Құрбан амалы – Аллаға жақындау

Құрбан амалы – Аллаға жақындау
ашық дереккөз
Құрбан амалы – Аллаға жақындау
Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) бастап кеткен жолы, сүннеті болып табылатын құрбан шалу құлшылығын соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) қайта жаңғыртып, үмметіне бұл істі міндеттеді. Алланың ардақты елшісі бір хадисінде «Кімнің мүмкіндігі бола тұрып, құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын орындарымызға жақындамасын», – деген. Алла Тағала өзінің қасиетті кітабы Құран кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал!», – деп бұйырған. Жоғарыдағы хадис пен аятқа сүйенген ханафи мазһабының ғұламалары айт намазын оқу мен құрбан шалуды уәжіп, яғни міндетті діни амалға жатқызған. «Құрбан айт» сөз тіркесінің этимологиясына тоқталар болсақ, «Аллаға жақын болу» деген мағынаны беретін «құрбан» сөзі түркі тілдес халықтарға парсыдан енген сөз болып табылады. Ал, түптеп келгенде, «құрбан» сөзінің түбірі «жақындық» деген мағынаны білдіретін арабтың «қурб» деген сөзінен шығады. «Айт» деген «жылда айналып келетін мейрам» дегенді білдіретін арабтың сөзі. Арабтар «құрбан айт» деп қолданбайды. Олар бұл сөздің орнына «ийд-әл-адха» деген сөзді қолданады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мақұлдаған күнтізбе бойынша биыл құрбан айттың бірінші күні 28 маусымға сәйкес келеді. Осы күні облысымызда Айт намазы таңғы сағат 06:20-да оқылады. Айт намазы оқылып біте салысымен мұсылман жұртшылығы Аллаға арнаған құрбандықтарын шала бастайды. Құрбандық шалу үш күнге созылады. Үшінші күні күн батуға аз уақыт қалғанда құрбандық шалу тоқтатылады. Ғұлама Имам Мәліктің «әл- Муатта» атты еңбегінде сахаба Абдулла ибн Омар «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн», – деген. Сахаба Әнас (р.с.) «Мал бауыздау құрбандық күнінен кейін екі күнге созылады», – деген. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Ең кемінде ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, ал, түйе бес жасқа толған болуы міндетті. Қойдың алты айлық тоқтысы да құрбандыққа жарамды болып табылады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да шалына береді. Уақ малды бір адам, ал ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп шалуына болады. Ал, жылқы, үйрек, қаз, тауық, қоян және сол секілді басқа да жануарлар құрбандыққа жарамсыз болып табылады. Құрбандық шалу бір отбасына емес, ауқатты әйел-еркек әр мұсылманға бөлек міндеттеледі. Мысалы, бір отбасында үйге кіріс келтіретін бірнеше кісі болып, олардың әрқайсысы ауқатты болса, барлығы бөлек құрбандық шалуға тиіс болады. Сондай-ақ, бірігіп бір мүйізді ірі қараны шала алады. Ал, бір үйде бір кісі ғана ауқатты болса, онда өзі ғана кемінде бір құрбандық шалуға міндетті болмақ. Құрбандық шалатын кісі малды союға икемді болса, өзі бауыздағаны абзал. Малды қинап қоятындай болса, білікті кісінің бауыздағаны дұрыс. Қалай болғанда да, мүмкіндігі болса, құрбандығы шалынарда қасынан табылғаны абзал. Мүмкіндігі болмаса, өкілін жіберіп, қатыстыруына да болады. Қасапшы жалдаса, ақысына шалынған құрбандықтың мүшелерін беруге қатаң тыйым салынады. Қасапшының ақысы бөлек қаражаттан берілуге тиіс. Қасапшы мұқтаж жан болса, еңбекақысын бөлек берумен қатар, құрбан етінен оған да үлес беруге болады. Құрбандыққа шалынатын мал құлағының жартысынан көбі кесілген, бір көзі жоқ, жүре алмайтын көтерем және тағы да басқа кемшілігі болмауы тиіс. Піштірілген еркек мал құрбандыққа жарамды болып табылады. Құрбандық шалушы кісі малды құбылаға қаратып жатқызып, «Бұл менің атымнан және отбасымның атынан» деп ниет етіп, «Бисмилләһи Аллаһу әкбар», – деп айтып барып, малды бауыздайды. Сойылған құрбандықтың еті сүннет бойынша үшке бөлінеді. Бір бөлігі өзіне, бір бөлігі мұқтаж жандарға, ал бір бөлігі көршілеріне немесе туыстарына таратылып беріледі. Етке мұқтаж болса, малдың етін толығымен өзі ала алады. Етке мұқтаж болмаса, толығымен тарқатып беруіне де болады. Айт – ізгілік мерекесі. Бұл күні мұсылмандар бірін-бірі қуантып, әр үйге айттап, мәре-сәре болады. Мұсылманның бір-біріне жылы сөз айтуы, құрмет көрсетуі имандылықтың бір белгісі. Құрбан айт күнгі мақсат – Алланың разылығын алу. Алла бауыздалған малдың қанына мұқтаж емес. Біздер Алланың мейірімі мен жақсылығына, кеңшілігіне мұқтажбыз. Қай кезде де ізгі амал жасағандар Аллаға жақындай түсетіні анық. Ал, құрбан айт күні де көбірек ізгі амал жасаудың, біреуге жақсы сөйлеудің, сый жасаудың сауабы өте мол. Келе жатқан Құрбан айт мерекесі мүбәрәк, құрбандықтарыңыз қабыл болсын!  

Қанат ЖҰМАҒҰЛ,

Байзақ аудандық мешітінің бас имамы.

Ұқсас жаңалықтар