- Advertisement -

Баланы мектеп жасынан жүзуге баулу қажет

180

- Advertisement -

Жыл сайын суға түсу маусымы басталғаннан қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде дабыл қағылады. Дегенмен, суға түсу ережелерін сақтамай, қауіпке басын тігетіндер саны азаймай тұр. Былтырғы деректерге көз жүгіртсек, республика бойынша 242 адам суға кеткен. Оның 77-сі – жасөспірім. Биылдың өзінде бірнеше адамның суға кету және құтқару деректері тіркеліп үлгерді. Тараз қаласының аумағында 10-нан аса су қоймасы бар екені белгілі, олардың ең ірілері – Талас, Аса өзендеріне суға шомылушылар саны жылда көп болады. Өкініштісі, олардың 90 пайызы балалар.

Жергілікті тұрғындардың суға түсу кезінде сақтық шараларын сақтауы, оқыс жағдайдың алдын алу мақсатында ақпараттандыру жұмыстары облыс, қала көлемінде уақтылы жүргізіліп отырады. Суға түсуге болмайтын жерлерге арнайы белгілер қойылады. Соған қарамастан, тыйым салынған жерлерге суға түсіп, соңы қайғылы аяқталып жатады. Суға түсерде тек рұқсат етілген орындарда, жағажайларда шомылу керек. Судың тереңдігі өте маңызды. Яғни, жағадан алыс қойылған белгіден әрі жүзіп кетпеу қажет.

Кей жағдайларда түнгі уақытта суға тусіп жатқан адамдар бар, бұл да өте қауіпті. Сондықтан, суға түсудің қарапайым ережелері мен қауіпсіздік шараларын сақтауды балаларға ерте жастан үйрету керек. Тіпті, суға кеткен адамды құтқару, алғашқы көмек көрсету шараларын да мектеп оқушыларынан бастап, ересектерге үйрететін арнайы шағын дәрістер жүргізілуі тиіс. Себебі, тосын жағдай орын алған кезде, көп адамның көмек қолын созуға тосылып, не істерін білмей қалатын кездер жиі кездеседі.

Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы шаһар тұрғындарына суға түсу кезінде бірнеше ережені қатаң ұстану керегін айтады. Себебі, ережелерді бұзған адамдарға «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау» әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 422 625 теңге көлемінде айыппұл салынады. Мәселен, жүзу шекарасынан асып кетуге, су айдындарын ластауға, қоқыс тастауға, кір жууға, суға мас күйінде түсуге болмайды.

Биылдың өзінде Тараз қаласының айналасында тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін 52 адам айыппұл арқалаған. Ашық су қоймаларының қауіпті екенін ескермей, балалар ересектерсіз суға түсетін жағдайлар да орын алуда. Сондықтан, ересектер балаларды өз бетінше суға түсуге жібермеуі тиіс. Әсіресе, ауылдық жерлерде балалардың суға батып кетуі жиі тіркеледі. Белгісіз жерден суға секіріп, сүңгіп, басын соғып алып, омыртқасын жаралап алған жағдайлар да болып жатады.

Судағы оқыс оқиғалардың басым көпшілігі де адамдардың өз мүмкіндігін асыра бағалағанынан және балаларды қараусыз қалдырудың салдарынан орын алады.

Жаз айы басталып, ыстыққа шыдамай, өзен-көл жағалап кететін халықтың суға түсу талаптарын сақтауы үшін ақпараттандыру жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс. Суға түсу кезінде нені ескеру керек, қандай ережелері бар, су жұтып қойса, аяғы тартылып қалса қалай әрекет ету керек, батып бара жатқан адамға қандай көмек беруге болады, алғашқы көмекті қайтіп жасаған дұрыс деген сұрақтардың жауабын әрбір адам білгені жөн.

 

Сая ЕСБЕРГЕН,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының

3-курс студенті.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support