Бірлік пен тірліктің бесігі

Бірлік пен тірліктің бесігі
ашық дереккөз
Бірлік пен тірліктің бесігі
Халықаралық қоғамдастықта жік-жікке бөлінушілік күшейіп, барлық ел сыртқы саясатына қатты мән бере бастаған кезеңде Қазақстан негізгі жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін «Астана» халықаралық форумын өткізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен өткен бұл форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалог алаңына айналғаны анық. «Астана» халықаралық форумы – бұл диалог алаңы, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. – Оның негізгі миссиясы – бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау, екінші, алдымызда тұрған негізгі сын- қатерлер мен дағдарысты айқындау, үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру және төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру. Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе, бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде сын- қатерлерге төтеп беру өте маңызды. «Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен негізі қаланған әлемдік тәртіптің іргетасының бұзылу үдерісіне куә болдық. БҰҰ бүкіл адамзатты біріктіретін бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым болып қала береді. Осы ретте Қауіпсіздік Кеңесінің жан-жақты реформаларынсыз бұл сын-қатерлерді шешу ісінде табысқа қол жеткізе алмаймыз», – деді Мемлекет басшысы. Шынында, қазіргі әлем үлкен өзгерісті бастан өткеріп отыр. Кешегі әлемді жайлаған жұқпалы кесел, қарулы қақтығыстар, саяси тұрақсыздық сынды құбылыстар «жеті өлшеп, бір кесуді» алға тартады. «COVID-19»-дан бастап, қарулы қақтығыстарға дейінгі «жаңа дағдарыстар» біздің нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ, бұл тұрақсыздықтың себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар, біз 30 жылдан кейін бұрынғы «блоктарға» бөлінушілік ой-санасына қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз. Жікке бөлінушілік күші тек геосаяси мәселемен шектеліп қалмайды, оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама- қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ, инвестицияны бақылауды қамтиды. Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар, форумда Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстан экспорты 40 пайызға артқанын, әйтсе де жалпы ішкі өнімнің едәуір бөлігі бұрынғыша энергетикалық секторға тиесілі екендігін тілге тиек етті. Экономиканы әртараптандыруда ұмтылыс бар. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау сияқты бірқатар салада өсім бар. Осы орайда Президент экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өтіп, іскерлік және экономикалық серіктестік үшін жаңа мүмкіндік іздегендердің бәрін елге шақыратынын жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы форумға қатысушылар назарын қазір бетпе- бет келіп отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруіне аударды. Президенттің сөзінше, Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болады. Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5 0С-қа көтерілуін сәтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 0С-қа дейін көтерілгенін байқайды. Бұл біз өмір сүретін ортаның трансформациясына, нақтырақ айтқанда шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан, барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек. Су ресурстарының жетіспеушілігі шын мәнінде алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады. Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен – Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ. Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысының көтерген мәселелерімен толықтай келісемін. Еліміздің аграрлық мемлекет екендігін ескеретін болсақ, су ресурстарының жетіспеушілігі алдағы уақытта экономикалық тұрғыдан елімізде кризистік жағдай туындататынын ғалымдар дабыл қағып айтып жүр. Бұл мәселелерді Қ.Тоқаев бұған дейінгі алқалы жиындарда да айтып, су қоймаларының санын көбейту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осының негізінде суармалы суға деген тәуелділікті жою үшін Жамбыл облысында 3 жаңа су қойма салу жоспарланған. Атап айтқанда, 40,9 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасын салу көзделуде. Өйткені, облыс шаруаларының 80 пайызы суды Қырғыз елінен алады. Сондықтан, Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінде «Ырғайты» және Қалғұтты өзенінде «Қалғұтты» су қоймасын, Байзақ ауданындағы Талас өзенінде «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл су қоймаларының құрылысы аяқталғанда пайдаланудағы 34,5 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету деңгейі артады. Сонымен қатар, биыл Меркі ауданында Андас-1, Андас-2 және Андас-3 тоғандарының құрылысы басталатын болады. Мемлекет басшысы елімізге инвестиция тартудың маңыздылығын да атап өтті. Бұл мақсатта сәуір айында Жамбыл облысында «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форум өткізілгені бәріңізге белгілі. Бұл форум қорытындысы бойынша көптеген шетелдік ірі компаниялар облысымызға инвестициялар құйып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Астана халықаралық форумы аясында «Самұрық-Қазына» қор басшылығы, ҚР Энергетика министрлігі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов және China Power International Holding компаниясының басшылары кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша қытайлық компания өңірімізде қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сол сияқты Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Орталық коммуникациялар қызметін де өткен баспасөз мәслихатында айтылғандай, басқа да бірқатар ауқымды инвестициялық жобалар өңірімізде кезең-кезеңімен іске асырылады. Бұл өз кезегінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтандырып, халықтың әл-ауқатын арттыра түседі деп ойлаймын. Яғни, Астана халықаралық форумы – берекелі бірлік пен тату тірліктің бастауы, бесігі болып отырғаны анық. Бұл форум белсенді мемлекеттердің өз мүмкіндіктерін іске асыруына жол ашады.  

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар