- Advertisement -

Алғашқы қаламақы

126

- Advertisement -

1987 жыл. Қыркүйек. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне қызметке ауысқаныма бір жыл болған. Ә дегенде редакторымыз Арғынбай Бекбосын (о кезде Арекең тұрмақ, Шерағаң да өзін «бас редактор» деп айқайлатып жазбайтын, кейін шықты ғой «бас редактор» деп елден ерекшелеу) хаттар бөліміне жіберді.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы.

Меңгеруішім Болат Мәулен – артық сөзі жоқ, қолының саусақтарын анда-санда шырт еткізіп қойып, өзімен-өзі жүретін жұқалтаң сарғыш өңді кісі екен. Біраз хаттарды дайындап, арыз-шағым айта келген біраз хаттарды ауыл-аймаққа барып тексеріп, Бөкеңе де, сол бөлімге келіп түсіп жатқан хаттарды тіркеп отыратын Шырын апайға да кәдімгідей үйренісіп қалғам.

Бір күні басшылық мені мәдениет және әдебиет бөліміне ауыстырды. Бұл бөлімнің сол кездегі меңгерушісі Қыстаубай Байту – ақкөңіл адам болатын. Қызыл шарапқа «қызыңқырап» алған кезінде ол кісіден асқан ақын және жоқ. Арқаланып кетсе, тіпті, алдындағы үстелдің үстіне шығып ап, қолын сермеп тұрып өлең оқитын. Анда- санда жастар жағы үйіне барып, жеке тірлігіне де көмектесеміз. Үшінші қабаттағы пәтерінің еденіне төсетем деп ДСП (ағаштың үгіндісінен жасалған тақтай) деген зілдей нәрсені арқанмен көтеріп, терезесінен кіргіземіз деп әбден қиналғанымыз есте қалыпты. Қазіргі жастарға ондай шаруа айтсаң, «қызмет бабын пайдаланды», «жеке жұмысын істетті» деп арыз жазады ғой. Ал ол кезде біз мұндай «тапсырмаға» қайта қуанатынбыз. Өзіміз сұранып тұратынбыз. Үлкен кісілердің үйін көресің, отбасымен танысасың, жиған кітаптарын көресің дегендей, болашақ қаламгерлер үшін нағыз материал, нағыз «багаж» ғой.

Сол барғанымда кішкене ғана сөресіндегі там-тұм кітаптарды көріп, көңілім қоңылтақсып қалғанын сезген Қыстаубай аға:

– Сенің кітаптарың бұдан да көп шығар, ә, – деген бала сияқты кіршіксіз таза көңілімен.

Бір күні кітабым шынында да көп екенін көрсетейін дедім бе, Шыңғыс Айтматовтың публицистикалық эсселер мен естеліктерінен, ертеректе жарияланған повестері мен әңгімелерінен тұратын «Эхо мира» деген кітабын тауып алдым да (дұрысы, оны сол кезде облыстық комсомол комитетінде қызмет ететін Арсыланбек деген дос сыйлаған), ішіндегі өзіме ұнаған «Заметки о себе» мақаласынан шағын аударма жасап келдім.

Қыстаубай аға шұқшиып оқи бастады. Қарап отыру ыңғайсыз, залға шығып, бұрышта темекі шегіп тұратын топқа барып қосылдым. Ол жердің көркі қашанда белгілі балалар ақыны Асқаржан Сәрсек, темекі шегуді де бастайтын да сол жездем. Одан кейін Берік Шәмші де түтін бұрқыратудың бабын білетін бипаздардың бірі. Ал, Мейрамбай Сатыбалды досымды шылым шегудің шебері десе де болады. Кеңес Рахметулла, Әбдуәлі Әли, Әбілдә Сәрсенбі, Жеңіс Жақсыбек, тағы басқаларымыз «қызық» үшін жиналамыз. Өйткені темекі шегіп тұрғандар редакциядағы әзіл-қалжыңдардан бастап дүниенің төрт құбыласындағы қилы-қилы жаңалықтардың небірін қаузайды.

Қайтып келсем, Қыстаубай көкем аудармамды оқып болып, қолын қойып, редактордың орынбасары, белгілі балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбайға апарғалы жатыр екен.

– Шықаңның мына кітабын қайдан тауып алғансың? – деп сұрады да, менің жауабымды күтпестен: – Жақсы аударыпсың, – деп жымың- жымың етті.

– «Снега Манас-Ата», «Золотые ворота» деген публицистикалары бұдан да керемет, – дедім мен бастығымды одан сайын таңғалдыра түсейін деп.

Әлдекеңнің кабинетінен қайтып келген соң:

– Бастық оқып шығып, «Осы бетінен қайтпаса, мына бала түбі жазушы болады деп айтты» деп, мені одан сайын мәз ғып қойды.

Аудармамның мазмұны қазіргі кездегі талап- түсінікпен сүйкімсіздеу болса да, бірақ сол кездегі Горбачев, Колбиндер құтырта қолға алған «қос тілділік» деген ұранның қолайына жағатын тақырып еді. Бірақ шебер үйлескен ойлы сөйлемдерінен (мысалы, әжесінің «…Әлде, сен өз тіліңнен қымсынатын шығарсың? Барлық тілді де Құдай жаратқан, қарай көр мұны, жүр…» дегенін айталық) жанға жағымды нәзіктік пе, суреткерлік пе, табиғаттың өзіндей бір әдемі сезім, сосын тау мен дала адамдарының жұпары аңқитын.

Заңғар тау сынды Шыңғыс Айматов та әлемдік деңгейдегі танымал қаламгер болып аспаннан бірден салбырап түсе қалған жоқ қой: ол да бала болды, оның да басынан небір қызықты сәттер мен қиындықтарға толы жылдар өтті. Әкесінің қызметі мен оқуының арқасында кішкентай кезінен бастап Мәскеуде тұрып, Мәскеуде оқып, орысша тіл ұзартты. Бірақ, өкінішке қарай, 1937 жылы әкесі «халық жауы» боп ұсталған соң, анасы мен бауырлары, бәрі Қырғызстанға қайтып келді. Елмен бірге жайлауға да шықты.

Мына оқиға да сол кезде болыпты. Осы күні ойлап отырсам, «қос тілділік» туралы мақала жазып, «ақыл айтып» отырғым келмеді ме, әйтеуір Шыңғыс Айтматовтың осы естелігін аударып беріп құтылғым келген сияқты редактор тапсырмасынан.

Мынау сол аударма. Ол кезде жасым 28-де. Үзіндіге «Алғашқы қаламақы» деп тақырып қойыппын.

Шыңғыс Айтматов

 «АЛҒАШҚЫ «ҚАЛАМАҚЫ» («Заметки о себе» атты мақаласынан үзінді. «Эхо мира», Москва. «Правда» баспасы, 1985 жыл)

Мен тұңғыш рет тілмәштің рөлін атқарғанымда бес жаста ғана едім, ал бір кесек ет – менің сол кездегі алғашқы «қаламақым» болды. Бұл тауда, жазғы жайылымдықта, әдеттегідей, әжеммен бірге жүргенде болған.

Ол кезде колхоз шаруашылығы енді оңалып, ел жаңадан ес жия бастаған. Сол жылы біздің жайлауда күтпеген оқиға болды. Бұдан біраз бұрынырақ колхоз сатып алған асыл тұқымды айғыр тал түсте іші кеуіп құлады да, жаны жаһаннамға бір-ақ ұшып жүре берді. Жылқышылардың есі шықты, өйткені алыс Россиядан әкелінген айғыр – Дон тұқымды, қымбатқа түскен болатын. Іле колхозға, одан ауданға шапқыншы жіберілді.

Бір күн өткеннен кейін тауға орыс адамы келіп тұр. Еңселі, қызылкүрең сақалды, көгілдір көзді, былғары қара күртесі мен жамбасында дала сөмкесі бар. Мен оны есімде өте жақсы сақтап қалдым. Ол қырғызша бір ауыз тіл білмейді екен. Біздің адамдар бір ауыз орысшаға жоқ. Ал, малдың не себепті өлгенін анықтап, құжат жасау да қажет. Жылқышылар көп ойланбастан аудармашы мен болады деп шешті. Мен бұл кезде балалардың ортасында солармен бірге келген әлгі адамды қызықтап тұрғам.

– Бері кел, – деді бір жылқышы менің қолымнан жетелеп. – Мына адам біздің тілімізді түсінбейді, сен соның не айтқанын аударып бер, ал біздің айтқанымызды оған жеткізесің.

Мен ұялғанымнан әрі қорыққанымнан оның қолынан жұлқынып шығып, киіз үйде отырған әжеме қаша жөнелдім. Менің соңымнан дүркіреп достарым ілесті. Біраз уақыттан кейін әлгі жылқышы тағы да келіп әжеме шағымдана бастады. Әжем қашан көрсем де мейірімді болатын, ал бұл жолы қабағын түйіп, қатал кейіпке енді.

– Сенің ауданнан келген адаммен неліктен сөйлескің келмейді, үлкендер өтініп тұрғанын түсінемісің? Әлде орыс тілін бімейсің бе?

Менде үн жоқ. Үйдің сыртындағы балалар да тым-тырыс. «Енді не болар екен?» деп тұр.

– Сен не, орысша сөйлеуге ұяласың ба? Әлде, сен өз тіліңнен қымсынатын шығарсың? Барлық тілді де Құдай жаратқан, қарай көр мұны, жүр…

Ол мені қолымнан жетеледі де, әлгі ортаға қайтып алып келді. Балалар тағы соңымнан ілескен. Қонақтың құрметіне жаңа сойылған қойдың еті асылыпты, киіз үйге жиналып қымыз ішіп отырған адамдар өте көп. Ауданнан келген ветеринар ақсақалдармен бірге отыр екен, мені көріп күлімсіреп:

– Кір, балақай, мұнда кел. Атың кім сенің? – деді. Мен жай ғана күбірледім. Ол менің басымнан сипады да:

– Айғырдың неліктен өлгенін мына кісілерден сұрашы, – деп өзі жазу үшін қағазын дайындай бастады.

Барлығы менің сөзімді күтіп тынши қалған, ал мен болсам тұтығып ешқандай сөздің басын құрай алар емеспін. Әжем де тықыршып отыр. Сол кезде бізге туыс болып келетін бір ақсақал мені тізесіне отырғызып, бауырына басты да құлағыма салмақты әрі сенімді үнмен:

– Бұл адам сенің әкеңді таниды екен. Оған біз туралы, қырғыздардың ұлы қалай өсіп келе жатқаны туралы не деп айтып барады енді, – деді сыбырлап. Сосын қатты дауыстап:

– Қазір ол сөйлейді. Қане, қонаққа бұл жердің «Улы саз» деп аталатынын айтып жіберші, — деді.

– Ағай… – дедім мен ұяң үнмен, – бұл жер «Улы саз» деп аталады, Ядовитый луг…

Осыдан кейін әжем мен ауданнан келген орыс кісінің, киіз үйдегі барлық отырғандардың қуанышты жүзін көріп батылданып кеттім. Сол күнгі екі тілдегі сөзбе-сөз аударманы өмір бойы ұмытпаспын.

Айғыр улы шөп жеп қойған болып шықты. Ал, бұл шөпті басқа жылқылар неге жемейді деген сұраққа біздің жылқышылар жергілікті мал ол шөптің жеуге жарамсыз екенін біледі, сондықтан оған жоламайды деп жауап берді. Осылайша мен барлық сөздерді аударып бердім.

Қонақ мені мақтап жатыр. Ал, ақсақалдар ып-ыстық, дәмді, иісі мұрынды жарып тұрған бір кесек үлкен ет берді. Мен мақтанышпен үйден атып шықтым. Сол-ақ, балалар лезде қоршап алды.

– О-о, қандай тамаша! – деп таңырқасты олар. – Сен орысша тура өзеннің суындай тоқтамай ағады екенсің.

Ал, шынтуайтқа келгенде, мен күмілжіп сөйлегем. Бірақ, балалар мұны көңілдеріне өздері қалай қабылдағысы келсе, солай қабылдады.

Біз сол жерде етті бөліп жеп, ойынға араласып кеттік…

Орыс тілінен аударған

Көсемәлі Сәттібайұлы».

Аудармам «қос тілділікті» насихаттайтын арнайы беттің үстіңгі жағына, ең көрнекті жерге жарияланды. Болашақта жазушы болам деп талап қылып жүрген жас үшін бұл да жақсы нәрсе, еңбегіңнің бағаланғаны.

Бірақ, Арекең мақтауға келгенде асығыстық жасамайтын еді, асып-тасып кетпесін дей ме, әйтеуір, үндемейтін. Бес жыл қарамағында қызмет істегенімде «Көп бала көгергенімізге жақсы» деген тақырып қойып, көп бала тапқан, «әлі де табам, халқымның санын көбейтуге үлес қосам» деп жүрген бір ауыл әйелінің атынан жазылған, өз аты- жөнім жоқ мақаламды мақтап, 15 сом «премия» бергізгені бар. Ол «премияның» бұйрығын залға, адамдар көретін жерге ілгізіп қоятын дәстүрі де адамды апиын шегіп алған киевандай «кәйіп» қылатын.

Жақында облыстық архивтен 1987 жылғы «Еңбек туы» газетін алдырып, «алтын сандықты» ақтарғандай қарап отырсам, Шыңғыс Айтматовтан қотарған сол аудармам көзіме оттай басылды. Мақала 12 қыркүйек күні жарияланыпты. Арада аттай 36 жыл өте шығыпты.

Бірақ ол кезде, кейін Шыңғыс Айтматовтың үйінде боламын, онымен әдебиет, мәдениет, саясат жайлы әңгімелесемін, тіпті, жетпіс жылдығына байланысты Шекер айылында өткен мерейтойына қатысам, ал өмірден озғанда Бішкектегі азалы жиынына барып, бақұлдасып қайтамын деп үш ұйықтасам түсіме де кірмеген.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support