Қарызсыз қоғам құруға жасалған қадам

Қарызсыз қоғам құруға жасалған қадам
ашық дереккөз
Қарызсыз қоғам құруға жасалған қадам
Биыл мамыр айында «Amanat» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған болатын. Жоба халықтың қаржылық сауатын арттыруды мақсат еткен еді. Осы уақыт ішінде облыстың 3643 азаматы қаржылық сауатын арттырып, арнайы сертификат алған. Ағымдағы жылдың 10 сәуірінде ауыл халқына қаржылық сауаттылықты жаппай үйрету аясында «Amanat» партиясы мен «Халық банкі» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Меморандумға сәйкес, партия оқу материалдарын даярлауға, қаржы саласындағы сарапшыларға, сондай-ақ, оқу процесіне жауапты. «Ауыл халқының қаржылық сауаттылығы бойынша құзыреттерді арттыру» оқу курсы жылдың аяғына дейін елдің 8 аймағында 80 мыңға жуық адамды қамтитын болады. Жоспарға сәйкес, Жамбыл облысында 10 мыңнан аса адамды қамту көзделіп отыр. Оқу туралы партия филиалдарының әлеуметтік желідегі парақшаларында қаржылық сауаттылығын арттыруға ниетті азаматтарды қатысуға шақырған хабарламалар жарияланды. Курс несие бойынша қарыздары бар және борышкерлердің тізіліміндегі адамдарға, яғни, жеке тұлғалардың банкроттығына ұшырайтындарға арналған. Сонымен қатар, несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдарды жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін енді бастаған кәсіпкерлер де жобаға қамтылады. Бұл курста білікті бизнес-тренерлер отбасылық қаржыны тиімді жоспарлау туралы пайдалы кеңес береді. Банктермен келісімшартқа отырғанда ескеру қажет мәселелерді кеңінен түсіндіреді. Бес күндік курс барысында жобаға қатысушылар бизнес-жоспар жазуды меңгеруге де зор мүмкіндік алып отыр. Бұл енді ғана кәсіп бастап отырған азаматтар үшін пайдалы. Мамандар бизнес-жоспарды үйретіп қана қоймай, бірлесе бастаған жұмыстарын жыл соңына дейін сүйемелдейтін болады. Бұл білім тегін беріледі, – дейді «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз хатшысы Шынболат Сейдуалиев. Жобаны жүйелі жүзеге асырып отырғандардың бірі – Байзақ ауданы. Жоба басталғалы бергі екі айда ауданның 553 тұрғыны оқудан өтіп, арнайы сертификатқа ие болған. – Ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Аmanat» партиясы мен «Halyk Bank», «Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында осы жылдың мамыр-қазан айларында ауылдық елді мекендердің 900-ге жуық тұрғынын оқыту жоспарланған. Байзақ ауданына қарасты 18 ауылдық округ бар. Бүгінгі таңда 9 ауылдық округте қаржылық сауаттылық курсы өткізілді. Жоспарланған 900 адамның 553-і оқыды. Атап айтқанда, мамыр айында 3 топта 195 адам, маусым айында 3 топта 213 адам оқыса, шілде айында 3 топта 215 адам қаржылық білім алуда. Алдағы уақытта Үлгілі, Түймекент, Темірбек, Жаңатұрмыс, Суханбай, Қызыл жұлдыз, Сазтерек, Бәйтерек ауылдық округтерінде қаржылық сауаттылық курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді «Amanat» партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева. Аталған жобамен білім алғандардың бірі – Лаура Амраева арнайы курстан білмегенін үйренгенін айтып, ризашылығын білдірді. – Қазіргі ақпарат кеңістігі қолжетімді, техника дамыған ғасырда әркім өзіне қажеттіні үйреніп алуына мүмкіндік баршылық. Дегенмен, адам баласына білім ешқашан артық етпейді. Тіпті айлакерлерге арбалып қалмау үшін де білім аса қажет. Әсіресе, ақшаға қатысты мәселелерде өте сақ болу үшін де жан-жақты білім талап етіледі. Шүкір, қазір еліміз қарыштап дамып келеді, жылда жаңа мамандықтар шығып, еңбектің әдістері де түрленіп, жаңарып отырады. Мұндай жаңарған кезеңге ілесуге адам үнемі өзін дамытып отырғаны жөн. «Amanat» партиясының қаржылық білім беретін бұл жобасы ауыл тұрғындары үшін өте ұтымды және дер кезінде қолға алынған іс болды. Көптеген жаңа бағдарламаларды білдік. Бизнес-тренерлерге үлкен алғысымды айтқым келеді. Өзім осы курсқа қатысып, сенімділігім артты. Жасап жүрген бизнесім бойынша жақсы бағыт-бағдар алдым. Бизнес болған соң құлау да, жылау да болады, сондайда адам үмітін үзбеуіне осындай курстар мотивация береді екен. Тығырықтан жол табуға дұрыс бағыт көрсетеді. Қарызға кірген жағдайда содан шығу жолдарын, тек қарызды өтеуді ғана емес, қосымша ақша қорын жинау жолдарын үйрендім. Ал, «Amanat» партиясына келсем, халыққа барлық жағдайда қолдау көрсетуде айтарлықтай жұмыс атқарып отырғанына осы курстан соң әбден көзім жетті. Нағыз халықтың жанынан табылатын партия деп білемін, – дейді Лаура Нұрланқызы. Ал, Байзақ ауданындағы Құсақ ауылының тұрғыны Жанар Ешенқұлова аталған оқыту курсынан отбасы бюджетін қалыптастыруда ұтымды тәсілдерді ұғынғанын айтады. – Мен Сарыкемер мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімімін. Бір үйдің отанасы болған соң отбасына келетін табысты барлық керек-жараққа жеткізуге жауаптымын. Балалы-шағалы үй болған соң тапқаның былай тартсаң, былай жетпейтін жағдайлар кездеседі. Міне, осындайда барды ұқсата білу – шеберлік. Қанша тапсаң да берекесі болмаса, бәрі бекер. Қолда барды берекелі ету, әрине өзімізге байланысты. Осы жағынан «Қарызсыз қоғам» жобасының тегін қаржылық сауат ашу сабақтары көп көмегін тигізуде. Бұл тек кәсіпкерлерге немесе қарызы көп борышкерлерге ғана емес, барлық адамға қажетті сабақ дер едім. «Amanat» партиясының аудандық филиалында өткен курста жетекшіміз Гүлжаһан Алтаева өзінің білімін халыққа барынша түсіндіріп, жеткізді. Оқыту бес күн болды. Тренингте отбасы бюджетін ұтымды үйлестіруді, несие алу ережелері мен қайтару процесін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын, бизнес жобаларды қаржыландыру көздерін үйретті. Халықтың көбі банктен алған несиелерінен құтыла алмай, соның салдарынан қосымша капитал жинамақ түгілі, тапқанын жеткізе алмай жүргені рас. Сол проблемаларды оңтайлы шешуге қажетті ақпарат өте жақсы түсіндірілді. Бізге тегін бизнес жобаны да жасап берді, – дейді Жанар Тохдәулетқызы. Жаңа жобаның жемісін халық көрсе – нәтижелі болғаны. Қарызсыз қоғам қалыптастыруға бұл бастаманың септігі мол боларына біз де сенеміз.  

Қамар РАХМЕТУЛЛИНА

Ұқсас жаңалықтар