Сенім шуағын сыйлайтын орталық

Сенім шуағын сыйлайтын орталық
ашық дереккөз
Сенім шуағын сыйлайтын орталық
Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау – мемлекет аса көңіл аударып отырған маңызды мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы да мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді. Президент халыққа Жолдауында: «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деген болатын. Бүгінгі таңда облыстық мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталығында тағдыр тоғыстырған жетпіс азамат ем алуда. Өмір сынынан сынбаған олар биыл 14-ші шағынауданнан бой көтерген жаңа ғимаратқа көшуді асыға күтіп жүр. Себебі, жаңа нысанда олардың мүмкіндігі арта түспек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау» деп нақты тапсырма жүктеген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, жергілікті жерлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жасыратыны жоқ, қазір елімізде 705 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Өкініштісі, олардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Сәйкесінше оларға лайықты қызмет көрсету орындарында орын тапшылығы сезілуде. Жергілікті әкімдік тарапынан бұл мәселе жаңа нысандарды пайдалануға беру арқылы шешімін табуда. 14-ші шағынаудан аумағынан салып жатқан жаңа нысан мүгедектегі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталығы емделушілерінің қуанышын еселеп отыр. Осы ретте біз орталыққа арнайы атбасын бұрып, қызмет алушылардың жай-күйін біліп қайттық. – 1996 жылы Өзбекстаннан атамекенге біржола көшіп келдік. Жуалыда бастауыш сыныпта сабақ бердім. Нұрлыкентке келін болдым. Анам дүниеден өткеннен кейін денсаулығым сыр бере бастады. Ақыры 2017 жылы инсульт алдым. Қатты күйзеліске түстім. Сол кезде көпшіліктен осындай орталықтың бар екенін естіп, 2018 жылы осы жерге келдім. Келгеніме еш өкінбеймін. Себебі, орталыққа жұбайымның көмегімен, таяқ ұстап әзер келген болатынмын. Қазір өз аяғыммен жүріп-тұра аламын. Мұнда маған емдік шаралардан бөлек, ас мәзірінің түр-түрін дайындауды да үйретті. Мамандардың біліктілігі, науқастармен жұмыс жасау деңгейі өте жоғары. Ұлым әскери салада қызмет етеді, қызым студент. Қазір өмірге деген талпынысым жоғары. Орталық мені қайтадан өмірге алып келгендей болды. Сондықтан тұрақты түрде жыл сайын келіп ем алып жүрмін, – дейді қызмет алушы Фатима Боранбаева. Тағдыр сүрлеуінен сүрінсе де, қайтадан аяққа тұрып, нар тәуекелмен ғұмыр кешіп жатқан жандардың арасында жастар да аз емес. Оқыс жағдайдан оңбай жығылып, тәні мен жаны қатар жараланған жастардың арасында өмірге деген құштарлық басым. – 2020 жылы суға шомылып жүріп мойын омыртқамды зақымдап алдым. Осы жағдайдан кейін бір жыл үйден шықпай, ешкіммен тілдеспей, қатты күйзелісте болдым. Мені сол күйден алып шыққан да осы орталық. Үйдегі барлық күйзелісімді тастап, осы жерге келгеніме қуанамын. Басында арбаға өзім отыра алмайтынмын. Орталықтың білікті мамандары маған бірінші болып қолұшын созды, үлкен қолдау білдірді. Емдік шаралардан бөлек, психологиялық көмек те жоғары деңгейде. Алғаш келгенімде «10 күндей жатып көр» деді. Сол санаулы күннің ішінде өзім үшін қатты өзгерісте болдым. Қазір арбаға өзім отырып, арлы-берлі зырлап жүре аламын. Ол кездегі жағдайыммен қазіргімді салыстыруға мүлде келмейді. Бірінші Алланың, екінші осы кісілердің еңбегінің арқасы. Бірінші келгенімде аяқтарымды мүлде сезбейтінмін. Екінші жыл қатарынан келіп отырмын. Араға үш ай салып келіп тұрамын. Қазір осы орталықтан кеткім келмейді. Мұнда бәрі көңілімнен шығады. Шыны керек, осындағы жандардың бәрі тағдырлас. Кейде орталыққа бір-бірімізді іздеп келеміз. Қайда жүрсек те осы орталықтан алыстамаймыз. Қалаға жол түсіп қалса да осы жерге міндетті түрде соғып кетемін, – дейді қызмет алушы Ержан Аймұханов. Орталықта қазір сегіз бағыт бойынша қызмет көрсетілуде. Бірінші және екінші топтық мүгедектігі бар азаматтар, ДЦП, инсульт алғандар мен жол апатынан кейін мүмкіндігі шектеулі болған жандар кәсіппен айналысуға да бейімделуде. – Орталық 2008 жылы жартылай стационар ретінде ашылған болатын. Содан бері қолымыздан келгенше ем алушыларымызға барынша сапалы қызмет көрсетіп келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үнемі қолдау білдіріп, назарынан тыс қалдырмайтыны біз үшін үлкен демеу. Президентіміздің пәрменімен біздің мүмкіндіктеріміздің ауқымы да жылдан-жылға артып келеді. Қазір әлеуметтік медициналық қызмет – біздің басты бағытымыз. Оның мақсаты – науқастарды дәрі- дәрмексіз емдеуге негізделген. Яғни, дәрігерге дейін көмек көрсетіледі. Емдік дене шынықтыру, үш физио, екі емдеу, уқалау кабинеттері бар. Инватакси арқылы тасымалдаймыз. Қызмет алушыларымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Бізде арбаны тастап, жүріп кеткен кісілер де аз емес. Әлеуметтік тұрмыстық қызмет бағытында өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын кісілерді қамтып отырмыз. Мәселен, инсульттан соң оң немесе сол жағы қимыл-қозғалыссыз қалған кісілер өзіне ас дайындап, қозғалыс дағдыларын қалыптастырады. Ал, әлеуметтік психологиялық бағыттың да маңызы жоғары. Себебі мүгедектігі бар кісілер үлкен күйзеліске ұшырап, өмірден түңілген жағдайда бізге келеді. Сол кісілердің өмірге деген құлшынысын ояту мақсатында жеке және топтық сабақтарды ұйымдастырамыз. Әлеуметтік еңбек бағытында қолөнер, тігінмен, ағашпен жұмыс істеу арқылы қосымша табыс көзін табуға бейімделеді. Таразда «Бизнес хаб» деген орталығымыз бар. Бізден оңалып шыққан қызмет алушылар сол жерде жұмыс істеп, зейнетақысынан бөлек қосымша табыс тауып жүр. Бұл бір жағынан қол моторикасын дамытып, мидағы нейрондарды оятады, екінші жағынан өз кәсібін ашады. Таяуда «Шахристанда» 8 мемлекеттен шеберлер келген халықаралық көрме болды. Сол жердегі өңірден қатысқан қолөнершілердің арасында біздің орталықтың ем алушыларының өнімдері көпшіліктің жоғары бағасын алды. Солардың барлығы кезінде өмірден түңіліп, «болды, енді біз өмір сүрмейміз, ештемеге жарамаймыз» деп келіп, небәрі 2-3 жылда өз істерінің шебері атанғандар. Мұның бәрі де кешенді терапияның нәтижесі. Әлеуметтік-мәдени бағытта мерекелік даталарға орай түрлі іс-шаралар да өтеді. Есте сақтау қабілетін дамытып, кітапханамызда білімін шыңдайды, көзі көрмесе, кітаптарды мамандарымыз оқып береді. Әлеуметтік педагогикалық бағытта өзіміздің компьютерлік сыныбымыз бар. Онда қазіргі заманауи бағдарламалар үйретіледі. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында өздеріне қажетті гигиеналық заттардан бастап, әлеуметтік порталдан тапсырыс бере алады. Сондай-ақ, әлеуметтік-құқықтық бағытта заңгер мамандар тарапынан кеңестер беріледі. Мәселен, қызмет алушылардың ішінде көпбалалы аналарымыз да бар. Олардың бірі жер немесе пәтер алғысы келеді, тапсырыстарды қалай беру, жолдары қандай, сол бойынша кеңестер беріліп отырады, – дейді аталмыш орталықтың директоры Қарлығаш Бибазарова. Қарлығаш Жалғасқызы биыл жаңа ғимаратқа көшу жоспарымен де бөлісті. Айтуынша, заманауи нысанда қызмет көрсету ауқымы екі есеге ұлғаймақ. – Биыл 14-ші шағынауданда бізге арнап соғылып жатқан нысан аяқталады. Оның 80 пайызы бітіп қалды. Қазір абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол жерде біздің қызмет көрсету алаңы кеңейеді. Тұзды шахта, суасты емдері, спорт зал, түрлі шеберханалар ашылады. Сонымен қатар, шаш алу, сәндік қызмет көрсету қызметтерін де іске қоссақ деп отырмыз. Сол арқылы шағын және орта бизнеске бейімдесек деген жоспарымыз бар. Қазіргі орнымыз 70 орындық болса, жаңа ғимарат 150 орынға шақталған. 5 блоктан тұрады. Ол жерде жылыжай да болады. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар саны артады. Медициналық құрылғыларға тапсырыс беріліп, алынып қойылған. Ал, көрме залдарында мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне ыңғайлы арбаларды сынамадан өткізуге мүмкіндіктер жасалмақ. Сол арқылы өзіне ыңғайлы заттарға тапсырыс бере алады. Таңдау мүмкіндігі болады. Себебі бізде протез жасайтын мекемелер бар, бірақ оны қалай қолдану керектігін үйрете алмайды. Соның барлығын осы көрме залында үйретсек деген жоспарымыз бар. Жыл аяғына дейін жаңа ғимаратқа кіреміз деген ниеттеміз, – дейді орталық басшысы. Жаңа нысан орталық емделушілерінің де, қызметкерлерінің де көптен күткен қуанышы. Тағдыр тауқыметі сынға салған азаматтарды қайтадан аяққа тұрғызып, өмірге қайта бейімдеп жүрген мамандардың еңбегі ерен. Қазір орталықтағы қызмет алушылар үлкен бір отбасыға айналған. Олардың әрбірі кедергісіз орта қалыптастыруды үнемі күн тәртібінен түсірмей, үміт сыйлаған Мемлекет басшысының саясатына және ел ертеңіне, ұлт болашағына үлкен сеніммен қарайды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар