- Advertisement -

Көптің көкейіндегі мәселелер көтерілді

108

- Advertisement -

Облысымызда ҚР Парламенті Мәжілісінің бірқатар депутаттары жұмыс сапарымен жүр. Солардың қатарында «Республика» халықтық демократиялық партиясының атынан депутат Динара Науымова да бар. Динара Рустамқызы екі күндік сапарында бірқатар аудандарда және Тараз қаласында болып, бірқатар ең өзекті мәселелермен танысты.

Мәжіліс депутаты Динара Науымова Байзақ аудандық ауруханасында емделіп жатқан науқастармен және медицина қызметкерлерімен сөйлесті. Науқастар жатқан бөлмелерді аралап, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Аталған аурухананың бас дәрігері Жандос Рысқұлбеков мұнда тар бейінді мамандардың жетіспейтінін, техникалардың тозығы жеткенін айтып өтті. Халық қалаулысы бұл мәселелерді жазып алғанын, зерделейтінін жеткізді.

Динара Рустамқызы Сарыкемер ауылының тұрғыны Гүлсары Алмағамбетованың шаңырағына барды. Ауыл тұрғыны 1 миллион теңгеден астам қайтарымсыз грант алып, тігін шеберханасын ашқан. Кәсіпкер тігіншіліктің қыр-сырын түсіндіре отырып, өзінің бірқатар жұмыстарын көрсетті.

Енді шеберхана иесі бірнеше ауылдасын жұмыспен қамтуды жо спарлап отыр. Мәжіліс депутаты шеберхана жұмысына көңілі толатынын, алдағы уақыттарда кәсіпкер жұмысын ұлғайтамын десе оған қолдау болу қажеттігін айтты.

Д. Науымова аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болып, ерекше қажеттілігі бар келушілермен жүргізілетін жұмыс барысымен танысты.

Депутат Динара Рустамқызы Т.Рысқұлов ауданында да болып, көпбалалы аналармен еркін форматта кездесу өткізді. Жиында мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсету, инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері көтерілсе, депутаттар бұл мәселелерді бақылауға алатындарын айтты.

Мәжіліс депутаты мүгедектер мен қарттарға арналған күндізгі бөлімдегі жартылай стационарлық үлгідегі оңалту орталығының жұмысымен де танысты. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасының нәтижесінде жеке кәсібін ашқан тұрғындардың жетістіктеріне назар аударып, мал мен егін шаруашылығын дамытып отырған азаматтарға ризашылығын білдірді. Сүт өнімдерін өндіруші кәсіпкер Ульфат Омашова, балаларды дамыту орталығын ашқан Мақпал Аташбекованың белсенді жұмыстары Мәжіліс депутатының назарынан тыс қалған жоқ.

Халық қалаулысының жұмысы Тараз қаласында да жалғасын тапты. Динара Науымова және облыстық мәслихаттың депутаттары Нұрсұлтан Темірхан мен Данияр Серік аутизмі бар балаларды қолдау орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысымен танысты. Мердігер компания «Тұлпар Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Самат Қайназаров биыл мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары қазан айының алғашқы күндерінде аяқталатынын жеткізді.

Мәжіліс депутаты мұнан соң арнаулы әлеуметтік көмек көрсету балалар орталығында болды. Аталған орталық директорының орынбасары Дана Сұлташева халық қалаулыларына мұндағы жұмыс барысын таныстырып өтті. Мекемеде 68 қызметкер еңбек етсе, әлеуметтік көмекке зәру 68 бала таңертеңгі сағат 09:00-ден кешкі сағат 18:00 аралығында тегін қызмет алады. Балаларға жеміс-жидек, түрлі дәрумендер беріледі. Логопед, дефектолог, педиатр, невропатолог мамандар қызмет көрсетеді. Депутат асхананы, балаларға қызмет көрсету бөлмелерін аралап көрді. Балаларды тасымалдауға арнайы екі автобус қамтылған.

Депутат Динара Науымова Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында көпбалалы және ерекше балаларды қарап отырған аналармен кездесіп, олардың өзекті мәселелеріне назар аударды. Бұл ретте бірқатар мәселелер бар екен. Мәселен, Гүлнар Боранбаева «Ерекше балаларға медициналық картаны бір айға ғана ашады. Онан соң қайтадан сандалып жүреміз. Осы картаның жарамдылық мерзімін ұзартса» деген өтінішін айтса, Жанар Есдәулетова балаларға мүгедектікті белгілеу кезеңі бірнеше айға созылып кететініне алаңдаушылық білдірді.

Гүлнар Еділбаева психологиялық ауытқуы бар балалармен жұмыс жүргізудің оңай еместігін, ерекше балаларға қажетті дәрі- дәрмектердің бағасы қымбаттап кеткенін және табылуы да қиындағанын жеткізді. Аналар тарапынан жекеменшік мектептерде ерекше балаларға жеңілдік болу мәселесі, ерекше балаларға қарап отырған ата- анаға жеңілдікпен баспана беру мәселелерін де көтерді. Ал, Шынар Әлібекова: «Мен атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау комиссиясының мүшесімін. Кейбір атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген әйелдердің күйеуіне жалақысы жоғары қызмет ұсындық. Олар ондай жұмысқа бармай қойды. Бірақ, жалақысы жоғары жұмысқа барса, атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай қалады. Сол үшін 60-70 мың теңге жалақыны қанағат етуде. Осы дұрыс па?» деп сұрақ қойды.

Ата-аналардың сұрағы мен өтініштеріне Мәжіліс депутаты Динара Науымова, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрсұлтан Темірхан жауап беріп, мәселені назарға алатындарын айтты. Сондай-ақ, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайл және облыс әкімдігі әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру бағдарламасы мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрбек Алтынбеков бірқатар сұрақтарға жауап берді. Жиынды «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза- Ғали қорытындылап, белсенді жұмысы үшін Мәжіліс депутаты Динара Науымоваға және аналарға алғысын білдірді.

Депутат Динара Науымова мұнан кейін де Тараздағы бірқатар әлеуметтік қолдау орталықтарында болып, өзекті мәселелермен танысты. Ол бірқатар мәселелерді Парламент мінберінен депутаттық сауал ретінде көтеретінін айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суретті түсірген Юрий КИМ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support