Имамдар – әр ауылдың рухани көшбасшысы

Имамдар – әр ауылдың рухани көшбасшысы
ашық дереккөз
Имамдар – әр ауылдың рухани көшбасшысы
Тараздағы Оқушылар сарайында «Имам – ізгі қоғамның жаршысы» атты облыстық имамдар форумы өтті. Онда алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкіл имамы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев сөз сөйлеп, бүгінгі жиынның мәні мен маңызына тоқталды. «Имамдардың тұлғалық келбеті» тақырыбында қысқаша баяндама жасады. Ол өз баяндамасында: «Қадірлі имам бауырлар! Осы кезге дейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрт форумы өтті. Ол форумдарда «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», «ҚМДБ лауазымы мен міндеттері», «Жеті рухани қазына» бағыттары бойынша құжаттар қабылданған болатын. Осылайша көпшілік жамағат ас беру мәзірінің қандай болуы керектігінен, зират мәселелерінен, ысырапшылыққа жол бермеу жайын жақсы түсініп отыр. Ал, биылғы бесінші форумда тағы үш құжат қабылданды. Бүгін сол құжаттармен де сіздерді кеңінен таныстыратын боламыз. Қасиетті Құранда «Алла жолында сөз таластыру керек болса – сөздің жақсысын таңда», деген. Бізге ынтымақ, бірлік, бауырмалдық ауадай қажет. Пайғамбарымыз хадисінде «Бір-біріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер» дейді. Сондықтан, бүгін баршамызға қажетті құндылықтар кеңінен айтылады. Айт намазы және айт мерекесінің мәселелері де қамтылады. Сіздерді форум жұмысына белсенді қатысуға шақырамын», – деді. Мұнан соң облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Есет Таласбаев «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі туралы» құжатпен таныстырып, жаназа мен айт намаздарының тәртіптері жөнінде кеңінен айтып өтті. Наиб имам Ғалымбек Жәпек «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының рухани құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» атты құжатты таныстырды. Ол діни басқарманың жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы ілгерілей түскенін, 2001 жылы «Ислам өркениеті» (қазір «Мұнара») газеті 2002 жылы «Иман» журналы жарық көргенін, 2021 жылдан «Мұнара» телеарнасы жұмыс істей бастағанын айтты. Мүфтият қазіргі таңда мешіттердің де архитектуралық құрылысы талапқа сай болуын бақылауға алғанын, елімізде ашылған «Нұр-Мүбарак» Ислам университеті, 9 діни медресе-колледждер, қарилар орталығы білікті мамандар дайындау мектебіне айналғанын атап өтті. «Бұрын қариларды сырт мемлекеттерден алдырсақ, қазір өзіміздің дайындық орталығынан тәлім алған қарилар мешіттерімізде елге қызмет етіп жатыр», – деді Ғ.Жәпек. Имамдар – ізгілікті таратушы адамдар. Жамағаттың жақсылыққа жол сілтейтін көшбасшысы. Олар көпшілікке елді, жерді сүю, Отанды құрметтеу тұрғысынан да ой салады. Ол үшін қазақтағы би-шешендердің өсиеттерін, шешендік сөздерін пайдаланады. Жастарға Отанды сүю – иманнан екенін ұқтырып жүрген де осы асыл дінімізді ардақтап жүрген азаматтар. Ал, «Қажының рухани келбеті» құжатын Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев таныстырды. Ол қажылық қыдырып баратын жер емес екенін, Меккеге баратын қажыларға арнайы түсіндіру дайындық сабақтарын өткізу, қажылық кезінде айтылатын дұғалар мен ережелерді жаттату керектігін атап өтті. «Қажылық – ізгі амал. Қажылықтан келген кісі жақсы жағына өзгеріп, жаман істен тыйылуы керек. Иманды ісімен жас ұрпаққа тағылым беруі тиіс. Ал, қазіргі қажылардың барлығы оғаш қылықтарынан арылды деп айта алмаймыз. Сосын халық арасында «Қажы деген осы ма? Оның несі қажы?» дегендей теріс пікір тудырады. «Мен бәлен миллион адамның арасынан қажылыққа барып келдім. Тегін адам емеспін», деп рияға баратын кісілер де бар. Қажылық деген – ізгілік. Қажы барынша кішіпейіл, қарапайым, әдепті болуы керек», – деді Аманбаев. Форумды облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қорытындылап, айт намазы талаптары, айт мерекесі туралы айтып өтті. Сондай-ақ, ол әр ауылдан жиналған имамдарды сауатты, ізденімпаз, жан-жақты болуға шақырып, жалпы ислам дінін дамытуда бес бағытта жұмыс жүріп жатқанын айтып, форумға қатысушылардың бәрінің жұмысына жеміс тіледі. Айта кетейік, облыста 300-ден астам мешіт бар. Онда 500 дін қызметкері еңбек етеді. Мұнда ауылдың абыройлы, сыйлы, бес уақыт намазын үзбеген қарттарының қосар үлесі де мол.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар