Теміржол өткеліндегі түйткіл

Теміржол өткеліндегі түйткіл
ашық дереккөз
Теміржол өткеліндегі түйткіл
Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылында жаяу жүргіншілер мен автокөліктер кесіп өтетін теміржол өткелі бар. Ол жолмен тек аудан халқы емес, Мойынқұм, Шу аудандарына және Астана қаласына баратын көліктер де қатынайды. Сан тармақпен созылып жатқан болат жолдан ерсілі-қарсылы жүйіткитін пойыздар қарасы үзілмейді. Әрине, мұндайда автожол жабылады. Ал, ол көлік кептелісін тудыратыны айтпаса да түсінікті. Бұл ұзақ жылдар бойы айтылып келе жатқанымен, шешімін таппай жүрген түйінді мәселені тұрғындар билік өкілдерімен кездесулерде де, түрлі жиындарда да үнемі көтерумен келеді. Бірақ, әлі күнге нәтиже жоқ. Луговойлықтардың сұрайтыны да сол – көпір. – Мен осы Луговой ауылында теміржолдың арғы бетінде тұрамын. Жұмыс орным аудан орталығы – Құлан ауылында орналасқан. Жолдың жиі жабық болуынан жұмысқа кешігіп баратын болдық. Содан басшылықтан ескерту, сөгіс алып жатамыз. Тіпті, кешікпеу үшін ерте шықсақ та пойыз өтетін уақытқа сәйкес келіп қаламыз. Пойыздардың жүру кестесін білмеген соң алтын уақытымызды күтумен өткіземіз. Жоғарыдан келген билік өкілдерімен кездесуде үнемі айтамыз, олар уәде беріп кетеді, бірақ әлі өзгерген ештеңе жоқ. Халықтың игілігі үшін бір көпір салып беру неге қолдан келмей жатқанын түсінбедік, – дейді Таңат Молдасов. Бұл жағдай ауылдағы қос мектептің жұмысына да өз әсерін тигізіп отырғанын айта кеткен жөн. – Ауылда теміржолдың арғы бетінде М.Горький атындағы мектеп бар. Өзім сонда директордың орынбасарымын. Мектепте жұмыс істейтіндердің де, оқушылардың да жартысынан көбі теміржолдың екінші жақ бетінде тұрады. Өткелдің жиі жабық болуынан мұғалімдер де, оқушылар да кешігіп жатады. Әсіресе, қыс айларында көктайғақта кішкентай балалардың дәл сол жердегі қаптаған көліктердің арасынан жүруі тіптен қауіпті. Осының салдарынан ата-аналардың көбі балаларын ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейіне немесе аудан орталығындағы мектептерге береді. Қазір де бірінші сыныпқа баратын балалардың санын білу үшін ауыл тұрғындарымен сөйлессек, біразы әлгі өткелдегі қиындықты алға тартып, біздің мектепке баласын жіберуге қауіптенетіндерін айтады. Ал, Т.Рысқұлов атындағы мектеп- лицейінде орын аз, бала саны көп. Жолаушылардың «қашан көпір салынып, емін-еркін жүре алар екенбіз, қаншама жылдан бері бір көпір салуға бір мүмкіндіктің болмағаны ма?» дегенін көп естимін. Кейде асыққан адамдар жолдың жабықтығына қарамастан тез өтіп кетуге тырысады. Ал, пойыз дегеніңіз тежегішті басып бірден тоқтай қалатын көлік емес, өте қауіпті. Луговойлықтардың осы тілегі жоғарыдағы биліктің назарына жетіп, бізге бір көпір салып берсе екен, – дейді Жазира Кентаева. Расында да Т.Рысқұлов атындағы мектеп- лицейі 784 орындық білім ошағы. Алайда, бұл мектепте 1300 бала оқиды. Қазірдің өзінде 1-сыныпқа 99 бала қабылданған, 1 тамызға дейін келетіндері тағы бар. Ал, ғимараты зәулім, жақсы жабдықталған М.Горький атындағы орта мектеп теміржол өткелінің кесірінен тиісті оқушы санына жете алмай отыр.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар