- Advertisement -

Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы

322

- Advertisement -

Бастауын Қаратау жотасының Оңтүстік-Шығыс баурайынан алып, оңтүстік-шығысқа қарай бұрала ағатын өзен ежелден «Теріс» өзені деп аталады. Ертеректе оның суы мол, ағыны қатты болған. Жағасын ну тоғай басып жатқан. Көктем шыға Теріс суы арнасынан асып, қос жағалауын су алып жататын. Осы кезде атты кісіні ағызып әкететіндей судың тасқыны мықты-ақ болған екен. Сол кезде оның су қорының молдығын кәдеге жаратуды ел ағалары ежелден армандаған.

Соны жүзеге асырудың сәті 1939 жылы түсіпті. Жамбыл ауданындағы егістік алқаптарды ылғалдандыру үшін Жуалы ауданының аумағында бөген салу ісі қолға алынады. Ол кезде қуатты техника жоқ. Су қоймасының іргетасы қалана бастағанда тұста Ұлы Отан соғысы басталып, алып құрылыс тоқтап қалды.

Су қоймасының құрылыс жұмыстары тек 1948 жылы ғана қайта қолға алынды. Бірақ құрылысы баяу жүрді. Өзен жағалауындағы тау жыныстары динамитпен қопарылып, су жинайтын қазан шұңқыр дайындалады. Нысанның жұмысы 1961 жылы қайта жанданады. Ұзындығы 1920 метр жерге топырақ үйіліп, екі беткейі бетондалады. Бөгеттің биіктігі – 30, тереңдігі 21 метр. Алып су қоймасы жобалық қуаты бойынша 158 миллион текше метр су сақтай алады. Оны салған кезде Шақпақтың күшті дауылының әсерінен пайда болатын толқынның биіктігі ескерілмеген. Соның салдарынан қоймада бірнеше рет қауіпті жағдай орын алған. Содан кейін мұнда жобалық қуатта су жинауға тыйым салынған. Ол арқылы Жамбыл ауданының аумағындағы 20 мың гектардан астам егіс алқабы ылғалдандырылады.

Бөгетте қауіпсіздік шаралары да қатаң ескерілген. Оның солтүстік бөлігіндегі «алты ауыз» деп аталатын апаттық өткізгіш құрылғысы айдында су мөлшері шұғыл көбейген кезде бір мезгілде секундына 600 текше метр суды арнайы канал арқылы сыртқа жібере алады. Оның ұзындығы – 350, ені 10, ал, тереңдігі 6 метр.

Су қоймасының құрылысы 1962 жылы аяқталды. Жаңа нысанға сол маңдағы жер Ащыбұлақ атауы телініп Теріс- Ащыбұлақ деп аталды. Су қоймасы суға толтырылғаннан кейін өзен жағасындағы ну тоғай жойылып кетті. Бөгеннің салынуымен ауа райында да аздаған өзгерістер пайда болды. Бүгінде онда 158 миллион текше метр су жиналады. Оның суымен Жамбыл ауданының жүздеген гектар егіс алқаптары ылғалдандырады.

Теріс — Ащыбұлақта 2004-2005 жылдары құрғақ беткейіне 500 миллион теңгеге нығайту жүргізіліп, жұмыр тастар қаланып, құм төселді. Қауіпсіздік шаралары мұнымен шектелген жоқ. 2010-2012 жылдары су сақталатын беткейге күрделі жөндеу жүргізіліп, сызаттар, жарықтар және ақаулар бетондалды. Бөгеттің жотасы 3 метрге дейін биіктетілді. Ескі сораптардың орнына жаңалары орнатылды. Гидропост та жаңартылды. Осы мақсатқа 860 миллион теңге жұмсалды.

 

Дамир ҚАНАТОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support