- Advertisement -

Елді мекендердің сәулеттік келбеті — елдің айнасы

168

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Ұлттық экономика құрылымына баса мән беріп, халықты тұрғын үймен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтып, жалпы қала мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруді көздеп отыр. Мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі.

Бүгінде сәулет және қала құрылысы саласының негізгі қызметі – қала құрылысы саласының дамуына талдау жасап, елді мекендердің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарлардың жүзеге асуы мен облыс аумағында қала құрылысы регламенттерін сақтау жөніндегі қызметтерді үйлестіру. Сонымен қатар, облыстық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүзеге асыру, сондай-ақ адамның мекендейтін, тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған.

Жамбыл облыстық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, облыстық мәслихат депутаттарының, облыстық мәслихаттың инспекторларының, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының маманының және қала, аудан әкімдіктерінің мамандарының қатысуымен жуырда облыс елді мекендерінің сәулеттік келбетін жақсарту және көркейту барысында 2022- 2023 жылдары аралығында атқарылған жұмыстарына зерделеу жүргізілді.

Зерделеу барысында «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» қолданыстағы Заңының 47-бабына сәйкес, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және құрылысын жүргізу бекiтiлген қала құрылысы жобалары негізінде, яғни елді мекеннің бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сай жүзеге асырылып жатқаны анықталды.

Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша 371 қала мен елді мекен қала құрылысы жобаларымен қамтамасыз етілген. Еліміздің «Қала және ауылдық елді мекендерде құрылыс салу, қала құрылысын жоспарлау» Ережесіне сәйкес, қала мен аудан әкімдіктері тарапынан барлығы 45 елді мекеннің бас жоспары мен оңайландырылған нұсқаларына былтыр түзетулер енгізіліп, басқармада өтетін техникалық кеңес мәжілісінде өзекті мәселелері жан-жақты талқыланып, берілген ұсыныстары жобаға енгізіліп, бекітілді.

Сондай-ақ, өткен жылы Тараз қаласы әкімдігі тарапынан қаланың бас жоспар жобасы негізінде №14 шағынауданының, «Көне-Тараз» орталығы, Қарасай тұрғын алқабы және негізгі Абай, Жамбыл, Төле би даңғылдарының, Қазыбек би, Әйтиев, Қонаев, Тәуке хан көшелерінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл елді мекендердің қала құрылысы жобаларына қажеттілігіне қарай түзету енгізу үшін 2023-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілді, жалпы қала және аудан әкімдіктері тарапынан барлығы 30 елді мекеннің бас жоспары мен оңайландырылған нұсқаларына түзетулер енгізу жоспарға енді.

Бүгінгі күнге, Тараз қаласының бас жоспар жобасына түзетулер енгізу үшін жобалау жұмыстары аяқталып, бас жоспар жобасына кешенді қала құрылысы сараптама қорытындысы жасалуда. Облыс орталығы халқының санының өсуіне байланысты, қала аумағын екі әкімшілік-аумақтық ауданға бөлу – бас жоспар жобасында жоспарлануда. Облыс әкімдігінің бұл бастамасына Қазақстан Республикасының Президенті қолдау білдірді. Кешенді қала құрылысы сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, ел Үкіметінің қарауына енгізіледі.

Сондай-ақ, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Меркі, Сарысу, Байзақ, Қордай мен Мойынқұм аудандарындағы бірқатар елді мекендерінің бас жоспары мен бас жоспардың оңайландырылған нұсқаларына түзетулер енгізу үшін аудан әкімдіктері тарапынан қаражат көлемі анықталып, жергілікті бюджеттен қаржыландыру үшін өтінім ұсынылды.

Бұдан бөлек, аудандық және қалалық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары негізінде былтыр облыстың қала мен аудан елді мекендерінің сәулеттік келбетін жақсарту және көркейту мақсатында бірқатар әзірленген эскиздік жобалар іске асырылды. Атап айтатын болсам, Тараз қаласы Төле би көшесінің бойында «Оқушылар сарайы» ғимаратының мақұлданған эскиздік жобасына сәйкес, құрылыс- монтаж жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілді.

Тараз қаласының негізгі көшелерінде орналасқан бірқатар нысандардың түнгі көрінісі заманауи жарықшамдарымен жарықтандырылды. «Ш.Мұртаза ескерткішін» орналастыру және «Д.Қонаевтың ескерткішін» қайта жаңғырту бойынша эскиздік жобаға сәйкес тиісті жұмыстары атқарылды.

«Қасіретті Қаңтар» оқиғасынан кейін облыс бойынша зақымданған (әкімшлік ғимарат, полиция департаменті, «Amanat» партиясы) нысандардың эскиздік жобалары (интерьер) әзірленіп, қайта қалпына келтірілді. Шу ауданы Шу қаласының С.Сейфуллин көшесі №24 мекен жайында орналасқан қаңырап бос тұрған ғимараттарды жатақхана және спорт кешені ретінде қайта жабдықтау жобасы әзірленді. Жоба аясында нысанның негізгі бөлігі 4 қабаттан тұрады. Әр қабатында 6 пәтер, жалпы 28 пәтер, акт залдарына кіші футбол алаңы және воллейбол алаңдары, қосалқы бөлігінде ММА, каратэ, теннис, күрес және машықтану залдары, жуыну, санитарлық торап бөлмелері жоспарланды.

Облыс аумағында жаңадан салынатын және күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандардың эскиздік жобасы әзірленіп, 2022-2023 жылдары аралығында ел игілігіне пайдалануға берілді.

Сонымен бірге, басқармаға қарасты «Сәулеттік бюро» мекемесі тарапынан қосымша Тараз қаласы мен аудандар аумағында орналасқан нысандардың жобалары әзірленді. Бұған қосымша, аудан әкімдіктерімен елді мекендердің сәулеттік келбетін көркейту және жақсарту, ескі әлеуметтік-мәдени нысандар мен демалыс орындарын қайта жаңғырту бойынша біраз жобалар әзірленді.

Бекітілген бас жоспар жобаларына сәйкес, басқарма тарапынан жыл сайын облыстың қала мен аудан орталықтарындағы негізгі бас көшелердің белгіленген «қызыл сызық» құрылыс салу шекарасында орналасқан кәсіпкерлік сауда орындары, дүңгіршектері мен құрылыс нысандарын анықтау мақсатында зерделеу тұрақты жүргізіліп тұрады. Зерделеу нәтижесінде 2022 жылы аудан орталықтары бойынша 13 нысан анықталып, оның ішінен 4 нысан бұзылды, бүгінгі күнге қалған 9 нысанға аудан әкімдіктері өздері тарапынан шара қолдануда.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен «Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын енгізу туралы» Үкімет отырысында инженерлік желілерді түгендеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді қамтамасыз ету және мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесінде түгендеу үлесін жыл соңына дейін 75 пайызға дейін, ал 2024 жылға қарай 100 пайызға дейін жеткізу тапсырылды.

Инженерлік желілерді түгендеу жөніндегі іс-шараларды іске асыру «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасында межеге сәйкес, аудан әкімдіктері тарапынан 4 887 гектар аумақтың түгендеуі аяқталды. Бұл жұмыстар Жамбыл ауданындағы Аса, Жалпақтөбе, Пригородное, Айша бибі, Байзақ ауданында Бурыл, Құмжота, Қордай ауданында Ауқатты, Бұлар батыр, Меркі ауданында Меркі, Сарымолдаев, Плодовоягодное, Екпінді, Т.Рысқұлов ауданында Луговой ауылдарында жүргізілді.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу мақсатында бекітілген индикаторға сәйкес, 2023 жылға жоспар 6011,95 гектарды құрады. Бұлар – Байзақ (Қызылжұлдыз, Түймекент – 605,25 га), Жамбыл (Гродекова, Шайқорық – 855,3 га), Қордай (Отар, Масаншы – 2003 га), Меркі (Ойтал, Интернациональный, Андас батыр – 1172,3 га), Т.Рысқұлов (Құлан – 224,80 га), Сарысу (Саудакент – 590 га), Шу аудандарына (Д.Қонаев – 561 га) тиесілі болып бекітілді. Аталған аудандарға берілген тапсырмаларға сәйкес, қажетті қаражаттар бөлініп, жұмыстар атқарылуда, жыл аяғына дейін көрсеткішті орындау жоспарда.

Бүгінгі таңда елді мекендердің сәулеттік келбетін көркейту мәселесі тек жаңа құрылыс нысандарын жоспарлау, жүргізу барысында «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту» Қағидасына сәйкес құрылыстың эскизін (эскиздік жобасын) келісу және «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік қызметтің негізінде атқарылып отыр.

Алайда, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту және көркейту бойынша, яғни қолданыстағы ғимараттар мен құрылыс кешендерінің сыртқы келбетін ретке келтіру бойынша ешқандай заң нормасы мен талаптары қарастырылмаған.

Аталған мәселені шешу және облыс елді мекендерінің сәулеттік үйлесімділігін келтіру, жақсарту үшін Тараз қаласы мен аудан елді мекендерінің «Дизайн код» жобасын әзірлеу мақсатында қазіргі уақытта Тараз қаласының «Дизайн код» жобасын әзірлеу үшін қалалық жергілікті бюджеттен қажетті қаражат қарастырылып, жобалаушы мекеме анықталуда.

«Дизайн код» жобасында көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, әлеуметтік, кәсіпкерлік құрылыс нысандарының сәулеттік шешімдерін қарастыру, негізгі көшелердің бойындағы сауда дүңгіршектері, аялдамалар, жарнамалар, билбордтар, кіші сәулеттік формаларды қала құрылысы нормаларына сәйкес орналастыру мәселелері қамтылып, нормативтік құжат ретінде бекітіледі. Осы жобаның негізінде қолданыстағы ғимараттардың қасбетін ретке келтіру, сәулеттік келбетін көркейту мәселесі қолға алынатын болады.

 

Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ,

облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support