- Advertisement -

Қожа Ахметтің ізі қалған – Тамды қалашығы

17

- Advertisement -

Қалашық Талас ауданы Қаратау қаласының батыс шетінде, Тамды өзенінің оң жағасында орналасқан. VІ–ХІІІ ғасырларға жататын жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне 2010 жылы енген археологиялық ескерткіш. Қалашық жобасында төртбұрышты келген, көлемі 300х180 метр болатын төбе ретінде сақталған. Ескерткішке 1941–2017 жылдар аралығында ғалымдар тарапынан әртүрлі бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген.

Жан-жақты зерттеулер нәтижесінде қаланың орталық және шаруашылық бөліктерінің стратиграфиясы зерттеліп, оның қалыптасу тарихына, бекініс жүйесіне қатысты деректер алынды. Ғалымдар қаланың атауын жазба деректердегі Берукет (Паракент) қаласымен баламалап жүр. Хутухчин мен Берукет қалалары Тараздың солтүстік-батысында орналасқан.

Х ғасырдан бастап Берукет деп атала бастайды. ХІІІ ғасырдағы армян патшасы Гетум Тараздан шыққан соң, Хутухчин, Пергант арқылы өтіп, Сугулханға жүргендігін жазады. Хутухчин мен Берукет (Пергант), өз кезектерінде Майтөбе мен Тамды қалаларының орындарында болса керек деген болжам бар. Ал, қазақстандық археолог ғалымдар Тамды өзені жағасындағы Тамды қаласы деп болжайды. Әл-Мукадаси бұл қала туралы «Берукет – үлкен қала. Берукет пен Баладж түркмендерге қарсы шекаралық бекіністер», – деп сипаттайды.

Жазба деректерде аты кездесетін Тамды сөзін осы өңірде ғұмыр кешкен әулиенің есімімен, бұлақ пен өзен атауымен байланыстыратын аңыз әңгімелер де көптеп кездеседі. Сондай аңыздардың бірінде Қожа Ахмет Яссауи Қаратау өңіріне келіп, тұрақтап, жуынған жерінен бұлақтың көзі пайда болады. Мұны Құдайдың құдіреті деп білген бір шәкірті сол бұлақтың басында қарауыл болып қалып қояды. Кейін осы бұлақ та, одан аққан өзен де әулиенің шәкіртінің атымен Тамды аталған деседі.

Тағы бір аңызда есте жоқ ескі заманда осы өңірде таңдай кептірер ыстық жел соғып, қуаңшылық болған деседі. Аң-құс біткен ауып кетсе керек. Сондай кезеңде Пайғамбарымыздың сахабасының бірі Ақтас шоқысының баурайындағы ағашты саялап отырып, Жаратқаннан жаңбыр жіберуді тілеп, қолындағы асатаяғымен қара жерді түртіп қалса, жер астынан су атқылап, маңайды көл етіпті. Сол оқиғаны тамашалап қарап тұрған жұрт: «Тамды, жаңбыр жауды, жерге Алланың нұры тамды» деп шулаған дейді. Содан бастап арналы өзенге айналған жерді Тамды деп атапты-мыс. Бұл аңыз, әрине. Тамды өзенінен өте бере оң жағында көпшілік «Ұйқыдағы ару» атап кеткен шоқы қол бұлғап қала береді. Ары қарай сәл жүрген соң оң жақтан Ырғайлы тауының сұлбасы көрініп, сол жағынан Байжан сай жолы тауға қарай ирелеңдеп жатыр.

Қазіргі таңда ескі қалашыққа жақын жерде Тамды аталатын бұлақ пен әулиенің моласы бар. Жергілікті халық басына барып тәу етеді. Өзен мен қала атауының ескі құжаттардан кездесуі және ғылыми жұмыстардың нәтижесі бойынша ІХ–ХІІІ ғасырларда қаланың сәулетті құрылыстары жергілікті мұсылмандық үлгіде салынғандығы ел аузындағы аңыздар, жазба деректерде айтылған мәліметтерге жақын келеді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support