Басқа бәле – тілден

Басқа бәле – тілден
ашық дереккөз
Басқа бәле – тілден
Алла қаласа біреуді бай қылады, біреуді кедей қылады. Өзіне құлшылық жасағандарды бір сәтте қуанышқа кенелтеді. Жаратқанның кеңшілігінде шек жоқ. Өзінің берер сыйы мен нығметі шексіз. Есте жоқ ескі заманда бір бақуатты адам өмір сүріпті. Оның зәулім үйлері, мыңғырған малы есепсіз көп екен. Дегенмен, сараң болса керек. Бірде бай базарға барып, құл сатып алмақшы болады. Тізіліп тұрған құлдардың арасынан арзанын іздепті. Содан қымбат бағадағы құлдардың арасынан арзан бағадағы құл кездесіп қалады. Бай бұған таңғалып сатушыдан: «Бұл қалай, бұл адам жұмысты жай істей ме, жалқау ма?», – деп сұрайды. Сонда сатушы: «Жоқ, байеке, бұл адам жұмысты жапырып істейді, тірлігіңіздің бәрін тындырады. Бір ғана кемшілігі бар», – дейді. «Ол қандай кемшілік?», – деп бай ерекше ықыласпен сұрайды. Сатушы сонда: «Бұл құлдың кемшілігі – адамдар арасына сөз тасиды, өтірік айтады» деген екен. Арзан затты жақсы көретін әлгі бай «Сөз тасығанда тұрған не бар. Жұмысын жақсы істесе, болды емес пе? Мен осы құлмен сөйлесіп отырамын ба?», –деп ойлайды да, әлгі құлды сатып алады. Шынында да құл жұмысқа өте пысық екен. Байдың тындырып, бар жұмысын істейді. Жұмыстың көзін табады. Оған әуелі бай қуанып жүреді. Бай бар жұмысын тындырып отырған құлын тыңдап, сөзіне құлақ асатын болып қалады. Жанында жүрген басқа көмекшілері мен құлдарын онша тыңдамайтын болыпты. Ал, жаңағы тындырымды құлының айтқанын екі етпей тыңдап, орындап жүріпті. Сондай хәлге қалай түскенін байекең өзі де білмей қалыпты. Сол әрекеті күндердің күні өзін өкінішке ұрындырарын сезбепті. Зулап күндер өте беріпті. Байдың сұлу, жас тоқалы бар екен. Бірде құл өз қожайынының әлгі сұлу тоқалымен жанжалдасып қалады. Екеуінің арасындағы араздық ұлғая түседі. Құлға сол кезде бір ой келіп, қожайыны мен сұлу тоқалдың арасын жанжалдастырмақ болады. Содан құл қожайынға: «Байеке, сіздің тоқалыңыздың басқа біреумен көңілі жарасып жүр. Сізге адал емес. Мен көзіммен көрдім» деп өсек айтады. Бай бұл өсекке сеніп, ашуланып, жап-жас тоқалын ұрып өлтіреді. «Ашу – дұшпан» деген осы да. Негізі, тоқалдың ондай жаман іс-әрекеті жоқ еді. Кейіннен бай сабасына түскенде тоқалдың төңірегінде жүргендер оның таза екенін, ондай жамандыққа бармағанын айтқанда қожайын басын тоқпақтап өкінеді. Өкінгенмен не пайда? Барлығы қайтадан орнына келе ме? Ашуменен өзінің ағат қадамға барғанын түсініп, әлгі өсек тасыған құлын шақырып алып, өлім жазасына кеседі. Бірақ, бәрі де кеш еді. Міне, осылайша бір ғана өсек сөздің кесірінен есепсіз малы бар бай адамның өзі зардап шегеді. Басында сол байдың өзі «Сөз тасығанда тұрған не бар. Жұмысын істесе болды» деп ойлады емес пе? Міне, сол ойынан өзі опық жейді. Қазақта «Басқа бәле – тілден», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп бекер айтылмаған. Бұл тәмсілден шығатын қорытынды қандай? Кім айтса да, қандай ауыр сөз айтса да, оны сабырға салып, ойланған дұрыс. Таразылап, зерделеп барып шешім қабылдаған жөн. Әйтпесе, ашу үстінде жасалған іс-әрекет сөз жоқ апатқа, орны толмас өкініштерге алып келетіні анық.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар