Өзге аймақтарға үлгі боларлық жоба

Өзге аймақтарға үлгі боларлық жоба
ашық дереккөз
Өзге аймақтарға үлгі боларлық жоба
Бес жыл бұрын облысымызда қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте осы жобаның іске асырылу барысы қаралды. Аталған жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов баяндады. Оның айтуынша, биыл 10 ауданнан 26 ауылдық округ қаржыландыруға ұсынылып отыр, оған 24 миллиард теңге қажет екен. Бұл округтердегі жалпы 13157 аулада 69514 адам тұрады. Алдын ала жасалған скрининг нәтижесінде 3923 жобаға 18,6 миллиард теңге қажет көрінеді. Бүгінгі күнге жалпы көлемі 10,8 миллиард теңгеге 1795 өтінім келіп түскен. 26 ауылдық округтің барлығында кооперативтер құрылып, тіркеуден өтті. 11,5 миллиард теңге «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамына аударылып, өтінімдерді қаржыландыру жұмыстары басталған. Алайда, арнайы құрылған жұмысшы топ 14 ауылдық округте мониторинг жүргізіп, кооперативтер және ауылдық округтер бойынша бірқатар жүйелі мәселелерді анықтаған. «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Әбілхайыров баяндама жасап, қаржыландыруға қатысты жайттарға тоқталды. Ол кепіл шартын тіркеу мерзімінің ұзақтығын, ауыл тұрғындарының несиеге өтініш беру кезінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің № 47 қағидасына сәйкес, жеке кәсіпкер болып тіркелуі қажет екенін айтты. Осы талаптарға байланысты өтініштің азайып отырғандығын жеткізді. Облыс әкімі анықталған кемшіліктерге нақтылай тоқталып, ол жұмыстарды ұтымды үйлестіруде сылбырлық танытып отырған басшыларды сынға алды. Аймақ басшысы жауаптыларға зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді жою, ауыл тұрғындарының пай үлестерін кооперативпен бірігу арқылы, жерлерін игеру бойынша жұмыстарын ұйымдастыру, құрылған кооперативтің сұранысына сәйкес аудандық жер қорынан ауыл шаруашылығы жерлерін беру, барлық ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техника тұрағы, қойма және басқа да қажеттілікке сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ауылдық округтен арнайы жер беруді ұйымдастыру секілді мәселелерді шешу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов «Ауыл аманаты» жобасы тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру мен әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңыздылығын баса айтып, жобаны белсенді әрі тиімді жүзеге асыру бойынша облысымыз өзгелерге үлгі болып қалу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, жиын барысында вегетациялық кезеңді өткеру барысы туралы да талқыланып, түйткілді мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдау, суды кесте бойынша тиімді әрі үнемді пайдалану қажеттілігі айтылды.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар