- Advertisement -

Құрылыс нысандары партияның тұрақты бақылауында

28

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

Партия төрағасының айтуынша, 2019 жылдан бері «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасы қолға алынған. Бүгінгі күні өз нәтижесін көрсеткен тың бастаманың атауы «Ауыл аманаты» болып өзгертіліп, еліміз бойынша жүзеге асырылуда.

– «Ауыл аманаты» жобасы аясында жоспарға сәйкес 153 ауылдың 621,7 мың тұрғынын жұмыспен қамту үшін 87,8 миллиард теңге, оның ішінде биылға 31,5, ал келесі жылы 38 миллиард теңге қажет. Осылайша, алдағы 5 жылда 25 мың адамды жеке кәсіпке бағыттап, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын 16 мыңға дейін төмендету көзделген. Сөйтіп, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны 7 мың адамға қысқармақ.

Одан бөлек, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару аясында өткен жылы облыста 208 мың гектардан астам жер ортақ жайылымға қайтарылды. Жол картасына сәйкес, жыл сайын 40 мың гектар жерді қайтару қарастырылып отыр. Осылайша, алдағы 5 жылда игерусіз жатқан 200 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылатын болады, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

2027 жылға дейін 150 миллиард теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Ал, суармалы егістік көлемін 179,2 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 6 су қоймасы, атап айтқанда Байзақ ауданындағы «Ақмола», Меркі ауданындағы «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3», Қордай ауданындағы «Қалғұтты», «Ырғайты» су қоймаларының құрылысы партия бақылауында. Бұл өз кезегінде 31 мың гектар жердің жарамдылығын арттыруға сеп болмақ.

Бұдан өзге, бүгінгі күні қолданыстағы Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ», Қордай ауданындағы «Қарақоңыз», Сарысу ауданындағы «Ынталы» қоймаларына жаңғырту жұмыстары партия назарына алынады. Аталған бағытта 2027 жылдың соңына дейін облыс бойынша ең кемі 84 мың жұмыс орнын, оның ішінде ең кемі 50 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр екен.

«Шағын және орта кәсіпкерлік – жұмыспен қамтудың деңгейі мен экономикалық дамудың қарқынын анықтайтын жетекші сала болып табылады. Бүгінде 133,3 мың адамды жұмыспен қамтып, 311,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетіп жатқан 92,6 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде. Бұл, әрине, көңіл марқайтатын мәлімет емес, сондықтан шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру мәселесіне баса назар аудару қажет. Ол үшін алдымен жұмыс істеп жатқан шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындары санын 2027 жылы 97 мың бірлікке дейін жеткізіп, бизнеспен айналысатындардың санын 2027 жылы 147 мыңға дейін жеткізуді қамтамасыз етуге жұмыс жасаймыз», – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Бүгінгі күнге дейін жергілікті маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайы – 97 пайыз. Оның ішінде облыстағы ауылішілік жолдардың 18 пайызы көңіл көншітпейді.

Партия 2027 жылға дейін жергілікті маңызы бар 53 километр жол құрылысын реконструкциялауға және 1 мың километрден асатын жергілікті маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ, 1 мың километрден ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге, Тараз қаласының автобус парктерін 70 жаңа автобустар сатып алу арқылы жаңартуға күш салады.

Таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша, облыстағы 367 елді мекеннің 285-і орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған, 82-сі тасымалданады. Ауыз су мәселесін шешу үшін де партия өз үлесін қосуда. Нақтырақ айтқанда, 57 елді мекенді орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етуге ықпал етпек.

Партия төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыру бойынша, оның ішінде медициналық қызметтің сапасын көтеру, мәдениет саласы, бұқаралық спортты дамыту, жаңа цифрлық мүмкіндіктерді арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Одан бөлек, «Әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау», «Экологиялық жағдайды жақсарту» бағыттарын да атап өтті.

Жиын соңында партия төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support