- Advertisement -

Жазушы рухына құрмет

190

- Advertisement -

Облыс руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген ерен тұлғаларды қалай ардақтасақ та жарасады. Сондай біртуар азаматтың бірі – жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әлдихан Қалдыбаев. БАҚ өкілдерінің төл мерекесі қарсаңында жазушы тұрған үйге ( Тараз қаласы, Төле би көшесі, №71) мемориалдық тақта орнатылды.

Әлдихан Қалдыбайұлы 1939 жылы 3 қазанда Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарында туған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1963 жылы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1965 жылдан Жамбыл облыстық телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі комитетінде редактор, облыстық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. 1976-1995 жылдары облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газеті редакторының орынбасары, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтары облыстық ұйымдарының төрағасы болды.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көк дөңгелек», «Қос тентек», «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншар атай», «Мишка – менің досым», «Өзен жағасында», «Солдат болу оңай ма?», «Менің ағам – солдат», «Автобус аялдамасы» кітаптарының авторы. 1999 жылы «Ата» деген атпен таңдамалы шығармалары, 2002 жылы «Мен – апамның баласымын» атты романы, 2004 жылы екі томдық таңдамалы шығармалары, 2008-2009 жылдары төрт томдық шығармалары, 2009 жылы «Көңіл көмбесі» атты кітабы жарық көрген. Жазушының бірқатар туындылары орыс, беларусь, армян, түрікмен, татар тілдеріне аударылған.

«Шаншар атай» деп аталатын комедиясы 1980 жылы облыстық драма театрында қойылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің бүкілодақтық байқау-конкурсында бірінші орынға ие болды. «Қайран Ынтықбай ағай-ай» комедиясы қазақ телевизиясының алтын қорына енген. 2009 жылы Түркістан сазды-драма театрында «Әкімнің туған күні» атты трагикомедиясы қойылған.

Ескерткіш тақтаны Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, жазушы Елен Әлімжан, Әлдихан Қалдыбаевтың асыл жары Бану Тасболатова ашты. Мұнан соң Кенжебек Олжабай сөз сөйлеп:

– Бүгін ерекше күн. Бұқаралық ақпарат құралдары күні мерекесі қарсаңында журналистика саласының ардагері болған, қазақ әдебиетіне олжа салған қайраткер Әлдихан Қалдыбаевқа ескерткіш тақта орнатылып отыр. Әлдекеңнің қазақ әдебиетіне берген олжасы өте көп. Ұлттық құндылықтарды көп насихаттады. Сондықтан, бүгінгі іс-шараға жазушыны білетін замандастары, ардагерлер, жазушының шәкірттері, жақындары өте көп жиналды. Жазушының отбасын бүгінгі ескерткіш тақтаның ашылуымен құттықтаймын. Ғажайып тұлғаның пейіште нұры шалқи берсін, – деді.

Мұнан соң сөйлеген жазушы-драматург Елен Әлімжан Әлдекеңнің редакторлық батылдығына, басшы кезіндегі кеңдігіне, жазушылық шеберлігіне кеңінен тоқталды. Жазушының жары Бану Қарақызы.

– Әлдихан екеуміз 50 жыл отастық. Үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Шәй десіп, ренжіскен емеспіз. Әлдихан мінезсіз емес еді, бірақ отбасына жайлы болды. Қазір 6 немере, 5 шөбереміз бар. Әлдихан шығармаларының тәрбиелік мәні жоғары болды. Әлдекеңнің отбасының атынан облыстық және қалалық әкімдікке алғыс білдіремін. Мұндай құрметке басқа қаламгерлер де ие болсын. Барлық журналистерді төл мерекелерімен құттықтаймын. Баршаңызға табыс, аманшылық, абырой тілеймін! Әлдиханға құрмет – қазақ әдебиетіне жасалған құрмет, – деді толқынысын жасыра алмай.

Іс-шараға жиналған көпшіліктің жанарында Әлдихан ағайға деген сағыныш тұнып тұрды.

 

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support