- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

82

- Advertisement -

Испанияда парламент сайлауы өтті

Жексенбі күні өткен парламент сайлауы жазғы демалыс маусымына тұспа-тұс келгендіктен, бұл күні көптеген испан азаматтары өз үйінен жырақта болған, деп хабарлайды Euronews.

Сондықтан, олардың көпшілігі пошта арқылы таңдау жасап, азаматтық парызын орындағанын мәлімдеді. Мұндай дауыс беру түрі жұмаға дейін жүргізілді.

Премьер-министр, социал-демократ Педро Санчес өзінің партиясы аймақтық сайлауда консерваторлардан жеңілгеннен кейін мерзімінен бұрын жалпыұлттық сайлау өткізілетіні туралы жариялаған болатын. Сауалнама қорытындысы бойынша, парламенттегі көпшілік дауыс үшін осы екі саяси күш таласты.

40 жылдағы алғашқы жемқорлық дауы

Саяси тұрақтылығымен танылған Сингапурда ел үшін сирек құбылыс саналатын саяси дау-дамай туындады. Өткен аптада жоғары шенді министр жемқорлық ісі бойынша тұтқындалды.

Бұл кейінгі 40 жылда елде болған алғашқы жемқорлық дауы және ол жемқорлыққа қарсы беделімен мақтанатын мемлекеттің тұрғындарын дүр сілкіндірген жаңалық болды. Сингапурдың жемқорлыққа қарсы күрес қызметі көлік министрі С.Исваран мен миллиардер Онг Бенг Сенганы тұтқындады.

Сингапурда министрлерге қатысты жемқорлық ісі сирек кездеседі. Себебі, онда мемлекеттік қызметшілерге жемқорлыққа қарсы тұруы үшін жақсы жалақы төленеді. Кабинет мүшелерінің көбінің жылдық жалақысы 1 миллион сингапур долларынан (750 мың АҚШ долларына жуық) асады.

Сарапшылардың пікірінше, дау-дамай 1959 жылдан бері билік басында отырған және парламенттің басым бөлігін құрайтын Халықтық әрекет басқарушы партиясының беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Босқындарды елге кіргізбеудің амалын тапты

Ұлыбританияда баспана сұраған келімсектерді баржалар мен бос тұрған әскери нысандарда орналастыратын болды. Елдің ішкі істер министрлігі осындай алғашқы кемені көрсетті. Оның ішінде 500 ер адам тұра алады.

Премьер-министр Риши Сунак заңсыз миграцияға қарсы күресті өз саясатының басты мақсаттарының бірі ретінде жариялаған. Үкімет Ла-Манш бұғазы арқылы қайықтармен келетін босқындарды елге кіргізбеуді көздеп отыр.

Алдағы айларда олардың саны артады деп күтілуде. Мәселен, Мексикада полиция жол бойында тұрған жүк көлігінен 148 мигрантты анықтады. Олардың көбісі Орталық Америкадағы мемлекеттердің азаматтары. Сальвадор, Гондурас, Никарагуа және өңірдегі өзге елдердің мыңдаған тұрғыны Мексика арқылы АҚШ-қа жетуге тырысады.

Мигранттарды заңсыз тасымалдау қылмыстық топтар үшін көп пайда әкелетін кәсіпке айналған.

Дональд Трамп ісі: сот келесі жылы өтеді

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа қарсы сот процесі 2024 жылдың 20 мамырында басталады.

Оған мемлекеттік маңызы бар құпия құжаттарды өз үйінде заңсыз сақтады деген айып тағылып отыр. Сот отырысы президенттік сайлау науқаны кезінде өтеді. Прокурор тергеуді биыл желтоқсанда бастауды ұсынды, ал Трамптың адвокаты оны 2024 жылдың қарашасында өтетін президенттік сайлаудың соңына дейін қалдыруды сұрады.

Жалпы, Ақ үйдің бұрынғы басшысына 38 бап бойынша айып тағылды. Оның ішінде үлкендерге арналған кино актрисасы Сторми Дэниэлске үндемеу үшін ақша төлегені туралы, сондай-ақ несие алу үшін мүліктің құнын асырған алаяқтық ісі бар.

Украина халқы берешекке белшеден батты

Украинада банктен қарыз алып, қайтара алмай жүргендердің қарасы артқан. Ресми статистика әр үшінші азамат берешегін төлей алмайтын жағдайда деген мәлімет таратты.

Жоғарғы рада депутаттары болса, микрокредиттер бойынша мөлшерлемені бес есеге төмендетіп, арнайы заң қабылдауды ұсынды. Ал, қаржы ұйымдары мұндай заң банктерді одан әрі тығырыққа тірейді деп отыр.

2021 жылы украиналықтар несие алу бойынша рекордты жаңартып, 50 миллиард гривен несие рәсімдеген. Былтыр Украина үкіметі «несие каникулын» енгізгенде, ондаған қаржы ұйымы дағдарысқа тап болды. Жарты жылда Украинада қайтарылмаған қарыз көлемі 8,7 миллиард гривенді құрады. Ал, былтырғы берешек 5 миллиард гривен болған еді. Егер жағдай ушыға берсе, қаржы ұйымдарының қарызды қайтаруы қиындай түспек.

Twitter логотипі өзгереді

Twitter әлеуметтік желісінің иесі Илон Маск брендтің логотипін өзгертетінін жариялады. Ребрендинг жайында ол өз парақшасында хабарлады.

«Жақында Twitter брендімен және бірте-бірте бүкіл құстармен қоштасамыз», – деп жазды ол. Желі иесі өз парақшасында жаңа логотиптің кейбір нұсқаларын ұсынды. Илон Масктың айтуынша, құс X-пен алмастырылады. Өйткені, бұл адамдардың мінсіз еместігін, кемшіліксіз жан болмайтынын білдіреді. «Бұл бізді осындай бірегей етіп тұрған бүкіл кемшіліктерді көрсетеді», – деді ол.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support