- Advertisement -

Арзандатылған отын арман болып тұр

62

- Advertisement -

Биыл егінге алғашқылардың бірі болып Жамбыл мен Т.Рысқұлов аудандарының диқандары орақ салды. Жалпы, облыс бойынша 379 мың гектар алқапқа дәнді масақты дақылдар орналастырылған. Оның ішінде бидай 162,7 мың, ал арпа 216,3 мың гектар алқапты алып отыр.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, Т.Рысқұлов ауданында 61,7 мың гектарға бидай, 53,2 мың гектарға арпа орналастырған. Қазіргі таңда аталған аудандағы шаруашылықтардың күшімен жалпы 235 гектар алқап орылып, 305 тонна өнім жиналыпты. Биыл астық ору науқанына барлығы 800 техника жұмылдырылмақ екен.

Т.Рысқұлов ауданындағы 1361 шаруа қожалықтың 697-сі егін шаруашылығымен айналысуда. Соның бірі – «Ернар» шаруа қожалығы. Шаруашылықтың егістік алқабы – 2800 гектар. Бүгінгі таңда оның 300 гектары орылып, өнімділігі гектарына орта есеппен 12-13 центнерден айналуда. Қожалық жетекшісі Рысбек Рахметілдаев бүгінгі таңда жанар-жағармайдан тапшылық көріп отырғанын айтты.

– Біз биыл егінге орақты ерте салдық. Оған ауа райының құрғақшылығы да себеп болып тұр. Қазіргі таңда орақ науқанына үш комбайн, төрт «КаМАЗ» бен бір өрт сөндіруші техникасы қатысуда. Орақ басында 20 адам еңбек етуде. Алқаптағы егінді бір ай көлемінде орып, жинап алуды жоспарлаудамыз. Дегенмен, қиындықтар да жоқ емес. Мемлекеттен берілетін арзандатылған дизель отынына қол жеткізе алмай келеміз. Әр айда бөлінген жанар- жағармай бізге уақытынан бір ай кешіктіріп жеткізілуде. Ендігі дизель отынымыз бірнеше күнге-ақ жетеді. Ол таусылса жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз. Ал, жанармай құю бекеттерінен дизельдің бір литрін 290 теңгеден алудамыз. Оның өзіне шектеу қойып қойған. Одан артық бермейді. Бізді қинап тұрғаны да осы жанар-жағармай мәселесі. Шөп орағы науқаны кезінде де дизель отыны кеш үлестірілді. Аудан басшылығы осы мәселені ертерек шешіп, бізге арзандатылған жанар-жағармайды уақтылы беруге күш салса, – дейді Рысбек Рахметілдаев.

Бұл мәселеден облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы да хабардар. Басқарма басшысы Нұрби Жігітеков министрліктен бөлінген жанар-жағармайдың таяу күнде шаруаларға арзандатылған бағада, тиісті көлемде жеткізілетіндігін айтты. Шаруалардың алаңдауына еш негіз жоқ, жанар-жағармай жолда, бір-екі аптада үлестіріледі деп сендірді.

 

Диас МАРАТҰЛЫ.

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support