- Advertisement -

Балаңыз кітап оқып жүр ме?

72

- Advertisement -

Артық білім – кітапта. Алдыңғы толқын ата-апаларымыз өмірін кітаппен байланыстырды. Ал, қазіргі таңда әлеуметтік желі белең алып тұр. Барлық керегіңді осынау заманауи құндылықтың ішінен табасың. Дегенмен, соның өзінде кітаптың орнын, көркем шығарманың құндылығын ештеңе алмастыра алмайтыны анық. Осы орайда «Балаларыңыз кітап оқып жүр ме?» деген сауалмен әуелі Дінмұхамед Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына бардық.

Аталған кітапхана директорының орынбасары Толқын Күзенова осында 108 мың 311 дана кітап қоры бар екенін, оның ішінде 64 мың 700-і балаларға арналғанын айтып өтті. Жалпы, балалар оқитын кітап қоры жеткілікті екені рас. Мәселе осы асыл қазыналарды балалардың қаншалықты оқып жатқандығында.

Аталған кітапханада жасөспірімдер және балалар секторы бар. Осы екі сектор бойынша күніне 80-90 оқушы кітап оқуға келіп-кетіп жатады екен. Бір қуанарлығы, оқушылардың өздерінің белсенділігінен бөлек оларға мектептегі мұғалімдері де оқуға тұрарлық кітаптар тізімін береді. Тараз қаласындағы үздік мектептің мұғалімдері оқушыларды қолдарынан жетектеп апарып, кітапхана құндылықтарымен таныстырады екен.

– Біздің кітапхананың жасөспірім оқырмандары қазақ әдебиетінің классиктері Бердібек Соқпақбаевты, Оралхан Бөкейді, Дулат Исабековті, Төлен Әбдікті әлі күнге қызыға оқиды. Жерлестеріміз, белгілі жазушылар Әлдихан Қалдыбаевтың, Пернебай Дүйсенбиннің, Көсемәлі Сәттібайұлының шығармалары да қызығушылықпен оқылуда. Ертегі кітаптар көп сұранысқа ие. Бізде ата-аналардың белсенділігі де жақсы. Біз ерекше балаларды да қамтимыз. Арнаулы мекемеде қызмет алып жатқан балаларға көркем шығармаларды өзіміз апарып береміз. Балаларды кітап оқуға қызықтыру үшін түрлі іс-шаралар, акциялар ұйымдастырамыз, – дейді Толқын Күзенова.

Ал, кітапханадағы балалар секторының меңгерушісі Анар Дүйсенова 4-11 жас аралығындағы балалармен жұмыс жүргізетінін, 4 жасар балаларға суреттер салғызу, суретті кітаптар арқылы қызықтыру өзекті екенін, 6 жастағы бала қысқа ертегі тыңдайтынын, 7-8 жастағы бала қысқа ертегілерді өздері оқитынын айтып берді.

Мұнан соң кітапханалармен жиі байланысып жүрген психолог маман Ақмарал Ябекованың пікірін білдік. – Қазір әлеуметтік желі, интернет заманы. Балалар керек ақпаратының бәрін сол жерден алып жатыр. Бірақ, ол қажеттіліктер кітаптың орнын алмастыра алмайды. Ал балаларды кітап оқуға баулу үшін алдымен бала емес, ата-ананың өзі кітап оқу керек. Тіпті, отбасы болып оқулары қажет. Ата-ана шамамен 30 минут бұрын балаларына кітап оқуға отыратындарын айтуы тиіс. Сол белгіленген уақытта, айталық, сағат 20.30-да теледидарды, ұялы телефондарды тегіс өшіріп, кітап оқуға кірісулері керек. Бірақ, ұзақ уақыт емес. Бастапқыда күніне 20-25 минут отбасымен бірге оқыса жетеді.Бала бірнеше кітаптың арасынан ертегі таңдай ма, тарихи кітапты, саяси кітапты таңдай ма, шектемеу керек. Бала таңдаған кітабын оқығаны жөн. Бірақ, күн сайын бір мезгілде сол үрдіс жасалып тұруы қажет. Үздіксіз үш апта жалғасса өте жақсы. Содан кейін балаңыз кітапты өз бетінше іздеп оқи беретін болады, – деді психолог.

Біз аудандарға да хабарласып, балалардың кітаппен байланысы жөнінде білдік. Т.Рысқұлов ауданы Құмарық ауылдық балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлнұр Базарбаева: «Біздің кітапханада 4290 дана кітап бар. Соның ішінде 2890 данасы қазақ тілінде. Ауылымызда 4 мыңға жуық тұрғын бар. Тәулігіне кітапханамызға 25-30 бала келеді. Жалпы, 490 оқырманымыз бар. Біз келген оқырман балалармен қызықты ойындар ойнаймыз. Түрлі үйірмелерге қатыстырамыз. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге телеэкран арқылы түрлі қызықты ертегілер қойып береміз. Қалай болғанда да оқушы оқырмандарымызды көбейту жолында барлық мүмкіндікті пайдаланамыз», – деді.

Тараз қаласының Құрметті азаматы Жетпісбай Медеуов ақсақалдан да немерелерін кітапқа қалай қызықтырып жатқаны жөнінде пікірін білген едік. «Менің 2,7,8,11 сыныптарда оқитын немерелерім бар. Олардың кітап оқуға қызығушылықтары жақсы. Бәрі Б.Момышұлы атындағы гимназияда оқиды. Гимназияның жақсы кітапханасы бар. Немерелерім осы кітаптармен сусындап жатыр. Үйімде де 2,5 мың дана кітап жинақталған жеке кітапханам бар. Оның ішінде балалардың танымына сәйкес келетін шығармалар жеткілікті. Бұрын ұл-қыздарыммен бірге кітап оқушы едім. Қазір немерелеріммен бірге отырып кітап оқуға көңіл бөліп жүрмін», – деді қария.

Талас ауданы, Көктөбе ауылында тұратын 73 жастағы әже Нүркүл Дәнебаева жас күнінен кітапқа құмартып өскенін, қазір немерелерімен бірге ауыл кітапханаларының кітабын оқып жүргенін айтты. «Кітап оқыған өте жақсы. Ондай балалар жақсы азамат болып қалыптасады. Өзімнің немерем Назерке Оңғар кітапқа қызығушылығының арқасында бір мекемеде баспасөз қызметкері болып еңбек етуде. Өлең жазып та көзге түсіп жүр. Өлеңдеріне ән жазылып жатыр» деп өз ойын бөлісті.

Оқушылармен де сөйлестік. Тараздық мектеп оқушысы Гүлназ Базарбай: «Кітап – жан азығы. Жылына 20 кітаптан кем оқымаймын. Кейде одан да көбірек оқимын. Өлең жазып жүрмін. Оқушылар арасында облыстық мүшәйраның бас жүлдегерімін. Оның барлығы кітаптың арқасы деп есептеймін», – деді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне де хабарластық. Байзақтық ұстаз Айнұр Омарова «Ешқандай оқушыны қинап кітап оқыта алмаймыз. Бірақ, жоғары сыныптардағы оқушыларыма жаз мезгілінде оқып шығыңдар деп, жиырмаға жуық кітаптың тізімін бердім» десе, тараздық Шарипа Бегалы: «Біздің мектеп – аралас мектеп. Орыс тілі басымдау. Дегенмен, өзім сабақ беретін сыныптың оқушыларына орыс тілінен аударылған кітаптарды мүмкіндігінше көп оқуды тапсырдым», – деп жауап берді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support