысында атайтыны қалай?

Бұл билікке салқынын тигізе ме, жоқ па? Жергілікті әкімдіктерге…

Хакім Абай «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» деп айтқан жоқ па? Дәл осы сөзді бүгін де қайталап айтсақ, өте құнды.

Бір жарым жылдан бері еліміздегі саяси өзгерістер мен қоғам ішіндегі серпілісті жаңалықтарды уақыт тезіне салып қарасаңыз, оның негізі кең ауқымды, әлемдік мән-мағынасы үлкен, өте ірі қадамдар мен жетістіктер саналатыны даусыз.

Сонымен бірге ойласуға болатын жәйттар бар. Мәселен…Ұлттық идеологияның жергілікті жерде, өңірлерде бұқаралық деңгейде қамтып жүргізілуіне қатты мән беріп, халықпен ашық сөйлесе алатын қоғамдық тұлғалар мен кадрлар даярлаудың қажеттігі ерекше сезілуде. Жасырмай айтайық, кейбір өңірде ойы мен сөзіне көз тоқтатып қарайтын тұлғалы кісілер жоқтың қасы. Санаулы ғана…Мемлекетшіл адамдарды ынталандыру мен олардың жолын ашу саяси науқандарда ғана еске түседі, ылғи да белгілі бір қарт кісілерді залдың алдыңғы қатарына тізіп, отырғызып қоюмен жиын мағыналы бола бермейді. Біздің жаңа қоғам барлық аудиторияда ашық және іскерлік диалогты орнатудың арқасында демократиялық құндылықтарды құрметтейтін іс-әрекеттеріміз қала мен ауылда бірдей жандана түсуі қажет. Иә, ойымызды ұштай түсетін болсақ, ана шалғайдағы немесе қиян түкпірдегі ауылдарға неге министрлер ат ізін салмайды? Міндетті түрде Ауыл шаруашылығы министрі емес, ел жағдайы мен көңілін сезінуі үшін мәселен, Мәдениет және спорт министрі де қиян түкпірдегі Ырғыз бен Арал, Тарбағатай мен Сарысу жаққа жол жүріп барып, жұртшылықпен қоян-қолтық араласып жатса, қоғам өрісін кеңейтер еді. Ана бір жылдары бір жас министр шағын қалаға барған жол үстінде қарт Қаратаудың қыраттары мен қапшағай тастарын, жалаңаш тау табиғатын көріп: «Мұнда неге қарағай ағаш шықпайды?», деп масқараға ұшырағанындай болмас үшін де жаман болмас еді ғой. Басқа да министрлер орайын келтіріп, іссапарында облыс орталығынан немесе сол маңнан қайтпай, алыс аудандарды да аралап көргені өздерін де, мемлекеттік бағдарламалардың да танымалдығы мен тиімділігін баршаға жеткізетіні анық.

Заман өзгерді, адамдар да өзгеруі керек. Бірақ ол тез бола қоятындай емес. Ең керегі – әділеттіліктің барлық жерде көрініс табуы, түрлі көзқарастар мен ұмтылыс-құлшыныстардың мемлекет үшін мейлінше орнықтылығы. Әділетті Қазақстан рухында жалпыға ортақ тірліктер адамгершілік мораль мен адалын айтып, берекелі іс атқару, билікте жүргендердің сыбайлас жемқорлық атаулыдан мүлдем қол үзуі секілді ең күйіп тұрған сауалдарға жауап беретін деңгейде қалыптасатын болса, бәрі де түзеледі, ойға алғандарымыз орындалады деп сенеміз. Әсіресе, ел ішінде жиі айтылатын, маза бермейтін мемлекеттік сатып алу мәселесіне аса қатал, аса қаhарлы ұстаным мен ереже қажет. Сондай-ақ, қандай нысан болсын, бюджеттен бөлінетін қаржыға салынғандықтан оның басталуы мен аяқталуында жариялылық болуы да ерекше маңызды. Ал қазына қаржысын жымқырған, яғни жазықтылар мен қылмыскерлерге «сендейлерге түрменің есігі ашық» деген қатқыл ескертпеде аяушылық болмауын жұрт жақтайды, әрине.

Адамдардың мінез-құлық моделі жаңғырудың аясында атқарылатын мемлекетшіл, отаншыл, ізгілікті істер мен түрлі ұлағатты ұстанымдар аз болмас.

Дей тұрғанымен, саяси мәдениетті қалыптастыру мен ұлтқа қызмет етудің өміршең үлгісін кеңінен насихаттау, оларды ұлттық және тарихи санаға сіңіруде нені үлгі етеміз, қандай ұлттық және қоғамға ортақ қасиеттерімізді жаңғыртамыз, бәрі де соған байланысты. Бізде неге екенін қайдам, бойымызда заман үрдісіне сай өзгеріс әлі де жеткілікті байқалмайды. Қай істе болмасын бейқамдық басым ба дерсің. Осы жәйтті ойласу үшін айта отырып, Әділетті Қазақстан құруда бұл бейқамдықтың пердесі ашылып, сергек сана тезірек ой өрісіне шығатынына сеніммен қараймыз.

Жұрттың жиі айтып жүрген пікірін тыңдап көретін болсақ, осы орайда ойың кейбірде сан-саққа жүгіреді. Естігеніміз…

«Тек ғылымда ғана емес, барлық салада самарқаулық, сүлесоқтық билеп алған қазақ қоғамын…».

«Өйткені, бұрынғы қоғамның тәтті тірлігі таңдайынан кете қоймаған, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге үйренген халықпыз».

«Ащысын тез ұмытып, жанға жайлы жағына жалт бұрылып кетуге дайынбыз».

«Жалқаулық, жайбасарлық, сен салар да мен салар немқұрайдылық, оңаша бұзаудан гөрі ортақ өгізге иек артатын самарқаулық әбден бойымызға сіңісті болып кеткен»…деп жалғаса береді.

Біз бұл мін мен сыннан қандай сабақ алдық?

Ар тазалығы, сезім шынайылығы, мұрат тұрлаулығы – рухани кемелдіктің тірегі емес пе? Адал адамдар туралы сөз болғанда «Арлы адам – ең күшті адам» деген қағидамен өмір сүру жауапкершілігі біздіңше, ең қымбат құндылық. Ол саяси мәдениеттің де, қоғамдық ой-сананың да негізгі қозғаушы күші болуы тиіс.

Әділетті Қазақстанды құратын адамдардың жаңа болмысын, өміршең тағдыры мен жарқын келешегін тағы да айтқанда, біз мына жаңа заман үрдісінен ұтылмай, енжарлық салдарынан тиесілі өз олжамыздан кеш қалмай, ұлттық идеологияның жүйелі жүзеге асуына бір кісідей ортақ ақылмен мүдделілік танытуымыз қажет десеңіз, тарихи жауапкершіліктің тура өзі! Мемлекеттік саясаттың нағыз өзегі деп білеміз. Мұны шынайы жүрекпен сезінбей, тарихи және бүгінгі қоғамдық ой-сананы түбегейлі жаңғыртпай өркениетті ел мен жаңа қоғам дамуына серпіліс жасай алмаймыз, қадірлі ағайын!

Өзгерістің кең және әділетті өріс алуы өзімізден…

Әділетті Қазақстанның рухы әр күннің арайлы таңындай қастерлі!

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

қоғам қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support