- Advertisement -

Жындар әлемінің құпиясы

268

- Advertisement -

Жалпы, тылсым әлемі адам баласы үшін қашанда құпия. Ал, адамдармен бірге параллель өмір сүретін, бірақ көзге көрінбейтін жындар әлемі бойға қорқыныш ұялататыны рас. Осы тұста «Жынның адам бойына кіргендегі мақсаты қандай? Оған адамнан не қажет? Жын кірген адамды қалай білуге болады және сондай жағдайда не істеу керек?» – деген сыңайлы сұрақ туындайтыны рас. Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Қазақта жынды шайтан, ібіліс, әзәзіл, пері, дию деп атайды. Шайтан – жын топтарының өте тәкәппары, зияндысы. Шайтан «алыстатылған», «шектен шыққан» деген мағынаны білдіреді. Олардың иман келтіргендерін «жын» деп атаса, имансыздары тек «шайтан» деп аталып, ібілістің әскерінің қатарында болады. Ібіліс – Адам атаға сәжде жасаудан бас тартқан жындардың атасы. Хадисте жынның үш түрі көрсетілген. Біріншісі – аспанда ұшып жүреді. Екіншісі – жыландар мен иттерде өмір сүреді. Үшіншісі – бір орынға негізделген, алайда, жылжуға қабілетті.

Жындарға сыртқы пішінді өзгерту қасиеті берілген. Адам жындарды түрлі бейнеде: ешкі, жылан, жолбарыс, сарышаян, ат, түйе, қой, құс, адам тағы да басқа кейіпте көре алады. Жындар әдеттен тыс жылдам қозғала алатындығымен ерекшеленеді.

ЖЫН ШЫҒАРУ ЖОЛЫНДА

Жын әлемінің құпиясын зерттеу барысында жын шығаратын имам-молдалармен тілдесуді жөн көрген едік. Алайда, көбі «Мен қазір жын шығарумен айналыспаймын» деп, бұл тақырыпта сөйлесуге үзілді-кесілді қарсылық танытты. Оның себебі, біреудің бойынан шыққан жын сол молдаға өштесіп, соңына түсіп алатын кездер де кездеседі екен. Сондықтан, кейбірі түрлі соққыдан соң жын шығарудан бас тартып кеткен. Олар бұл тақырыпта әңгіме өрбітуді қаламайтынын жеткізді.

Қала шетінде орналасқан мешітке аялдадық. Осында жын шығаратын имам бар екенін естіп, бірді-екілі сұрақ қоюға асыққанбыз. Мұнда адам қарақұрым екен. Жалғыздықтан жапа шеккен, жолы болмай, әлдебір күйзелістен жанына дауа сұраған, бойын дерт билеген, есі ауысқан, түрлі жағдайда дертіне дауа іздегендердің бәрі осында.

Кезекте тұрғандардың арасына барып, жайғастық. 6-7 жасар ұл анасының апшысын қуырып барады. Жерден қолына ілінгенін алып, жан-жаққа лақтырып, жақындағанның бәрін жұдырықтай берген соң, қолын байлап тастады. Тістеніп, ышқынып, бірде ұлып, енді бірде ырылдап, түрлі дыбыс шығарып, айбат шеккен ұлды тоқтатудың бұл соңғы амалы екенін ұқтық.

Бойымды үрей билеп, бір бұрышта іштей шошып отырғанымызды сезсе керек, өзімен өзі сөйлесіп отырған әйел: «Қорықпаңыз, жын кірген сияқты» деп ыржия күлді. Бұл сөз үрейімді одан сайын үдете түсті. Әйел маған жақын отырып: «Дәл қазір маған да жердегі топырақты шаш, ұр, жүгір» деп мазалап жатыр», – деді.

Кім мазалап жатқанын түсінбеген күйде таңырқай қарадық. Есесіне ол түсіне қойды да: «Менің ішімдегі жынды айтам. Шығартып тастауға қимаймын. Әбден үйреніп, бауыр басып қалғанмын. Екеуміз сөйлесеміз, сырласамыз. Кейде ұрысып қаламыз. Көбіне ол жеңеді. Себебі, мен оның айтқанын істемей қойсам, мені жазалап, ұрып, тыныштық бермейді. Түбі ойына келгенін жасатады. Бірақ, ата-анам «шығарып таста» деп осында алып келді. Алайда, мен оның кетіп қалғанын қаламаймын. Осы жасқа дейін күйеуге шықпадым, не балам жоқ. Жігіт те қарамайды. Бар ермегім осы еді. Оның үстіне, әр адамның алдында не күтіп тұрғанын сыбырлап айтып тұрғаны да қызық», – деді де, бойын әлдебір мазасыздық билесе керек, ары-бері жүгіре бастады. Орамалын бір шешіп, бір тақты. Дәл қасыма келді де: «Бәрін біліп тұрмын. Бірақ осылай жаса деп жатыр», – деді де қайта жүгіріп кетті.

Іш кекіруге мүмкіндік жоқ. Қанша оқталғанымызбен, дертіне дауа іздеп, өз кезегін күткен жандар жолатпаған соң, амалсыз адам аяғы басылғанын күттік.

Осы сәт бұрынырақ хабар алысқан қари-имам Махмуджон Асадуллаевтан қоңырау түсті. Кездесу барысында имам өз басынан өткен оқиғаларымен бөлісті.

– Арнайы аяттарды оқып, дем салғанда жындар өзімізге күш көрсетіп, айбат шегеді. Кәпір және мұсылман жындар болып бөлінетін олар адамның ішіне түрлі жағдайда кіреді. Менің ұстазым қасына ауырып тұрған адам келгенде, ішінде жын бар екенін бірден сезіп қояды. Науқасты оқыған сәтте ішіндегі жын сөйлеп, не себепті оның ішіне кіргенін айта бастайды. Бір кісі моншада шомылып жатқанда, бір шелек суды жынның балаларына шашып жіберген екен. Олар күйіп өліп қалады. Жын ол кісіден кек алып, қинап, өлтіру мақсатында ішіне кіріп алған екен. Жынмен тілдескен ұстазым: «Бұл адам балаларыңды көріп тұрып әдейі өлтірген жоқ. Бұл абайсызда болған оқиға. Енді сен бұл кісінің бойынан шық, бұл адамды мазалама» дегенде жын: «Құран сүрелерінде арнайы жерлерге барғанда оқылатын түрлі сүрелер бар. Бұл адам егер моншаға кіргенде оқылатын дұға аяттарын оқығанда, мен сол кезде балаларымды алып, шығып кетер едім. Енді өзінен көрсін» деп қасарысқан екен.

Бірде екі жас отау құрған еді. Келіншек жүзі жылы, мінезі салиқалы, өте жақсы келін болып шықты. Бірақ, күйеуін қасына жақындатпай, ұрып-соғып, айбат шегеді екен. Ертесі үйіне шақырды. Келін өз тірлігін істеп жүр. Ештеңе байқалмайды. Келіншекпен жеке сөйлесіп, мән- жайды сұрастырдық. Жын тек келіншектің көзіне көрінеді екен. Күйеуі екеуінің ортасына дәу қара жылан болып жатып алатын көрінеді. Күйеуі жақындағанда әйел тұншыға бастайды да, бойына ерекше күш дарып, күйеуіне шабуыл жасайды. Бұл жынмен сөйлесу барысында қызға ғашық екенін білдік. Қанша талпынғанымызбен, әйелдің бойынан әлгі жынды шығара алмадық. Соңыра екі жас ажырасып тынды, – деді Махмуджон Асадуллаев.

Қазақ қоғамында үлкендер күл-қоқыс басуға болмайтынын, иесіз жұртқа түнемеу керектігін, кірдің суын аяқ астына төгуге болмайтынын жиі айтады. Негізі мұндай жерлер «жын жайлаған» орынға жатады. Есінен адасқан адамды «жын соқты», «сайтан шалды», «албасты басты» деп есептеп, бақсы ойнатып, дұға оқытып, ұшықтап емдеткені де рас.

Негізі жын адам бойына қандай жағдайда кіреді? Құлшылыққа бейғам, намаз бен Құран оқуды тастап кеткен, дəрет-ғұсылға ұқыпсыз, жеке қалғанда жеңіл киініп жүретін әйелдерге үйір болады екен.

АДАМ ДЕНЕСІНЕ ЖЫН КІРГЕНДІГІН ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ?

Себепсізден-себепсіз ұйқысыздық басу, жиі қорқынышты түс көру, ұйқы кезінде күліп, жылап немесе айқайлау – жын кіргеннің салдары болуы мүмкін. Кеудені ауырлық басып, дем алғанда қиындықтың тууы, мұрыннан себепсіз судың аға беруі, жұбайына жолауға деген құштарлықтың жоғалуы да соны білдіреді. Галлюцинация мазалап, дене буындары себепсіз ауырып, медицина қауқарсыз болса, бұл да жын кірудің бір себебі екен. Құран тыңдауды жек көру, әжетханада ұзақ отыру, жалғыз қалуға əуес болу, жиі есінеу, белгілі уақыттарда ғана ауруды сезіну, бұрын жақсы көргенін жек көре бастау, себепсіз жиі жылау, міне жын кірудің басты белгілері осылар.

ОЛАР ТУРАЛЫ ҚАСИЕТТІ ҚҰРАНДА НЕ АЙТЫЛҒАН?

«Ол Адам атаны қыш, құмыра секілді құрғақ лайдан жаратты. Ал, жынды оттың жалынынан жаратты» делінген. Құранда жын адамнан бұрын жаратылған делінеді. «Біз адамды қара балшықтың өзгертіліп, кепкенінен жараттық. Ал, жынды адамнан бұрын, қызуы қатты түтінсіз оттан жараттық» деуі осының дәлелі. Жын адамға көрінбегенімен, адамды ол көре алатындығы жайлы Құранда: «Негізінде, ол және оның тектестері сендерді, сендер олар көре алмайтын жерден көреді» – деген. Жын адамды азғырып, оны дұрыс жолдан тайдыру үшін ғана әрекет етеді.

Алла Тағала бұл туралы: «Ақиқатында, шайтан сендерге жау, сондықтан, оны жау тұтыңдар. Ол өз тобын оған ерушілерді Саъирға, (тозақтың бір аты) кіргізілетіндер қатарында болуға шақырады» – деп айтқан. «Бақара» сүресінің 169-аятында «Шын мәнінде, ол сендерге жамандық пен жиіркенішті істерді әрі Алла туралы білмейтіндеріңді айтуды бұйырады» десе, «Мәида» сүресі, 91-аятында «Негізінен, шайтан мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындар арқылы араларыңа дұшпандық пен жеккөрушілік салып, сендерді Алланы еске алудан және намазды толық орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?» делінген.

ІБІЛІСТЕН САҚТАНУДЫҢ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

Адам баласы Алланы үнемі еске алып, қасиетті Құраннан сүре, намаз оқып, халал ас ішіп, жамандықтан аулақ болуы қажет. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар. Бақара сүресі оқылған үйден шайтан қашады», «Сен ұйықтар алдында Аятүл-Курсиді оқып жат. Алла саған күзетші қойып, таңға шейін шайтан жолай алмайды» және «Түнде Бақара сүресінің соңғы екі аятын оқыған адамға сол жеткілікті» дейді. Оған қоса, ұйықтар алдында Құранның «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін оқып жату керек. Алла Тағала тек өзіне шынайы ниетпен жалынған, медет тілеген пендесіне әр кез өзі қорған болады. Таза жерден ас ішіп, лас жерден бойды аулақ ұстап, Құран аяттарын оқып тұруды әдетке айналдырған абзал. Жын иектеген жан оңбас. Алла сақтансаң сақтайды!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support