- Advertisement -

Біз білетін Бәкең…

119

- Advertisement -

Облыс журналистикасының арғы-бергі тарихындағы танымал қалам қайраткерлерінің қатарында, сөз жоқ, Бәкең – Бақытяр Әбілдаұлы да бар. Өткен ғасырдың 60-90 жылдардағы «Еңбек туын» (қазіргі «Aq jol») оның мақала, очерк, тарихи зерттеу, жолжазбаларынсыз көзге елестету тіпті де мүмкін емес. Сол бір кезеңдердегі өңірлік басылымның мойыномыртқасы, тұтас бір қабырғасы да болған еді ол!

Көзкөргендер Бәкеңді «К-700» алып тракторы» де сіп, қазір де ілтипатпен еске алысады. Ардақты ағамыздың «Тіпті бір жолы газетті бір апта бойы журналист Әділбек Баққараев екеуіміз шығарғанбыз» дегенін өз аузынан естігенбіз. Жалпы Б.Әбілдаұлының мақалаларын хат жазып, қара таныған кезден бері оқи бастадық десек те болады. Азаттық жолында күресіп, шаһит кешкен, есімдері ұмыт бола бастаған талай батыр-баһадүрлерімізді «тірілтіп», ұрпақтарымен қауыштырудағы еңбегі арқылы Бәкеңнің өзі де «аңыз-адамға» айналып, атағы дүрілдеп шыққан-ды.

Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңына таман тағдыр маған жақын танысып, бір ұжымда қызмет ету мүмкіндігін сыйлады. Міне, осы кезден бастап, ол кісіні бұрнағыдан да жақсы тани түстім. Ол өзін Талас пен Жамбыл аудандарына тел ұлмын деп санайтын. Оған негіз де жоқ емес. Аталған аудандардың бірінде туып-өссе, екіншісінде орта мектепті түгесіп, арманға құлаш ұрды. Екі аудан да ол кісі үшін айрықша қымбат, ыстық болатын. Екеуінде де балалық, жастық шақтарының айшықты іздері сайрап жатыр.

Айтпақшы, оның аталған өңірлерден шыққан Қойгелді, Саңырық, Наурызбай батырлар, Бөлтірік шешен, Айша бибі, Ұлбике, Мәделі, Майлы, Төреқожа ақындар жөнінде толымды дүниелер жазуы осы перзенттік борышын өтеуі де секілді еді… Тарихи тұлғалардың бірін тарихи пьесасына, екіншісін роман, хикаяттарына арқау етті. Кейін Төле би, Наурызбай, Сыпатай, Жауғаш батырлар жөнінде жазған туындылары арқылы есімі облыс, республика жұртшылығына танымал болды. «Талас-Тараз» тарихи-деректі романында пайдаланған деректері негізінде ЮНЕСКО-ның шешімімен Қазақст андағы ең ежелгі Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілгенін біреу білер, біреу білмес.

Біз білетін Бәкеңнің кітапқұмарлығы елде жоқ еді. Жетпіс жасты алқымдағанында да қолында екінің бірінің қолына түсе бермейтін сирек кітаптар жүретін. Қайдан алатынын кім білсін! Іздегенін тапқанына жас балаша қуанып, әлгі кітапты үйіне апарып оқуға асығып тұратын кескін-кейпі әлі де көз алдымда. Өңір тарихына, хан, датқа, билері мен батыр-баһадүрлеріне қатысты қандай да бір деректің басы қылтия қалса, соның анық-қанығын білмей жаны жай таппай-тұғын… Аса құнды тарихи-мәдени жәдігерлер мен батыр, би бабаларының мөр, қылыш, шапанын сақтап отырған әулеттер де назарынан әсте қағыс қалған емес. Шежіреге жетік бір қарияның бары құлағына тиісімен, бір-ақ күнде Алтынемел асып кеткені де бар.

Тегеран, Мәскеу, Ташкент, Бішкек, Алматы мұрағаттарының, институт, университеттерінің шаң басқан құжаттарын аудара қарап, ақтара тексерген ауыр еңбегі ше… Егде тартқан жасында М.Х.Дулатиді Кашмирдегі бейіті басына зиярат ету сапарына да тарихқа қызығушылығы, құрметі алып шыққанын білеміз. Кейін осы сапарынан жолжазбасы өзіміздің «Aq jol» газетінің бірнеше нөміріне жарияланды. Көп өтпей жазушы-журналистің қуатты қаламынан «Мырза Хайдар Дулат» тарихи драмасы туды. Ол облыстық драма театры әртістерінің күшімен сахналанды да.

Біз білетін Бәкең «диктовка» жасау ісінің де кәнігі шебері-тұғын. Ғылыми- тәжірибиелік конференциялардағы, пленумдардағы, үлкен жиналыстардағы баяндамаларды, қаулыларды, жарыссөздерді өңдеп, қорытып, газеттің бір бетін түгел аларлық көлемде қазақшаға бір демде-ақ аударып тастайтыны ғажап еді. Мұның жақсы да, жаман да жағы бар. Жақсысы – уақытыңды үнемдейсің. Кеңестік кезеңнің қатаң талабы оның мұндай іске бармасына қойды ма! Ол осылай бір мезгілде «диктовкамен» айту, аударма жасау ісін ұштастыра жүргізу кәсібінде шарболаттай шыңдалды. Жоғарыда айтқан Кашмир сапарынан жазбасы, «Жайыл қырғыны», басқа да толып жатқан эссе-очерктері, «Наурызбай батыр» кітабының кейбір тараулары тікелей «диктовка» жасау арқылы дүниеге келген болатын.

Баспасөз ісіне жан-ділімен берілген жан, газет үшін қолқа-жүрегін суырып беруге бар еді. Бүкіл ғұмырын басылымның бейнетті ісімен біте қайнастырған мұндай шығармашылық иесі сирек, задында. Жылт еткен жаңалықтың өзін қағыс жібермей, облыстың тыныс-тіршілігін қас қақпай бағып отыратын секілді көрінетін ол кісі маған. Алдына «мен туралы жазсаңдаршы» деп кім келсе де көңілін жықпайтыны, көбінесе бұл шаруаны маған жүктейтіні қалай есімнен шықсын-ау! Мұндай тапсырма екі күннің бірінде болып тұрды. Сан саладағы еңбек адамдарының әдеби портретін жасап, жазуға әбден төселіп, жетіле түсуіме септігі тиді мұның да!

Біз білетін Бәкең қарапайым, кішіпейіл һәм көпшіл болатын. Редакцияның әрбір қызметкеріне қамқорлық танытып,үнемі жанашыр болушы еді.

Бәкеңнің «Aq jol»-да тапжылмай жарты ғасырға жуық қызмет атқарғаны ерлікпен пара-пар іс қой. Зейнет жасынан асқаннан кейін де А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институтының ғылыми-зерттеу орталығына директорлыққа шақыртылып, сонда біраз уақыт тер төкті. Жастау кезінде кеңестік кезеңнің тоталитарлық режімі- тәртібіне – «ноқтасына басы симай», «дессидент» атанған батырыңыз да осы кісі.

Бәкең армандаған жарқын заман енді орнығып жатыр ғой.

Айтпақшы, бірде телефон шалып, облыстық газетке шыққан «Бе с жәдігер» атты мақа ламда өзінің құнды жәдігерлікті (кезінде Т.Рысқұлов, М.Әуезов, Ш.Айтматов секілді танымал тұлғалар отырған креслоны) ойға-қырға сүйрелеп жүріп, дін-аман сақтап қалғандығын атап өткеніме ризашылығын жеткізгені бар (тарихи кресло бүгінде «Aq jol» газеті редакциясының мұражайында тұр).

Бұл соңғы тілде суіміз екен. Айналдырған дерт ақыры ағамызды арамыздан алып кетті. Қызыл Октябрь ауылының (қазіргі Ерназар) теріскейіндегі анасы жатқан қорымнан топырақ бұйырды. Кеудесіне күллі өңір тарихы сыйған шежіре-абызды жер- бесік тербеп жатыр, ендігі…

 

Баймаханбет АХМЕТ,

ақын, журналист.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support