Қалам мен қаруды қатар ұстап...

Қалам мен қаруды қатар ұстап...
ашық дереккөз
Қалам мен қаруды қатар ұстап...
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қалам мен қаруды қатар ұстап, әскери қабілеттерін сынға салды. Сарбаздармен бірге әскери кедергілерден өтіп, техникалармен танысты. Осылайша БАҚ өкілдері оқ пен оттың ортасында бақ сынасты. Республикалық және жергілікті баспасөз бен телеарна тілшілері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Теріс-Ащыбұлақ» әскери полигонындағы «Тау-егерлік полкінің» жасағымен бірге жауынгерлік ұрыс даярлықтарын пысықтады. Айта кету керек, аталмыш жасақ ел аумағы бойынша жалғыз әскери құрам. – Мұндай баспасөз турын біз жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз. Әр жылда іс-шараның маңыздылығын арттырып, ауқымын кеңейтуге тырысудамыз. Биыл осы тау бөктеріндегі әскери полигонда ұйымдастыруды ұйғардық. Себебі, «Тау-егерлік полкі елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы жалғыз жасақ. Бұл полктің әскери шаралар үшін тиімділігі өте зор. Мұнда сарбаздар ұрыс техникаларынан бөлек, арнайы әскери жаттығуларға бейімделген жылқылармен жұмыс істейді. Мақсатымыз аталған жасақтың жұмысын толыққанды көрсете отырып, журналистерді де сол әрекеттермен іс жүзінде таныстыру, қиындығы мен жауапкершілігін сезіндіру,–деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Ораз Кучуков. Айта кетсек, аталған полигон аумағы 3 гектар аумақты алып жатыр. Тау бөктеріндегі кедергілерді еңсеруге бағытталған полигонда БАҚ өкілдері арнайы оқсауыттармен жарақтанып, бір күн әскери өмірді бастан кешті. Арқанмен өрмелеп өту оңай емес. Шапшаңдық пен тәжірибе керек. Екі бірдей биік жартастан арқанмен өту кезінде бойыңды үрей билейді. Оның үстіне оқсауыттың салмағы да ауыр. Бұл біз үшін бір күндік сынақ болғанымен, әскерилердің күнделікті ісі. Сондықтан әскерилердің еңбегі қашанда құрметке лайық, – дейді «Qazaqstan» ұлттық арнасының облыстағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл. Шара барысында БАҚ өкілдері жаралы жауынгерлерді уақытша майдан алаңынан алып қайту, шынжыртабанды әскери техникамен жүру, тапаншадан бастап, жойқын қарулармен толыққанды танысу, тауға арналған төрт мезгілдік жарақтардың қолданылу тәсілін меңгеру, мергендік сынау секілді кезеңдерден өтті. Әсерлі шара барысында әріптестер әскери ас ішіп, арнайы тау бөктеріндегі әскери әрекеттерге үйретілген 86 жылқыны тізгіндеген сарбаздардың іс-қимылын тамашалады. Шара соңында шапшаңдығы, шымырлығы және мергендігімен ерекшеленген әріптестер естелік сыйлықтармен марапатталды.  

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар