- Advertisement -

«Ата мен немере» монументі ашылды

137

- Advertisement -

Бүкіл елдің үміті мен сенімін арқалап бүршік жарған бүгінгі ұрпаққа сапалы білімнен бұрын, саналы тәрбие берудің маңызы жоғары. Себебі, әл-Фараби бабамыз айтпақшы, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Осы ретте, Байзақ ауданындағы Мәдімар ауылында ұлттық нақышқа негізделген ерекше монумент бой көтерді. Қариясымен қазыналы, ұрпағымен мың жасайтын алтын бесік – ауылға мұндай ерекше монументті мектеп бітіргеніне 45 жыл толған түлектер тарту етті.

Ауылдың ажарын айшықтай түскен монументтің жалпы құны 1 жарым миллион теңгені құрайды. Десек те, туған жерге кіндігі байланып, туын тіккен азаматтар өз қаржысы есебінде тәрбиелік мәні терең ескерткішті өскелең ұрпақтың игілігіне салтанатты түрде сыйлады. Монументтің авторы, мүсінші Сұңғат Қожағұлов қазақы ою- өрнек түрінде пішінделген пәлсапалық туындыны ата мен немере табиғатына ұтымды ұштастыра білген. Ауыл тұрғындарының қуанышын еселеген салтанатты іс-шараға қазыналы қариялар бастаған, жалынды жастар қостаған көпшілік жиналды.

Түлектердің атынан сөз тізгіндеген Айтбай Мықтыбаев үлкенге–құрмет, кішіге – ізетті насихаттайтын монументтің мән-маңызына тоқталып өтті. Өз сөзінде ол туған ауылының дамуына үлес қосып, осынау игі іске қарағайдың қырық бұтағындай иіле атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді. Болашақта «Ата мен немере» саябағының тек демалыс орны ғана емес, ұстанымы биік ұрпақтың ұлағат ошағына айналарына сенім білдірді.

Түлектердің бірі Сыдық Шохайбаев:

– Атадан балаға мұра боп келе жатқан ұрпақ сабақтастығы жолында ата мен немере арасындағы байланыс жібі ешқашан үзілмеуі керек. Бұл – шежіренің алтын көпірі. Болашақтың сәулесі немере болса, оның бекзада бабалар өнегесімен байланысын нығайтып, биікке ұмтылдыратын парасат иесі ол – ата. Бұл монументтің символикалық мағынасы тереңде жатыр, – деп лебізін жеткізді.

Жалпы, бұл ауыл мектептерінің алғашқы да, соңғы да тартуы емес. Мәдімар ауылында 1974 жылғы азаматтар ауыл тұрғындарына «Street Workout» пайдалануға берді, 1972 жылы туған азаматтар Мәдімар мешітіне еуро қақпа орнатқан, 1982 жылғы азаматтар мешітке 100 адамдық бастырма, 1983 жылғы азаматтар пеш соғып берсе, 1984 жылғы азаматтар шатыр (палатка) сыйлаған. Ал, 1964 жылғы азаматтар мешітке, мектепке орындық орнатып, ауыл жастарының ұйымдастыруымен ауылға қазан-ошақ тарту еткен. 1986 жылғы азаматтар қорым басына 3 бастырма орнатса, 1966 жылғы азаматтар «Алғашқы механизаторлар» аллеясына еуро қақпа салған. Аталған игі істердің бәрі де мәдімарлықтардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін айқын аңғартқандай.

Мазмұнды монументтің ашылуы барысында игі іске бастамашы болған түлектерге ауыл әкімінің атынан Алғыс хат табысталып, қариялар ақ батасын берді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support