- Advertisement -

Тағдыры бөлек тұлғалар

51

- Advertisement -

Көз жанарынан айырылған немесе көру қабілеті нашар адамдар да адамзат игілігі үшін тер төккен. Галилео Галилей, Клод Моне, Николай Лобачевский, Гарриет Табман, Хелен Келлер, Стиви Вандер сияқты тұлғалар адамзат тарихында өшпес із қалдырған. Біз де ел тарихы мен жалпы әлем әлманахында аты қалған зағип жандардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Гомер

«Илиада» мен «Одиссея» – ежелгі әлемнің ең танымал эпостары. Ежелгі дәуірдегі ең танымал зағип адам осы екі эпостың авторы Гомер. Оның өмірі туралы толық ақпарат жоқ, атақты ақын біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырда өмір сүрген деп айтылады. Гомер эпостарын көпшілік алдында жатқа айтып, оларды жылдан-жылға қызық оқиғалармен байытып отырған. Бұл эпостардың маңызы – олар сол кездегі рух пен мәдениеттің жаршысы және басқа шығармалардың тууына себеп болды. Әлемге әйгілі «Троя» көркем фильмі де Гомер эпостарының сюжеті негізінде таспаланған.

Андреа Бочелли

Андреа кішкентай кезінен бастап көз ауруына шалдығып, 12 жасына дейін 12 ота жасатқан. Соңында көзі мүлдем көрмей қалған. Басында қатты күйзеліске түскен бала тек ән айту арқылы жұбаныш тапты. Ауылдағы шаруа қожалығында тұрған Бочелли адамдар бар-жоғына қарамай дауыстап ән айта беретін. Күндіз білім алған Андреа түнде мейрамханаларда ән айтып ақша тапты. Даңқ баспалдағын бір-бірлеп басқан ол мыңдаған көрерменнің алдында ән айтатын танымал әншіге айналды. Көрермен ішінде атақты Рим Папасы да бар еді.

Дэвид Бланкетт

Оның туа біткен зағип күйіне қарамастан Ұлыбритания Премьер-министрі Тони Блэр оны ішкі істер министрі қылып тағайындаған. Ата-анасы «өзіңе сен» деп өсірген Дэвид Шеффилд қалалық кеңесінің мүшесі бола отырып, саяси және әлеуметтік ғылымдарды жетік меңгерді және саясатқа белсене араласты. 1987 жылы Парламент мүшесі болған Бланкетт кейін министр болып тағайындалды.

Шөже ақын

Шөже Қаржаубайұлы бала кезінде зағип болып қалған. Өлең шығару дарыны жас кезінен-ақ байқалған. Үлкен айтыстарда 17 рет жеңіп шыққан. Абаймен кездесіп, халық эпостарын, әндері мен аңыздарын біліп, оған зор ықпал жасаған. Шоқан Уәлиханов 1864 жылы 5 наурызда өзінің Омбыдағы пәтерінде Шөже орындаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының ең тандаулы нұсқаларының бірін жазып алып, Шөженің ақындық шеберлігіне жоғары баға берген.

 

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support