- Advertisement -

Тілдің жарымжан болуы – тәннің жарымжан болуынан жаман

80

- Advertisement -

Ел мен елді жақындастыратын қатынас құралы – тіл. Мемлекеттік тіл – әр республиканың байлығы. Біздің мемлекеттің төл тілі – қасиетті қазақ тілі. Мемлекетімізде жүздеген ұлт өкілдері тұратын болғандықтан, олардың тілі мен дәстүріне де еркіндік берілген. Алайда, қазақ тілі – мемлекетімізде тұратын барша тұрғынға ортақ.

Елімізде жалғыз тіл ғана кеңінен салтанат құруы керек. Басқа елдерде де солай. Біздің елдің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Сондықтан, төл тілімізді білу барлық ұлт өкілдеріне міндет.

Жақында «Достық үйінде» облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың қатысуымен өңір азаматтарының құқықтары мен теңдігін қамтамасыз ету, этникалық және тілдік белгілері бойынша семинар-кеңес өткен болатын. Онда әр ұлт өкілдерінің құқықтары мен дәстүр, тіліне құрметпен қарау туралы сөз қозғалып, қазақ тілінде сөйлеу барлық қазақстандықтың міндеті екені де айтылды.

Мемлекеттік тіл – кешегі Бұқар жыраудың, Бәйдібек бабаның тілі. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бас болып, елдің арасындағы дауды шешкен тіл. Шешендеріміз шешіліп сөйлеген, батырларымыз рухтанған тіл. Ақын Серік Қалиев «Ана тілін өгейсіткен адамды, Анасын қолдан өлтірген ұлдай жек көрем» деп жырлап еді.

Ана тілін сыйламау – анаңды сыйламау. Ана тілін білмей, өзге тілде шүлдірлеген балалар нағыз жарымжан балалар. Тілдің жарымжан болуы – тәннің жарымжан болуынан жаман. Адамның рухы жарымжан болса – еңсесінің түскені. Өзіміздің бабаларымыз, атамыз, әжеміз сөйлеген тіл – ана тілі.

Осы тілде халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов том-том кітап жазса, батыр Бауыржан Момышұлы ана тілін қастерлеп ғана қоймай, термелер мен халық әндерінің сөздерінің бұзылмай айтылуына аса мән берген. Сөз қадірін түсінген.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болып, Тәуелсіз еліміздің даңқы арта берсін. Қасиетті қазақ тілі төрткүл дүние елдерінің құрметті құндылығына айналсын.

 

Талғат КЕНШІМБЕКОВ,

«Желтоқсан-86» облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support