- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

111

- Advertisement -

 НАТО саммиті өтті

11-12 шілдеде Вильнюсте НАТО саммиті өтті. Бұл НАТО-ның 2022 жылдың 25 ақпанынан бергі төртінші саммиті. Ең алғашқысы онлайн өткен еді. Одан кейін Брюссель мен Мадридте бас қосты.

Вильнюсте қауіпсіздік барынша күшейтілді, ең жоғары деңгейдегі сақтық шаралары енгізілді. НАТО-ға мүше 16 елден мыңға жуық қосымша әскер тартылды. Ядролық, химиялық, биологиялық шабуылдарға дейін қарсы құралдар қойылған. Мұндай қауіпсіздік шаралары қалыпты жағдай. Жиынға 40 елдің көшбасшысы келді. Арасында АҚШ президенті Джо Байден мен НАТО-ға одақтас мемлекеттердің басшылары бар.

Осы саммит аясында Түркия Швецияның НАТО-ға мүшелігін қолдауға келісті. Ал, швед билігі өз кезегінде Түркияда террористік деп танылған ұйымдарға көмек көрсетуді тоқтатады. Сондай-ақ, Стокгольм, Анкараның Еуроодаққа кіруіне қолдау көрсетпек. Реджеп Тайып Ердоған Швецияның НАТО-ға кіруіне келісім беру арқылы Түркия үшін Еуроодаққа жол ашылады деген болатын. Оның айтуынша, әскери блокқа мүше елдердің барлығы дерлік «кәрі құрлық» бірлестігінің құрамында. Тек Түркия ғана әлі күнге дейін кіре алмай келеді.

31 мүшесі бар НАТО-ның бұл жолғы саммитіне ұйымға кірмейтін мемлекет басшылары да келді. Олардың қатарында Жапония мен Оңтүстік Корея бар. Саммитте әлемдік және аймақтық геосаясатқа қатысты мәселелер талқыланды.

Өзбекстандағы сайлаудың қорытындысы шықты

Өзбекстандағы президент сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша Шавкат Мирзиеев жеңіске жетті.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, қазіргі мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев дауыс берушілердің 87,05 пайыз дауысын жинаған. Осылайша, ол алдын ала мәлімет бойынша жеңіске жетіп отыр. Мирзиеевпен бірге тағы үш кандидат – Улугбек Иноятов, Робахон Махмудова и Абдушукур Хамзаев сайлауға түскен еді. Олардың қанша пайыз дауыс жинағаны әзірге белгісіз.

Ресей президенті Пригожинмен кездесті

Ресей президенті қарулы көтеріліс жасамақ болған Евгений Пригожинмен кездесті. Владимир Путин Пригожинмен, сондай-ақ «Вагнер» ЖӘК командирлерімен кездесті. Бұл туралы РИА Новости агенттігі хабарлады.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, кездесу 29 маусымда, яғни Ресейдегі қарулы көтеріліс жасау әрекетінен кейін бес күн өткен соң болған. Кездесуге 35 адам – барлық отряд командирі мен компания басшылығы шақырылған. Оның ішінде Пригожиннің өзі де бар. Бұл кездесу Кремльде болды. Кездесу шамамен үш сағатқа созылды. Песковтың айтуынша, кездесудегі әңгіменің мән-жайы белгісіз. «Біздің бір айта алатынымыз, президент компанияның арнайы әскери операция кезіндегі майдандағы әрекеттеріне, сондай-ақ 24 маусымдағы оқиғаға қатысты өз бағасын берді. Путин командирлердің түсініктемелерін тыңдап, алдағы уақытта жұмысқа орналасу мен әрі қарайғы еңбек қолданысы жөнінде нұсқаларын ұсынды», – деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы.

Көрші елдер арасындағы шекараны демаркациялау аяқталды

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау толық аяқталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі айтты.

4 шілдеде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы шарт күшіне енді. Шартқа 2022 жылдың 2 желтоқсанында Ташкентте екі мемлекеттің басшылары қол қойып, парламенттері ратификациялады. Осы шарттың күшіне енуі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялаудың 19 жылдық процесіне нүкте қояды.

Халық саны бойынша Үндістан Қытайдан озды

Дәл қазір планетадағы халық саны 8 миллиардтан асты. 1950 жылдан бастап БҰҰ әлемдегі халық санағын жүргізе бастады. Осы уақыттан бері Қытай елі көшбасшы саналып келген еді. Көрші елде бүгінде 1 миллиард 400 мыңға жуық адам тұрады.

Алайда биыл Үндістан елі бала туу жағынан алға шықты. Қытай демографиясының әлсіреуіне бірнеше фактор әсер еткен. Кәрі құрлықтағы бала туу көрсеткішінің азаюы мәселесі бұл елді де айналып өтпеді. Бұған 1980-2016 жылдар аралығында іске асқан «Бір отбасына бір бала» саясаты тікелей себеп болған. Себебі, елде жұмыссыздық өскен. Бедеулік факторы да бар. Болашақта зейнеткерлік жасын қазіргі 50 және 60 жастан 70 жасқа дейін өзгертуге тура келеді.

БҰҰ мәліметтері бойынша, Қытай халқы осы ғасырдың соңына дейін 1 миллиард адамға азаяды. Біріккен Ұлттар Ұйымының талдауына сәйкес, қазір Үндістанда бала туу көрсеткіші жоғары. Күніне 79 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Ұйымның халық саласындағы қорының есебі бойынша (UNFPA), бұл елде қазір 1,428 миллиард адам өмір сүреді, яғни бұл Қытайдағы халық санынан 0,01 пайызға көп. Осылайша, Үндістан әлемдегі халық саны ең көп елге айналып отыр.

Жер бетінде рекордтық температура тіркелді

Шілденің басында Жер бетінде метеобақылау тарихындағы рекордтық жоғары температура тіркелді.

Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым хабарлады. Атап айтқанда, 4 және 7 шілдеде планетаның орташа температурасы қалыпты мөлшерден жоғары болды. Бұл 2016 жылдың тамызында тіркелген бұрынғы көрсеткіштен 0,3 градусқа артық. Сонымен қатар, климаттың өзгеруін зерттейтін еуропалық ұйымдар жазғы маусым бұрынғыдан ыстық болып жатқанын тіркеп отыр.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support