- Advertisement -

Алма бағымен асқақтаған ауыл

42

- Advertisement -

Аудан орталығынан 119 километр қашықтықта орналасқан, аумағы 24 мың гектарды алып жатқан Қарасай ауылдық округіне қарасты Қарасай батыр және Еңбек ауылдарында халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту, тұрғындардың табысын арттыру мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бүгінде округтің ауылішілік жолдары және қиылыстары толықтай орташа жөндеуден өткен. Еңбек ауылындағы 100 орындық клуб үйі де күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Саламатты өмір салтын дамыту мақсатында екі ауылда да шағын футбол алаңшалары салынды. Ал, құрылысы былтыр басталған спорттық сауықтыру кешені биыл пайдалануға берілмек. Бұл сөзсіз ауыл жастарының спортқа деген құлшынысын арттыратыны анық. Округте 650 оқушыға арналған үш мектеп бар.

2020 жылы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепке 225 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл балалары 150 орындық 3 балабақшада мектепке дейінгі біліммен толық қамтылған.

Ауылдағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген дәрігерлік амбулаторияда тұрғындарға 23 медицина маманы қызмет көрсетеді. «Жомарт түлек» жобасы аясында ауыл жастары мен ауылдан шыққан меценаттар 2 гектар жерді қоршап, ағаштар отырғызып, «Алмалы саябақ» бой көтерді. Екі ауылдағы мешіт асханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Округте 96 шаруа қожалығы тіркелген, ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер көлемі 1 7 мың гектарды құрайды. Шаруа қожалықтарының негізгі кәсібі – егін, мал шаруашылығы және олар алма, алмұрт бақтарын өсірумен де айналысады. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгінде шаруа қожалықтарының кәсібі кеңейіп, өнім көлемі де артуда.

Президент тапсырмасына сәйкес, Қарасай батыр мен Еңбек ауылдарына газбен жабдықтау желісі тартылуда. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша биыл бірінші жартыжылдықта жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға 5 азамат ниет білдіріп, олар бүгінде өз кәсіптерімен айналысуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қордай ауданы, Қарасай ауылдық округінің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштері туралы жан-жақты айтып берген округ әкімі Күлжахан Елемесованың айтуынша, ауылда халықтың табысын, әл-ауқатын арттыру, аудан экономикасын дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

– Жаһандану заманында инвестиция тарту тек қалалы жерлерде емес, шалғай ауылдарда да өз жемісін беруде. Кеңес одағы тұсында ауылымыз алмасымен асқақтап, әлемге танымал болғаны белгілі. Сондықтан, ауылды дамыту мақсатында жойылып кеткен бақтардың орнына алма бағын өсіру үшін инвестиция тартылды. Бүгінде 118 гектар жерге интенсивті алма бағы тамшылатып суару жүйесімен өсірілуде. Нәтижесінде 30 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен, 300 адам маусымдық жұмыспен қамтылды. «Азия сад» серіктестігінің болжамды жылдық кірісі 2022-2023 жылы 2,7 миллиард теңгені құрап отыр. Былтыр басталған жеміс сақтайтын тоңазытқыш қоймасының құрылысы биыл қарашада аяқталмақ. Сонымен қатар, 30 орындық жатақхана құрылысы бой көтерді. 2024 жылы алма бағын 50 гектарға ұлғайтып, 100 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарда бар. Алдағы уақытта өнім көлемі мен алма сапасы мүмкіндік берсе, экспорттау мәселесі қарастырылуда, – деді Күлжахан Алмасқызы.

Жалпы, «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының бас жеңімпазы Күлжахан Елемесова басқарып отырған ауылдық округте биыл тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 786 миллион теңге қарастырылып, үй іргесіндегі жерді игеру, мал шаруашылығын дамыту, ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану, кооперативтерді техникамен жабдықтау және өз кәсібін ашу сияқты жобаның 5 бағыты бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support