Қарабастау

Қарабастау
ашық дереккөз
Қарабастау
Қарабастау – қайнаған су сияқты жер астынан бұрқылдап шығып жатқан бұлақ. Суы мөп-мөлдір, тәп-тәтті, тап-таза. Бұлақтың бұлай аталу себебі – жоғарыдан тұрып бұлақ көзіне қарасаң, бұрқылдап қайнап жатқан су тап-таза, бірақ қап-қара болып көрінеді. Қара деген сөз – қап-қара болып жатқан су, ал бастау дегеніміз – бұлақтың көзі. Бастау түбіндегі елді мекен де бұлақ атымен – Қарабастау аталады. Бастау ауылдың оңтүстік жағында орналасқан. Ол биік жота астында бірқалыпты бүлкілдеп шығып жатыр. Ондағы ел- жұрт бастау басындағы шағын көлдің айналасын тау-тастарымен қалап, қоршап қойған. Қоршау көлге, бастауға көрік беріп тұр. Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиевтің айтуынша, ауыл тұрғындары бастау суын ішуге, бау-бақша суаруға пайдалануда. Ондағы 192 аулаға Қарабастау нәр беріп тұр. Бастау суының емдік те қасиеті бар. Осы ауылдың тумасы Сейітқазы қажы Медетбектің айтуынша, бірде ауылдың бір жігіті ескі әдетпен бір тоқтының етін тұтас жеуге уәделесіпті. Ол жігіт уәдесінде тұрып, тоқтының етін жеп тауысады. Сорпасын да шөлі қанғанша ішіп алады. Үйіне келген соң түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмайды. Жаны мұрнының ұшына келеді. Не істерін білмей, үйдің жанындағы ағасын шақырып алады. Ол оны алдымен атқа мінгізіп арлы-берлі жүргізеді. Болмаған соң Қарабастауға алып келіп, суға жатқызады. Мұндағы ойы – іштегі майды су сорып алсын дегені еді. Бір кезде судың беті майланып шыға келеді. Ал, бір тоқтыны тұтас жеп жанын қоярға жер таппай жүрген жігіттің өңі кіріп, жақсарып қалған екен. Енді бірде бір кісі үстіндегі жарадан мазасы қашып жүріпті. Сонымен ол да Қарабастаудың суына түсіп, жарасынан құлан-таза айығып кетсе керек-ті. Айта берсе, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қалай десек те, оның қасиетті су екені ақиқат. Оны осы суды тұтынатын ауыл тұрғындарының денсаулығының жақс арғаны да дәлелдей түскендей. Мұнда қалқанша безі мен тісі ауыратын адам да сирек. Өйткені, судың құрамында йод көп.  

Диас ҚҰЛИБАЙ,

журналист.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар