Баспана алу бақыты кімдерге бұйырады?

Баспана алу бақыты кімдерге бұйырады?
ашық дереккөз
Баспана алу бақыты кімдерге бұйырады?
Қазіргі таңда тұрғындар үшін ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Әсіресе, игі мақсат- мұратты көздеп Таразға келген жастардың тұрғын үй алудан қиналып жатқаны рас. Осы жағын ескерген болуы керек, екі жылдан бері облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын қолға алып отыр. Аталған бағдарлама негізінен 2023-2025 жылдарға арналған. Біз бүгін тиісті жауапты мамандармен тілдесіп, жастарға жасалып отырған мүмкіндікті тарқатып айтуды жөн санадық. Аталған бағдарлама бойынша несиенің ең жоғарғы сомасы 15 миллион теңге көлемінде. Пайыздық мөлшері 5 пайыз, бастапқы жарнасы 5 пайыз. Несиені төлеу мерзімінің ұзақтығы 19 жыл. Сонда15 миллион теңгені 5 пайыздық үстемесімен 19 жыл төлеу үшін айына 70-75 мың теңге көлемінде қаржы құйылып тұруы керек екен. Бұл қаржы біреулер үшін қомақты көрінбегенмен, кейбір жастар үшін ауыр. Айлығы жүз мыңға да жетпейтін жалақы алатын жастар да бар ғой. Олардың жағдайы не болады? «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына іліну үшін жалақыңның мөлшері 160-170 теңгеден кем болмауы тиіс сияқты. Мәселен, осы бағдарламаны естігенде баспанаға зар боп жүрген талай жас қуанды. Үміттенді. Енді жеме-жемге келгенде жалақылары жоғарылар мен ата-анасының жағдайы барлар ғана қол жеткізіп, шын мұқтаждар тасада қалып кетпей ме деген ойға да қалады екенсің. Мұнан бөлек, аталған тұрғын үйді алудың шартында: «Сатып алынатын тұрғын үйдің құны қарыздың ең жоғары сомасынан асып кеткен жағдайда, бағдарламаға қатысушы сатып алынатын тұрғын үйдің құнын толық төлеу үшін ағымдағы шотқа өз қаражатынан айырма енгізуге міндеттенеді», деп көрсетілген. Бұл дегеніңіз, көрсетілген 15 миллион теңге мөлшердің үстіне қалтаңнан тағы шамамен 3-4 миллион теңге құясың, сөйтіп, 19 миллионға бағаланған кең пәтерге қол жеткізуге мүмкіндік бар деген сөз бе? Түсінудің өзі қиын. Бағдарлама денсаулық, білім, спорт, мәдениет саласында жұмыс істейтін жастарға және облысымыздағы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшілеріне арналған. Бірақ, аталған салада жұмыс істейтін техникалық, әкімшілік персоналды және мемлекеттік қызметкерлер мұндай мүмкіндікке ие емес. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар бар. Қатысушы азамат 35 жастан аспаған болуы тиіс. Соңғы жұмыс орнында жұмыс өтілі 6 айдан кем болмауы, 15 миллион теңгенің 5 пайыздық мөлшеріне жетерлік жинақ ақшасы болуы шарт. Қатысушыда жалға берілетін тұрғын үй, ерлі-зайыпты жастардың ортақ бірлескен тұрғын үйі болмауы тиіс. Үйді біздің облыс аумағындағы қала мен ауылдан сатып алуға мүмкіндік бар. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – отбасылы жастарға бірқатар қолдаулар бар. Бағдарламаның кейбір жеңілдіктері ұпаймен есептелетін болса, отау құрғанына бір жыл ғана болған жастар 2 ұпай ғана жинайды. Ал, отау құрғандарына 10 жыл немесе одан ұзақ уақыт болған жастар 11 ұпайға ие болады. Кімнің ұпайы жоғары, үйдің кезегі сол жас отбасыға тезірек келеді. Сондай-ақ, жас отбасындағы нәрестелерінің көп болуы да жас отбасының жақсы жақтары саналады. Біз осы орайда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхармен сөйлестік. «Бұл бағдарлама облыс жастары үшін тиімді деп есептеймін. Себебі, басқа мемлекеттік бағдарламаларға қарағанда алғашқы жарна сомасы мен жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмен болып отыр. Ал, өзге банктер 7 немесе одан да жоғары пайызбен береді. Егер, біз мамыр айына дейін келісімшартқа отыру мерзімінен кешіккенде, банктің ішкі ережелеріне сәйкес 8 пайызға дейін көтерілетін еді. Келесі жылы солай да болуы мүмкін. Қарызды төлеу ұзақтығы 19 жылға дейін қарастырылған. Былтыр 93 азамат «Отбасы банкке» жолдама алған. Дегенмен, төлем қабілеті мен несие тарихына байланысты 41 азамат ғана баспаналы болды. Осылайша, былтыр бөлінген 500 миллион теңге қаражат толық игерілді. Оның ішінде 35 жас Тараз қаласынан болса, Байзақ ауданынан 2, Қордай, Шу, Жамбыл, Талас аудандарынан бір-бір азаматтан алған. Ал, биыл бұл мақсатқа 1 миллиард теңге облыс тарапынан бөлінсе, «Отбасы банк» тарапынан да осынша көлемде қаражат қаралып отыр. Биыл жастардың өздері қалаған жерінен (облыс аумағында) баспана алуларына мүмкіндік қарастырылды. Жалпы, қаралып отырған қаражат көлемі 2 миллиард теңгені құрайды. Жақында ғана e-jambyl.kz платформасы арқылы бағдарламаға өтінім қабылдау жүргізіліп, 434 азаматтан өтінім келіп түсті. Енді арнайы комиссияның отырысы өтіп, төлем қабілеті жоғары 140 азаматқа «Отбасы банкке» жолдама беріледі. Одан кейін, аталған банк жолдама алған қатысушылардың төлем қабілеттілігін, несие тарихын тексере отырып, банк регламентіне сәйкес 140 азаматтың құжатын қабылдайды. Бұл тізім қалдық сомаға байланысты 10-15 азаматқа артуы да мүмкін. Биыл біз бұл бағдарламаны үш жылға арнап, келісімшарт жасадық. Енді бағдарлама кемі үш жылға жалғасып, қажетті қаржысы бөлініп отырады. Мен негізінен қатысушылар ішінде жас отбасылар көбірек болса деп ойлаймын. Салт жүрген азаматтарға қарағанда отбасылы жастардың баспанаға қажеттілігі жоғары. Отбасылы болғандардың төлем қабілеті де арта түседі. Меніңше, 750 мың теңге алғашқы жарна сомасы қолайлы деп есептеймін. Бүгінде алғашқы жарнасыз баспана беретін банктер жоқ. Бұл банкпен бекітілетін регламент. Егер қатысушы тұрғын үй қаржысының жарты көлемін толықтырып, депозиттің шотына 3 жыл толса, оған 3,5 пайыздық жылдық үстеме есептеледі. Бұл да – үлкен жеңілдік болады», дейді басқарма басшысы. Аталған басқараманың ақпараттық талдау және стратегиялық дамыту бөлімінің бас маманы Жансая Жексембаева «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасымен тікелей айналысады екен. «Басқарма «Отбасы банкке» жолдама алған азаматтардың құжаттарын түгендеп, аталған банкке жолдаймыз. Әрі қарай олармен банк жұмыс жүргізеді» деді ол. Біз «Отбасы банктің» облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірмановаға да хабарласқан едік. «Бұл жақсы ойластырылған жоба. Жас отбасылардың көпшілігінің мүмкіндігі жетіп жатыр. Себебі, 5 пайыздық жеңілдік – үлкен көмек. Біз де әр қатысушымен сөйлесіп, барлық мүмкіндіктерді түсіндіруден жалыққан емеспіз. Жастарымыздың баспаналы болып жатқаны жақсы. Осы ретте заң аясында барлық тиімділікті қамтимыз» деді Ж.Мейірманова. Былтыр аталған бағдарламамен баспана алған тараздық жас азамат Самат Бекболатов «Бұл бағдарламаның тиімділігі мол. Өзіміз де сол тиімділіктің көмегімен баспаналы болып қалдық. Өте қуаныштымыз. «Ұлы дала» шағынауданынан екі бөлмелі баспана бұйырды. Қазір ай сайын 102 мың теңге төлеймін. Төлеу мерзімі 13 жыл. Үйді өзіміз таңдауға мүмкіндік берді. Екі қызым бар. Бұйырса, құтты баспанам болады деп ойлаймын» деді. Бұл бағдарлама – жас отбасыларға жасалған жеңілдік. Қажетті жарнаны құйып, ай сайынғы төлемге қабілетті болса. Жауапты азаматтар жас отбасыларға да көбірек көңіл бөлеміз дейді. Тірлігін ойлаған, дамуды қалаған жастар үшін тиімді жоба. Ал, биыл бұйырса аталған бағдарламамен тағы да 140 жас отбасы қоныс тойын тойлайды.  

 Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар