- Advertisement -

Жамбылдың қай жыры оқулыққа енгені жөн

169

- Advertisement -

Қазақ халқының алып бәйтерегі Жамбыл Жабаев – таусылмас тағылым, қайталанбас құндылық. Дегенмен, бүгінгі жас ұрпақтың көзқарасы бөлек. Өзгеше ойлайтын жас буынға жыр алыбы Жәкеңнің қандай өлеңдері қажет? Әсіресе, мектеп оқулықтарына қандай шығармасын енгізген жөн. Осы мәселе облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы Жамбылтану бөлімі ұйымдастырған «Жамбыл мұрасы және жас ұрпақ талғамы» атты дөңгелек үстелде жан-жақты қозғалды.

Іс-шараны ашқан жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі Көсемәлі Сәттібайұлы «Жамбыл атамыздың жырдың таусылмас терең қазынасы екеніне дау жоқ. Кеңестік кезеңге дейін жазған өлеңдерінде еркіндік, биік құндылықтар көп. Ал, Жабаевтың талантын Кеңес одағы өзінің саясатына пайдаланды. Мақтау өлеңдер осы тұста жазылды. «Ленинградтық өренім» өлеңі мектеп оқулықтарында әлі де жүр. Біз бүгін – оқулықтарға Жамбылдың қандай дастандары мен өлеңдері енуі тиіс екендігін талқылауға жиналып отырмыз», – деп, қонақтардың пікіріне назар аударды.

Тараз қаласы Жамбыл атындағы № 5 мектеп-гимназиясының кітапханашысы Айткүл Есентаева «Біздің жастарымыз шетелге көп еліктейді. Бірақ, оларда рухани тәрбие мүлдем жоқ. Ал, Жамбыл Жабаев – жас ұрпақты тәрбиелеудің алтын кілті. Жамбылдың дастандарын, патриоттық өлеңдерін оқулықтарға көбірек енгізу керек. Қазіргі мектептегі қазақ әдебиеті оқулықтарында да ойланар мәселе көп. Мәселен, «Бәйтерек» деген поэмаға 10 сағат берілсе, «Абай жолы» романына 2 сағат ғана берілген. Осы жерден қандай әділдік көруге болады?» деп ортаға ой тастады.

Мұнан әрі облыстың Құрметті азаматы Оңласын Есіркепов жас ұрпақ Жамбыл Жабаевты патриот ақын ретінде тануы қажеттігін атап өтті.

Жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Меңдібай Әбіл мен Үміт Битенова да сөз сөйлеп, оқулықтарға Ж.Жабаевтың Сұраншы, Саурық батыр, Өтеген дастандарынан үзінді енгізу қажеттігін айтып, ұсыныс білдірді. Жас ақын Шапағат Әбдір «Көпшілік Жабаевты жазба ақын деп емес, айтыскер ақын, жырау деп таниды. Осы тұрғыдан да жыр Жәкемнің туындылары көп» деді. Мұнан соң аталған мектеп-гимназияның 8-сынып оқушылары Інжу Жақып, Дана Бектұрсын, Жанель Шоймахан, Әсем Тимур, Зере Есенбай өз ойларын ортаға салды. Олар Жамбыл Жабаев аталарымен мақтанатындарын, тіпті, «Ленингардтық өренім» өлеңінен де өздеріне рух, жігер алатындарын айтты.

Жиынды Көсемәлі Сәттібайұлы қорытындылап, мұндай талқылау өз жемісін беретінін, алдағы уақытта мектеп оқулығын дайындайтын мамандарға да ой салатынын айта келіп, барша қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support