- Advertisement -

Тоғызқұмалақ тақтайшасын кім жасаған?

92

- Advertisement -

Өзгелерге ұлтымыздың ұлылығын танытудың төте жолы – ұлттық спортты ұлықтау. Қазақ халқының ұлттық спортының бір түрі – тоғызқұмалақтың ойнау ережесі еріксіз таңғалдырады. Себебі, ол нағыз есепке құрылған ойын. Тоғызқұмалақшы ойын тақтайшасының әрбір шұңқырында жатқан тастың қанша екенін және оларды біріне бірін қосқанда жұп сан шыға ма, әлде тақ сан шыға ма, дегенді ойша есептеп отыруы тиіс. Ал, есептен жаңылсаң жеңісті қолдан бересің. Ойын ережесінің күрделілігі соншалықты, бір ойынды аяқтауға бес-алты сағаттың өзі аздық етеді. Сондықтан, әрбір жүрісіңді асықпай отырып ойланып, жеті рет өлшеп, бір рет кесуіңе тура келеді.

Кеңестік империя құрамында болған жылдары қазақтың тілі, діні мен діліне қоса, ұлттық спортының да басына бұлт үйірілген болатын. Отаршылдықтың озбырлығын тоғызқұмалақ та басынан өткерген. Әкімшіл-әміршіл жүйе ұлттық спортымыздың дамуы ұлттық рухымызды көтереді деген себеппен оның кең қанат жаюына кедергі жасады. Осылайша, ұлттық құндылығымыз құрдымға кетіп бара жатқан тұста ұрпағының болашағын ойлаған Мұхтар Әуезов, Қалыбек Қуанышбаев, Каукен Кенжетаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері тоғызқұмалақтың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, 1960 жылы Орталыққа хат жолдайды. Онда тоғызқұмалақты халық арасында жүйелі түрде насихаттау қажеттігі айтылған. Ұлтжанды азаматтардың арқасында 1974 жылы әупіріммен елімізде тоғызқұмалақ федерациясы құрылды. Содан кейін ғана тоғызқұмалақ ресми түрде «спорт» деген мәртебеге ие болды.

Кеңес заманындағы ұлттық спортымыздың қысқаша тарихы осындай. Ал, кеңестік жүйе артта қалып, тәуелсіздік таңы атып, барымызды бағалап, жоғымызды түгендедік деген тұста тоғызқұмалақ та дамудың жаңа сатысына көтерілді. Алайда, осы тоғызқұмалақ ойынын дамытуға, жетілдіруге, бұқаралық сипатқа ие болуына жамбылдықтардың қосқан үлесі жайлы екінің бірі біле бермейді.

Мәселен, 1948 жылы тоғызқұмалақтан тұңғыш рет өткен ел біріншілігінің жеңімпазы Шорман Өтегенов – біздің жерлесіміз. Сонымен қатар, әулиеаталық Әбілда Ақшораев деген азаматтың да тоғызқұмалақтың дамуына сүбелі үлес қосқанын айтпай кетуге болмайды. Себебі, бұл кісінің авторлығымен 1979 жылы 11500 данамен қазақ тілінде шыққан «Тоғызқұмалақ» кітабында басқалар қозғай қоймаған мәселелер қамтылған. Онда ойын бастамалары, ойын ортасы, ойын соңының ерекшеліктері, жүріс дәлдігі, қысқасы, тоғызқұмалақ теориясы тұңғыш рет сөз болады.

Бұдан бөлек, аталған кітапта тоғызқұмалақ композициясы, оның этюд жанры туралы мәліметтері нақты мысалдармен беріледі. Осылайша, жаңатастық жігіт ағасы ұлттық ойынымыздың мол мүмкіндіктерін Кеңес одағына жария етті.

Ал, тоғызқұмалақтың бүгінгі қолданыста жүрген тақтайшасын кім ойлап тапқанын білесіз бе? Ол да біздің жерлесіміз, жаңатастық Серікбай Тілеубаев. Мамандығы физик-математик Серікбай ағамыз тоғызқұмалақтың үлкен жанашыры болған. Ұлттық ойынымызды ұлықтауға көзі тірісінде көп еңбек сіңірген азаматтардың бірі. Қазіргі қолданыстағы пластмассадан жасалған көк тақтайша сол кісінің жасаған еңбегі.

Сонымен қатар, тоғызқұмалақ тақтайшасының әрбір ұяшығында әріптерді санға алмастырып ойын ережесіне елеулі өзгеріс енгізіп, жеңілдеткен де Серікбай ағамыз. Серікбай Тілеубаев тәрбиелеген шәкірттердің бірі – Мұсрәт Елібәкиев. Ол ұстазына көк тақтайшаны шығаруға көмектескен жан. «Бір күні Серікбай аға маған тоғызқұмалақ тақтайшасының жетілдірілген нұсқасының сызбасын ұсынды.

«Мына сызбаның сөмкемде жүргеніне бір жылдай болды. Өзімде ондай қаражат жоқ. Біраз адамның есігін қағып едім, онымнан еш нәтиже шықпады. Сондықтан, саған тапсырамын. Осыны жарыққа шығаруымыз керек», – деген ол тағы бір естелігінде: «Ол кезде тоғызқұмалақтан өтетін жарыстарға әркім өз тақтайшасын әкелетін. Әркімдікі әртүрлі болатын. Кейде соның өзі жетіспей жататын. Серікбай аға жасаған тақтайшаның нұсқасын жасауға мен де қаражат таппай, бір жылдай жүріп қалдым. Талай демеушінің табалдырығын мен де тоздырдым. Әйтеуір, амалын тауып 2008 жылы Қытайдан мың данасын жасатып әкелдім. Сөйтіп, Серікбай ағаның сызбасы бойынша жасалған тақтайша ыңғайлы болғандықтан, көпшілікке кеңінен тарап кетті», дейді ол.

Қорыта айтқанда, Серікбай Тілеубаевтың еңбегі ескеруге әбден лайықты. «Ұлтқа, елге қызмет еткен кімдер бар?» дегенде, көпшілік біле бермейтін есім болғандықтан, еске салайық, ойға алайық деген ниетпен сөз қозғаған жайымыз бар. Бүгінде бұл ағамыздың өмірден өткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Ендігі кезекте, облыстық деңгейде тоғызқұмалақтан Тілеубаев атындағы турнир ұйымдастырылса құба-құп болар еді…

 

Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support