- Advertisement -

Жаңа тәсілдер қылмыстың төмендеуіне септігін тигізуде

105

- Advertisement -

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында ел ішінде заңбұзушылықты жою мен адам құқықтарының қорғалуына айрықша мән берген болатын. Жолдауда Мемлекет басшысы «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды» дей келе, құқық қорғау саласына тың тәсілдермен әділдік орнатуда жұмыс істеуді баса айтқан еді.

«Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады» деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен өңірімізде қылмыспен күресуде жүзеге асып жатқан оң істер де жоқ емес.

Облыста прокуратураның қадағалау қызметі жаңа тәсілдер арқылы жүйелі мәселелерді шешуде айтарлықтай нәтижеге жетіп отыр. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, қылмыстың жолын кесу бойынша енгізілген жаңа тәсіл облыстағы құқықтық тәртіпті жақсартып, жыл сайын заңбұзушылықтардың қатары төмендеп келеді. Мәселен, 2020 жылы 6197 қылмыс тіркелсе, 2021 жылы ол 5667-ге кеміп, былтыр 5042 болған, биылғы алты айда 2049 қылмыс орын алыпты.

– Прокуратураның қадағалау қызметі алдымен проблеманы анықтап, оның себептерімен жұмыс істеуге бағытталады. Басты назар мәселені шешуге аударылады. Айталық, «Тараз – қауіпсіз қала» бағдарламасы 3 жыл бойы өңірде сәтті жүзеге асып келеді. Бағдарлама прокуратураның бастамасы бойынша қоғамның, мемлекеттік органдардың ой-пікіріне сүйене әзірленіп, мәслихатпен бекітілді. Сондай-ақ, дағдарыстық жағдайды түзетуде ғана емес, сонымен қатар жауапты органдар үшін мақсатты индикаторлар мен бағалау критерийлерін белгілеу арқылы жүйелік проблемаларды жоюға негізделді. Бағдарламада қажетті шаралардың әрбір қадамы көрсетіледі, 7 бөлім және 51 тармақ бар. Ол үшін 1,8 миллиард теңге қаражат бөлінуде. Қаржыландыру инфрақұрылымды жаңартуға, процестерді цифрландыруға, учаскелік пункттерді ашуға және жастарды қоғамдық жұмыстарға тартуға, жұмыс орындарын ашуға бағытталды. Нәтижесінде Тараз қаласында 10 мың тұрғынға шаққанда құқықбұзушылықтар саны 2 есеге азайды. Бұл – облыс орталықтарының қылмыс көрсеткіштері арасындағы ең төмен деңгей болып отыр. Үйлестіруші рөл мен қабылданып жатқан шаралар облыстағы қылмыстың 21 пайызға, яғни 3125-тен 2442-ге дейін төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қаруды қолдану арқылы жасалған қылмыстар 63 пайызға, 50- ден 12-ге дейін, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына байланысты құқықбұзушылықтар 57 пайызға, 277-ден 118-ге дейін төмендеді. Ұрлық 33 пайызға, мал ұрлығы 5,8 пайызға, қарақшылық 57,1 пайызға және тонау 10,4 пайызға төмендеген. Халық арасында белсенді құқықтық түсіндіру жұмыстары алаяқтық санының азаюына, оның ішінде интернет алаяқтықтың 40 пайызға төмендеуіне әсер етті. Сонымен қатар, кісі өлтіру қылмыстары 31 пайызға төмендегені байқалады, – дейді Нұрғалым Мәжитұлы.

Биылғы 6 айда прокурорлар 771 адамға қатысты 679 қылмыстық іс бойынша сотқа қатысқан. Прокурорлардың өтінішхаттарымен 55 адамға қатысты сот актілері өзгертіліп, заңға сәйкестендірілген, оның ішінде 15 сотталушының жазалары жеңілдетіліпті. Мысалы, Қордай ауданы сотының үкімімен ірі мөлшерде пара алғаны үшін аудандық салық басқармасының бұрынғы басшысы (С.Касабаев) мен жетекші маманы (Э.Сейткерим) айыппұл түріндегі жаза арқалаған. Прокурордың өтінішхатымен тағайындалған жаза бөлігі өзгертіліп, апелляциялық соттың қаулысымен оларға 8 және 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Өткен мерзімде арнайы прокурорлармен 4 іс тергеліп, оның 3 ісі прокурорлық тексерістің нәтижесімен анықталған.

Қылмыстық істермен мемлекетке келтірілген 55,2 миллион теңгеден астам шығын анықталып, оның 42,2 миллион теңгесі қайтарылыпты. Биылғы ақпан айында Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы (З.Тұрсынұлы) және мердігер («АлматыМонтажСтрой» ЖШС басшы Е.Шлеев) автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген 32,4 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны анықталған. Тергеу барысында келтірілген шығын толық көлемде қайтарылыпты.

– Халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін «Сенім маршруты» жобасын іске қостық. Оның механизмі ең алдымен, жауапты уәкілетті органдардың шараларды бірлесіп жоспарлауы, жеке іске асыруы, соңында нәтижелерін мекемеаралық жиналыста қарау. Уәкілетті және құқық қорғау органдарының күшін жұмылдыра отырып, алдымен көптен бері шешімін таппаған тұрғындардың 32 мәселесін және кәсіпкерлердің 5 мәселесін шештік. Халықпен диалог тұрғындардың өтініштерін қарау арқылы да жүзеге асырылуда. Жалпы 3771 жолданым қаралып, оның 1672-сіне жауап беріліп, 301-і қанағаттандырылды. Жолданымдардың басым бөлігі қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне, тергеудің созбалаңға салынуына, олардың біржақты және толық жүргізілмегендігіне, бұлтартпау шарасын өзгертуге қатысты. Осы мәселе облыс прокуратурасында Үйлестіру кеңесі отырысында кеңінен талқыланды. Үйлестіру кеңесінің шешімімен арыз-шағымдарды қарау тәртібіне қатысты ұсыныстар әзірленіп, орталық органдарға жолданды. Нәтижесінде қылмыстық істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың процестік шешімдері мен əрекеттеріне шағымдарды қарау тəртібі туралы нұсқаулық қабылданды.

Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген «Есірткі қылмыстарына қарсы іс- қимыл» жобасын атап өту қажет. Мысалы, биылғы наурыз айында жоба аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде Байзақ ауданында аса ірі мөлшердегі, яғни 34 килограмм «мефедрон» синтетикалық есірткі затын сату мақсатында заңсыз дайындап, сақтаған 5 адамнан тұратын қылмыстық топтың әрекеттері әшкереленді. Қылмыстық топ 3 айдың көлемінде аудан аумағында жасанды лабораториялық цехта синтетикалық есірткі дайындаған. Тінту барысында дайын синтетикадан басқа, 2 тонна прекурсор тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, күдіктілер қамаққа алынды. Қырғыз Республикасынан мемлекеттік шекара арқылы есірткі трафигінің жолын кесу жұмыстары күшейтілді. Біздің бастамамызбен 57 мың жоғары сынып және колледж оқушылары арасында жүргізілген сауалнамада 47 пайыз жастардың есірткінің қолжетімділігін айтып, әрбір екінші оқушы әлеуметтік желілермен «синтетиканы» алудың мүмкін екенін көрсетті. Осыған байланысты құрылған мекемеаралық топ сайттар мен арналарды анықтау және бұғаттау, оның ішінде «кибернадзор», «IMAP» және тағы басқа жүйелерін пайдалана отырып, «синтетиканы» дайындау үшін пайдаланылатын препараттардың тізбесін қалыптастыру жөніндегі жұмысты қолға алып, олардың айналымын бақылау күшейтілді. Бір жарым айдың ішінде есірткіні жарнамалайтын 400-ден аса тарату сілтемелері анықталып, олардың 100-і толығымен жойылды. Сондай-ақ, кеше ғана облыс әкіміне, мәжіліс депутаттарына және құқық қорғау органдары басшылығына «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-боты таныстырылып, оны енгізу және іске асыру бойынша бірлескен жоспарға қол қойылды. Платформаның негізгі мақсаты – есірткінің заңсыз айналымын барынша азайту, халық арасында есірткі айналымы мен тұтынуына теріс көзқарас қалыптастыру. Телеграм-боттың ерекшелігі халықты есірткімен күресуге тарту мен есірткіге қарсы азаматтық ұстанымды насихаттауда, – дейді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров.

Платформа шеңберінде кері байланыс форматында мемлекеттік органдарды жарнама, граффитиді орналастыру, тарату фактілері туралы және басқа да мәселелер бойынша хабардар етуге мүмкіндік береді. Жұмылдырылған мемлекеттік органдар жедел тәртіппен жан-жақты шаралар қабылдайтын болады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support