- Advertisement -

Адамдардың өмірімен ойнауға бола ма?

29

- Advertisement -

Автокөліктің пайдасы да, қажеттілігі де мол. Бірақ, қауіпті сәттері де көп. Желігіп жылдамдықты біраз асырып жіберсең, оның аяғы өкінішті жағдайларға ұласуы мүмкін. Қазіргі таңда не көп, жеңіл автокөлік көп. Бала да, шаға да мініп жүр. Бірақ, жол ережесін сақтау, жаныңдағы жолаушылардың және өзіңнің қауіпсіздігіңді ойлау – басты міндет.

Жақында Астанаға жолым түскен. Қайтарда таксимен қайтуға тура келді. Себебі, қазір Астанаға баратын пойыздарға билет жоқ. Тіпті, айлап билет таппайсыз. Жолаушылар шынымен шамадан тыс көп пе, әлде алыпсатарлар алдын ала билеттерді арзан сатып алып, жолаушыларға 2-3 есе бағасына сатып жүр ме, белгісіз. Жә, айтпағым ол емес.

Сонымен, Астанадан таксимен қайттық. Біз түнгі 1-де Таразға қарай шығып кеттік. Екі таныс такси бір- біріне қарайлап, түнімен тоқтамай жүріп отырды. Жүргізуші жігіт көлікті жақсы игеріп келеді. Бір ғана айыбы – ұйқысының шалалығы. «Кеше кешке анау көліктегі досым екеуміз Көкшетаудан келдік. Келе сала демалмастан жолаушыларды екі сағат ішінде айтқан мекенжайларынан жинап алдық. Содан досым екеуміз әлі ұйықтамай, Таразға шығып кетіп отырмыз. Тараздықтарды түсірген соң, Шымкентке жетіп бір-ақ демаламыз. Себебі, Шымкентке дейін алған жолаушыларымыз және жеткізетін заттарымыз бар. Досым жаңадан үйленген. Алты айлық нәрестесіне қарай асығып барады» деді шопырым.

Басқаны қайдам, мына сөзден мен шошыдым. Көкшетаудан Астана арқылы жүріп, Таразды басып өтіп, Шымкентке жету – шамамен 1900 километр екен. Осынша километрді шала ұйқымен жүріп өту – қиын қадам. Ұйқысы шала жүргізушінің кез келген уақытта жолдан қарсы жолға шығып кету, бірдеңеге ұрыну ықтималдығы зор. Өзің ғана қатерге ұшырамайсың, саған сеніп мінген бірнеше жолаушыға да қатер төндіресің. Жол апаты осындай салғырттықтан орын алады. «Апат айтып келмейді».

Бірде ұзақ жолға күн сайын шығатын «ГАЗель» жүргізушісінің: «Үнемі жолдамыз ғой. Бірде Алматы жаққа құдалыққа адам апаратын болдым. Түнделетіп шықтық. Бәрі бір тойға бара жатқан кісілер ғой, көлікке міне сала ұйықтап кетті. Тараздан шыға бере мені де ұйқы қысты. Оның алдында да ұзақ жолдан келіп едім. Жан-жағыма қарасам, ояу ешкім жоқ. Көлігімді жолдың шетіне шығарып тоқтатып, мен де ұйықтап кеттім. Біраз уақыттан соң оянсам, жолаушылар әлі ұйықтап жатыр екен. Мен сол кезде сағатқа қарадым. 25 минут ғана көз іліп алған екенмін. Кәдімгідей сергек болып қалыппын. Салқын сумен жуынып алдым да, әрі қарай жөнелдім», – дегені бар. Қатты шаршаған көлік жүргізуші 30 минут қана көз іліп алса, сергіп қалады. Есесіне, өзінің және жолаушылардың амандығына да сеп.

Қалай болғанда да, адамдардың өмірімен ойнауға болмайды. Бір ғана қателік – талай адамның өмірін қиып кетеді. Осыны ойлана жүріңіз, жүргізуші! Жолаушы тасып, табыс тапқан жақсы, ал адамның өмірі бәрінен қымбат!

 

Есет ДОСАЛЫ

Астана – Тараз

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support