- Advertisement -

Атадан — бата, әкеден — ақыл

125

- Advertisement -

«Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен Қазақстан Республикасындағы мерекелер тізбесі «Аналар күні» (мамырдың екінші жексенбісі) және «Әкелер күні» (маусымның үшінші жексенбісі) мерекелерімен толықтырылғаны белгілі.

Осынау айтулы күннің шығу тарихына тереңірек үңілсек, әлемдік мәдениетте «Әкелер күні» 100 жылдан астам уақыт бойы мерекеленіп келеді екен. Әкелердің қатысуымен отбасылық мереке өткізуді әдетке айналдырған 30 елде бұл күн маусым айының үшінші жексенбісінде тойланып, мерекенің мәнін ашып, мазмұнын байытып отыр.

Біз әке мен бала арасын жақындатқан жағымды жағдайларға жиі куә болып жүрміз. Бұл ретте кейінгі толқынға тағылым беріп жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің жанды жұмысын, таяуда Өнер мектебінде өткен Әкелер форумын, өңірімізде ұдайы ұйымдастырылып тұратын «Менің атам – майдангер» атты шығарма жазу байқауын, «Әкем, анам және мен – спорттық жанұя» эстафеталық жарысын айтсақ та жеткілікті. Мұндай танымдық кездесулер мен мәдени-спорттық іс-шараларды өткізу алдағы кезеңге де жоспарланып отырғаны көңіл қуантады.

Әйтсе де, қазіргі таңда жалпы ата-аналардың жартысына жуығы ғана күнделікті уақытын балаларымен өткізетінін әлеуметтік зерттеулер анықтап берді. Әсіресе отбасын материалдық қамтамасыз етуге жауапты ер адамдардың өз балаларымен бірге болуға мүмкіндігі аз, яғни жұмыстан қолы тие бермейді.

Бұл тенденция, түптеп келгенде, әке беретін тәрбие мен назарының жетіспеуіне әкеліп соғып жатқаны жасырын емес. Әлбетте, әкелер бала тәрбиесімен мейлінше бой сала айналысып, көп уақыт бірге болып, үнемі қамқор қолға болса, бұл баланың жан-жақты дамуына, отбасының нығаюына үлкен септігін тигізер еді.

Әкелер күнін мерекелеудің түпкі мақсаты – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-ананың ынта-ықыласын арттыру, отбасының тұрақты дамуы мен бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлін күшейту екендігі айтпаса да түсінікті. Сол үшін біз бәріміз биыл алғаш рет атап өткелі тұрған мерекеге жете мән беріп, тәлімі мол іс-шараларға белсене қатысуға мүдделілік танытқан жөн.

Әке мен бала спорттық жарыстарға, серуенге бірге барса, бір-біріне алғыс айтып, сыйлық жасап жатса, сабаққа қатар отырып дайындалып, телеарнаны бірге тамашаласа, үй сыртында иықтасып еңбек етсе, көктен іздегеніміз жерден, дәл қасымыздан табылмай ма?

Біз – бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл атқаратынын білетін халықпыз. Ендігі жерде сол рөлді төмендетпеуге тиіспіз. Сол себепті жұмысбастылықты сылтау етпей, әке тәрбиесі, әке шаңырағы бала үшін теңдесі жоқ тұңғыш өмір мектебі екенін естен шығармауымыз керек. Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектептің бере алмайтынын дана халқымыз бекер айтпаса керек-ті.

Бұл тұрғыда бала тәрбиесінде ұлтымыздың ежелгі озық дәстүрлерін бүгінгі заманның жетістіктерімен ұштастыру зор маңызға ие. Солай еткенде ғана бала бойында отбасына сенімділік, ата салтына адалдық, үлкен-кішіге құрмет пен ізет, отаншылдық пен еңбексүйгіштік, ата-анаға деген сүйіспеншілік қалыптаспақ. Атадан – бата, әкеден – ақыл қалса игі.

 

Асқар БАЙДАЛИЕВ,

аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support