«Ұлан-Арена» футбол алаңы ашылды

«Ұлан-Арена» футбол алаңы ашылды
ашық дереккөз
«Ұлан-Арена» футбол алаңы ашылды
Кәсіби мансабында «Тараз», «Астана», «Шахтер», «Қайрат», «Ақтөбе», «Оқжетпес» командаларында нәтижелі өнер көрсетіп, жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналған Ұлан Қонысбаев жасыл алаңда талай рет атой салғаны ел есінде. Бүгінгі таңда «Спарта» командасымен бірге Қазақстан медиалигасында өнер көрсететін ол Қытай мен Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде аяғын сындырып, ауыр жарақат алады. Осы себепті, футболды тастауға мәжбүр болған Ұлан қазіргі таңда өз ізбасарларын даярлауға бел шеше кірісіп кетті. Дәлірек айтқанда, облыс орталығындағы «Қаратау» ықшамауданындағы №29 және 30 үйдің ауласында «Ұлан-Арена» футбол алаңын ашты. Шараның ашылу салтанатында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов балаларға ерекше тарту жасаған футболшыға, әкесі Әбиірбек ағамызға шынайы алғысын айтты. Сонымен қатар ықшамаудан тұрғындары да балалардың бос уақытын тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік жасаған футболшыға ризашылықтарын білдірді. – Ауламыздан футбол алаңының ашылғанына шексіз қуаныштымыз. Жазғы демалыс кезінде балаларымыздың бос уақыты көп болады. Кейде бұрыш-бұрышта ұялы телефонға телміріп отырған жастарға қарап, қарным ашатын. Сондай кездерде ауламыздан заман талабына сай футбол алаңшасы немесе балалардың уақыт өткізуіне арналған қандай да бір ыңғайлы дүние жасалса деп ойлайтын едім. Бүгін көптен күткен тілегіміз орындалды. Енді жастарымыз футбол ойнап, уақыттарын тиімді өткізіп, болашақта Ұлан ағалары секілді атақты футболшы болады деп ойлаймын, – дейді «Қаратау» ықшамауданының тұрғыны Рысбибі Болатқызы. Сондай-ақ, шара барысында Ұлан Қонысбаевтың «Футбол және Мен» кітабының тұсаукесері өтті. Туындыда Ұлан Қонысбаевтың өмір жолы шұрайлы тілмен көркем баяндалған.  

Ұқсас жаңалықтар